- Негізгі бет
- Әлемтану
- Армияға ең көп...
Армияға ең көп қаражат жұмсайтын елдер
2021 жылы әлемнің әскери шығыны 2 триллион 113 миллиард доллардан асты. 2020 жылы бұл көрсеткіш 1,981 триллион долларды құраған. 1 жыл ішінде әскери шығын 132 миллиард долларға өскен. 2018 жылы әлем елдері армияға 1 триллион 822 миллиард доллар жұмсаған болатын.
Әлем екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де адамзатты ажалына себеп болған соғыстарды көрді. ХХ ғасырдың екінші жартысында АҚШ-Вьетнам соғысы, Кеңес Одағының Ауғанстанға басып кіруі, Ирак-Иран соғысы және 1990 жылы Ирактың Кувейтке басып кіруі сияқты ірі оқиғалар орын алды.
1992 жылы бұрынғы Югославия ыдырағаннан кейін Балқан түбегінде 10 жылға жуық соғыс жүрді. Біріккен Ұлттар Ұйымы бітімгершілік күштерін орналастырып, бұрынғы Югославия республикаларындағы қақтығысты реттегеннен кейін әлем біршама тынышталып, ауыр қарулы қақтығысты тоқтатты. Бірақ бұл жолы да тыныштық ұзаққа бармады.
2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-та бірнеше ұшақты басып алған содырлар, әртүрлі ғимараттарды соғып адамдардың ажалына себеп болды. Бұл АҚШ-тың коалиция құрып, 2001 жылы Ауғанстанға, 2003 жылы Иракқа басып кіруіне әкелді. Дәл сол кезде адамзат заман дамып, уақыттың қаншалықты ілгерілеуіне қарамастан, біреудің пайдасына соғыстар болатынын түсінді.
Америка Құрама Штаттары Ауғанстан мен Ирактан әскерін шығарған кезде, шағын қақтығыстарды айтпағанда, әлемде тыныштық біраз уақытқа тұрақты болып көрінді. Бірақ 2022 жылдың 24 ақпанында таңғы сағат 04:00-де бұның уақытша екенін тағы рет білді.
Соғыстар жалғасып жатқанда, әлемнің әртүрлі мемлекеттері өздерінің қауіпсіздігі мен егемендігін сақтауға және әскери қорғаныс қабілетін сақтау және дамыту үшін үлкен қаражат жұмсауға мәжбүр.
Әлемде толық бейбітшілік орнамайынша, әскери шығын арта береді. Соның салдарынан апаттар, құрбандар мен босқындар саны да артып келеді.
Атап айтқанда, Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) мәліметінше, 2021 жылы әлемдік әскери шығындардың жалпы көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, тарихта алғаш рет 2 триллион доллардан асты.
Әскери шығынға ең көп ақша жұмсайтын 10 ел:
© anna-news.info
10. Оңтүстік Корея
Жалпы әскери шығын: $50,2 млрд
(2020 жылы 45,7 млрд доллар. Өсім 4,5 млрд доллар)
Оңтүстік Корея кейінгі жылдары әскери шығындарын ұдайы арттырып келеді. Бұл оның Солтүстік Кореяға жақындығымен және Қытайдың көршілерімен Сары теңіздегі бірнеше аралға меншік құқығына қатысты дауымен байланысты.
Оңтүстік Корея – әлемдегі әскери қызмет міндетті болып табылатын санаулы елдердің бірі.
2021 жылы Оңтүстік Корея ішкі жалпы өнімнің 2,8 пайызын әскери шығынға жұмсады. 2012-2021 жылдар аралығында елдің әскери шығындары 43 пайызға өсті.
© Andy Rain / EPA
9. Жапония
Жалпы әскери шығын: $54,1 млрд
(2020 жылы 46,1 млрд доллар. Өсім – 8 млрд доллар)
Екінші дүниежүзілік соғыста Жапония жеңіліске ұшыраған кезде одақтастар (АҚШ, КСРО, Ұлыбритания, Франция) елде армия құруға тыйым салды. Олар тіпті елдің конституциясына Жапонияның ешқашан әскер ұстамайтыны туралы жеке бап қосады.
Осыдан кейін көп жылдар бойы Жапонияның өз армиясы болмады және елді АҚШ әскері күзетті. Елде әлі де АҚШ-тың ондаған әскери базалары бар. Содан кейін Жапонияға қорғаныс үшін армия құруға рұқсат берілді.
Кейінгі 20 жыл ішінде Солтүстік Кореяның ядролық қаруға қатысты зерттеулері Жапония үкіметін алаңдатты. Соның нәтижесінде ел әскери шығындарын ұдайы ұлғайтып келеді және кейінгі жылдардағы жалпы әскери шығындар бойынша алғашқы ондыққа кірді.
2012-2021 жылдар аралығында Жапонияның әскери шығыны 18 пайызға өсті. 2021 жылы ел ішкі жалпы өнімнің 1,1 пайызын әскери шығынға жұмсады.
© anna-news.info
8. Сауд Арабиясы
Жалпы әскери шығын: $55,6 млрд
(2020 жылы 57,5 млрд доллар. 1,9 млрд долларға азайды)
Сауд Арабиясы орналасқан аймақ кейінгі 20 жыл ішінде Жер бетіндегі соғыс қызған аймақ болды. Көршілес Йемендегі хуситтер де Сауд Арабиясына қауіп төндіріп келеді. Сондықтан да кейінгі жылдары ел әскери шығындарына көп қаржы бөледі.
Сауд Арабиясы 2020 жылы әскери шығындарға 57,5 миллиард доллар жұмсап, жалпы есепте төртінші орында. 2021 жылы шығын 1,9 миллиард долларға дейін қысқарып, жалпы тізімде 8-ші орынға түсті.
2021 жылы Сауд Арабиясы ішкі жалпы өнімнің 6,6 пайызын әскери шығындарға жұмсады. 2012-2021 жылдар аралығында ел әскери шығындарын 15 пайызға қысқартты.
© militaryarms
7. Германия
Жалпы әскери шығын: 56 миллиард доллар
(2020 жылы әскери шығын 52,8 миллиард долларды құрады. Бір жылда 3,2 млрд долларға өсті)
Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшырағаннан кейін одақтастар Германияны екіге бөліп, оның ешбір бөлігіне Жапония сияқты көп жылдар бойы өз әскерін құруға мүмкіндік бермеді. АҚШ әскери базалары елдің батысында құрылған Германия Федеративтік Республикасында орналасты. Елдің шығыс бөлігіндегі Германия Демократиялық Республикасында Кеңес әскери базалары құрылды.
1989 жылы екі Германия біріккеннен кейін елдің батысындағы АҚШ әскери базалары сақталды. Шығыстағы Кеңес әскери базалары жабылды. Ел біріккеннен кейін Германия әскери шығындарға қомақты қаржы бөле бастады.
2021 жылы Германия ішкі жалпы өнімнің 1,3 пайызын әскери шығындарға жұмсады. 2012-2021 жылдар аралығында ел әскери шығындарын 24 пайызға арттырды.
© belvpo.com
6. Франция
Жалпы әскери шығын: $56,6 млрд
(2020 жылы $52,7 млрд. өсім $3,9 млрд)
Франция басқа ірі елдермен бірге кейінгі жылдары жалпы әскери шығындарға көбірек ақша бөліп жатыр.
Ел 2021 жылы әскери шығындарға ішкі жалпы өнімнің 1,9 пайызын жұмсады. 2012-2021 жылдар аралығында Франция әскери шығынын 13 пайызға арттырды.
© ria.ru
5. Ресей
Жалпы әскери шығын: $65,9 млрд
(2020 жылы 61,7 млрд доллар. Өсім 4,2 млрд доллар)
Ресей 2020 жылы жалпы есепте 4-ші орында болды. 2021 жылы әскери шығындар 4,2 миллиард долларға өскенімен, ол Ұлыбританияға жол беріп, бір сатыға төмендеді.
2021 жылы Ресей ішкі жалпы өнімнің 4,1 пайызын әскери шығындарға жұмсады. 2012-2021 жылдар аралығында ел әскери шығындарын 11 пайызға арттырды.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Ресейдің кейінгі онжылдықта әскери шығындарын айтарлықтай ұлғайтуына 2014 жылы Украинаның шығысындағы қақтығыс себеп болған.
Биыл Ресейдің әскери шығындары биыл күрт өседі деп болжанған.
© anna-news.info
4. Ұлыбритания
Жалпы әскери шығын: $68,4 млрд
(2020 жылы $59,2 млрд. өсім $9,2 млрд)
Ұлыбритания да кейінгі жылдары әскери шығындарға көбірек ақша бөліп жатыр. Атап айтқанда, 1998-2019 жылдар аралығында мемлекет әскери шығынын 76 пайызға арттырды.
2021 жылы Ұлыбритания өзінің әскери шығындарына жалпы ішкі өнімнің 2,2% жұмсады. Сондықтан ол жалпы тізімде 6-орыннан 4-орынға көтерілді. 2012-2021 жылдар аралығында ел әскери шығындарын 3,7 пайызға арттырды.
© sm.news
3. Үндістан
Жалпы әскери шығын: 76,6 млрд доллар
(2020 жылы 72,9 млрд доллар. Өсім 3,7 млрд доллар)
Үндістан Пәкістанмен және Қытаймен арадағы жер дауына байланысты қақтығысып келеді. Сондықтан да үндістер ұзақ жылдар бойы әскери шығындарын ұдайы арттырып жатыр.
Кейінгі жылдары Үндістан әскери шығын рейтингінде 3-орынға көтерілді. 2018 жылы елдің әскери шығыны 66,5 миллиард долларды құрады. 2020 жылы бұл көрсеткіш 72,9 миллиард долларға дейін өскен.
2021 жылы Үндістан жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызын әскери шығындарға жұмсады. 2012-2021 жылдар аралығында ел әскери шығындарын 33 пайызға арттырды.
© bitnovosti.com
2. Қытай
Жалпы әскери шығын: 293 миллиард доллар
(2020 жылы 252 млрд доллар. Өсім 41 млрд доллар)
1991 жылы КСРО ыдырағаннан кейін Қытай әскери шығындары бойынша әлемде 2-орынға көтерілді. 2006-2008 жылдары Қытай әскери шығындарға жылына шамамен 50-80 миллиард доллар жұмсады. Ол кезде Қытайдың әскери шығындары АҚШ-тың әскери шығынының 10 пайызын ғана құраған болатын.
Содан бері Қытай әскери шығындарын тұрақты түрде арттырып келеді. Кейінгі жылдары елдің әскери шығыны 250 миллиард доллардан асты. Ал 2021 жылы ол шамамен 300 миллиард долларды құрады.
2021 жылы Қытай ішкі жалпы өнімнің 1,7 пайызын әскери шығынға жұмсады. 2012-2021 жылдар аралығында ел әскери шығынын 72 пайызға арттырды.
© regnum
1. АҚШ
Жалпы әскери шығын: $801 млрд
(2020 жылы 778 млрд доллар. Өсім 23 млрд доллар)
Америка Құрама Штаттары ұзақ уақыт бойы әскери шығын бойынша әлемде көшбастап келеді. Сірә, алдағы жылдары ешбір ел басып оза алмас.
2021 жылы АҚШ әлемдегі әскери шығындардың 38 пайызын құрады. Кейінгі 20 жылда ел әскери шығынға жыл сайын шамамен 700-750 миллиард доллар жұмсады.
АҚШ-тың әскери шығындарының жоғары деңгейі, ең алдымен, бұл елдің тұрақты экономикасы болуымен және НАТО әскери блогының негізгі қаржылық жеткізушісі болуымен байланысты. Сондай-ақ АҚШ-тың 40-қа жуық елде 1000-ға жуық әскери базасы бар.
2021 жылы АҚШ ішкі жалпы өнімнің 3,5 пайызын әскери шығыға жұмсады.
ratel.kz
P.S. Қазақстан армиясы 2020 жылы әскери шығынға 681,8 млрд.теңге (1,5 млрд доллар) жұмсаған. Ал 2022 жылы бұл сомаға тағы 1 миллиард доллар қосылу мүмкіндігі хабарланған.
Қазақстан армиясы жаңартылған Global Firepower Index – 2021 рейтингінде әлемде 64-орында, ТМД елдері арасында Ресей (2-орын) мен Украина 22-орын), Өзбекстан (55-орын) және Әзербайжаннан (63-орын) кейін 5-орында.
Рейтинг бойынша көрші елдері арасында Ресей 2, Қытай 3, Өзбекстан 55, Түркіменстан 83, Қырғызстан 90, Моңғолия 102 орында.
Т. Раушанұлы