Әлемде қаншама жұмбақ оқиғаға толы тылсым мекендер бар. Олардың ерекшелігін кейде ғылым да түсіндіріп бере алмайды. Мұндай жерлерді ғалымдар бірнеше жыл зерттеп бір қорытындыға келе алмаған. Массагет порталы әлемдегі құпияға толы тылсым мекендер тізімін ұсынады.
Ғылым түсіндіре алмайтын таңғажайып жерлер мен құбылыстар
Плайя – тастар көші
АҚШ-тың Калифорния штатында Рейстрэк-Плайя атты өзен бар. Өзен толығымен шөлге айналған. Онда тіпті өсімдік атаулы да жоқ. Бірақ ең қызығы – сол шыңыраулы тереңде 30 келі тастар өздігінен қозғалады.
Тастардың қозғалуына байланысты көптеген аңыз-әңгімелер бар. Оның көбі белгісіз бір құбылысқа байланысты немесе мистикалық сарындағы әңгімелер. Ал ХХ ғасырдың басында ғалымдар мұның себебін магниттік тартылыстар деп түсіндірді. Десек те, бұл теория ештемені де түсіндіріп бере алмады. Дәл осы құбылысқа байланысты нақтылы зерттеулер 1940-50 жылдары шықты.
Зерттеушілер Ричард пен Джеймс Норрис кейін бұл құбылыстың құпиясын ашуға тырысты. Олардың айтуынша, тау жыныстары мұз дәуірінде пайда болған жер асты мұзының әсерінен жылжиды. Көптеген болжаулар айтылса да табиғаттың тылсым сыры құпиясын жария етпеді.
Мадиди ұлттық паркі
Боливияда Амазонка өзенінде өркениетті адамның аяғы тимеген орман бар. Бүкіл әлемдегі ботаниктер мен зоологтар планетаның ең үлкен қорығы – Мадиди паркінде жануарлар мен өсімдіктердің барлық түрлерін зерттегісі келеді. Бірақ бұл ғажайып жерге бару мүмкін емес. Себебі, ормандағы жануарлардан бастап өсімдіктерге дейін бәрі улы. Оларға қол тигізген адам не мүгедек болады, не өмірімен қоштасады.
Бұл жерді нағыз жұмақ деп білетін жергілікті тұрғындар осындай жағдайда өмір сүруге бейімделген. Олар ғасырлар бойы орманда тұрып ағзасында көптеген токсиндерге қарсы иммунитетті қалыптастырған. National Geographic журналының мүшесі Джоэль Сарторе мұнда тұруға үш апта ғана шыдаған. Содан кейін дәрігерлер оған қарапайым микроорганизмдер тудыратын лейшманиоз және қара тропикалық безгек диагнозын қойды.
Данакиль ойпаты
Эфиопияда Данакиль ойпаты дейтін орын бар. Ол бірнеше белсенді вулкандардан тұрады. Бұл жерді "Тозақ қақпасы" деп те атайды. Ойпат ештеңеге ұқсамайтын әлемдер арасындағы портал сияқты.
Бұл аймақта 3,2 миллион жылдық австралопитектердің (ежелгі адам тәрізді маймыл) қалдықтары да табылды. Ғалымдар ойпаттан бірнеше ерекше экожүйені тапты. Мысалы, кейбір микроорганизмдер қайнаған қышқылды сұйықтықта да өмір сүре береді.
Ібілістің шәйнегі
АҚШ-тың Миннесота штатында "Ібілістің шәйнегі" (Devil's Kettle) деп аталатын өте қызықты сарқырама бар. Ешкім, тіпті ғалымдар таудан түсетін су қайда кетіп жатқанын білмейді. Ол жай ғана тостаған тәрізді ыдысқа құйылады және ізсіз жоғалады. Туристер бұл сарқырамаға әр түрлі заттарды лақтырып, қайтіп оларды таба алмаған. Осы күнге дейін суға түсуге ешкімнің батылы бармайды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бір күні жасөспірімдер ібіліс шәйнегіне көлікті де құлатып жіберген екен. Ал, су оны жұтып, ізін де қалдырмаған.