Халықаралық зерттеушілер әлемнің 60 қаласындағы қылмыс пен қауіпсіздік деңгейін талдап, нәтижелері бойынша әлемдегі ең қауіпсіз қалалардың рейтингін түзді.
Сарапшылар қалаларды цифрлық деректер, денсаулық, инфрақұрылым, экологиялық қауіпсіздік және жеке қауіпсіздік критерийлері бойынша бағалады. The Economist Intelligence Unit сарапшылары Дания астанасы Копенгагенді әлемдегі ең қауіпсіз қала деп атады. Копенгаген 100-ден 82,4 ұпай жинады.
Дания астанасы негізінен экологиялық қауіпсіздіктің арқасында 2019 жылғы рейтингте 8-орыннан 1-орынға көтерілді. Қала бұл критерий бойынша жеке қауіпсіздік деңгейімен қатар жоғары нәтиже көрсетті.
"Копенгагенді ең қауіпсіз қалаға айналдыратын негізгі факторлардың бірі – қылмыс деңгейінің төмендігі. Кейінгі 10 жылда қаладағы қылмыс ең төмен деңгейге түскен", - делінген хабарламада.
Үздік үштікке Торонто (82,2 ұпай) мен Сингапур (80,7 ұпай) енді. Қауіпсіз қалалардың ондығына Сидней (80,1 балл), Токио (80 балл), Амстердам (79,3 балл), Веллингтон (79 балл), Гонконг пен Мельбурн (78,6 балл) және Стокгольм (78 балл) кірді.
Санды деректер қауіпсіздігі бойынша Сидней, денсаулық сақтау бойынша Токио, инфрақұрылымдық қауіпсіздік бойынша Гонконг, жеке қауіпсіздік бойынша Копенгаген және экологиялық қауіпсіздік бойынша Веллингтон, жаңа критерийлер бойынша ең жоғары балл алды.