- Негізгі бет
- Әлемтану
- Әлемдегі ең бақытты...
Әлемдегі ең бақытты елдер-2021: Қазақстан нешінші орында?
Биыл жарияланған World Happiness Report есебінде Финляндия "Әлемдегі ең бақытты ел" рейтингінде төртінші рет көш бастады.
Дүниежүзілік бақыт туралы есепты жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты Даму Шешімдер Бөлімі жасайды. Ол әлемнің 149 елін бағалайды және өмір сүру ұзақтығы, әлеуметтік қолдау, сыбайлас жемқорлық және тағы басқа көрсеткіштерді ескереді. Бақытты ел есебі алғаш рет 2012 жылы жарияланды.
Массагет порталы әлемдегі ең бақытты елдерге шолу жасайды.
Бақыттты елдер рейитнгі ТОП 10:
1. Финландия;
2. Дания;
3. Швейцария;
4. Исландия;
5. Нидерланды;
6. Норвегия;
7. Швеция;
8. Люксембург;
9. Новая Зеландия;
10. Австрия.
АҚШ - 14, Ұлыбритания - 18, Франция – 20-орынға жайғасты.
Неге Финландия ең бақытты ел саналады?
Биыл пандемияның өршіп тұрғанына қарамастан фин елі тағы да көш бастады. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, 5.5 миллион халқы бар ел Еуропаның көптеген мемлекетіне қарағанда пандемиямен жақсы күрескен. Коронавирус басталғалы финдерде 70 000-нан астам адам ковид жұқтырып, 805 адам қайтыс болған. Бұл елде қылмыс деңгейі де төмен. Финляндия полицейлерге сенімі бойынша әлемдегі рекордты көрсеткіште. Өткен 20 жыл ішінде олар баспанасыздар санын екі есеге қысқарта алған. Бүгінде баспанасыздар саны – 7000-нан аспайды. Алдын алудың арқасында бірнеше ондаған жылдар ішінде суицид саны да екі есеге қысқарды.
3 миллион сауна мен 4500 ағаш
Ғалымдар финдердің бақыты туралы зерттей отырып, бақыттың басты сыры өмір сүру салтында екенін баса айтады.
Финдер қоршаған ортаны қорғауға құмар. Жыл сайын үлкен қалаларда велосипедтер көбейіп, көліктер азайып келеді. Жазда Хельсинки мэрі тіпті екі дөңгелекті көліктерді ақысыз жалға береді. Финляндия сонымен қатар Еуропадағы қалдықтарды сұрыптау бойынша да көш басында. Бұл елде қалдықты қайта өңдеу 20 жылдан астам бұрын енгізілген. Қазіргі уақытта қалдықты қайта өңдеу 80%-ға жеткен.
Таза экологиядан басқа, финдер салауатты өмір салтын жақсы көреді. Финляндияны "сауналар елі" деп атайды. 5,5 миллион адамға 3 миллионға жуық сауна қызмет етеді. Қоғамдық сауналар ақысыз және әлеуметтік мәртебеге қарамастан маңызды кездесетін жер саналады.
Фин бақытының тағы бір көзі – табиғат. Финляндияда 37 ұлттық парк бар (салыстыру үшін айтатын болсақ, Қазақстанда тек 14 ұлттық парк бар. Финландия жер көлемі бойынша 66-орында, Қазақстан 9-орында), бұл елдің әр тұрғынына 4500 ағаштан келеді. Финляндия – Еуропадағы ең ауасы таза ел. Қатаң климатқа қарамастан, финдер ашық ауада көп уақыт өткізеді, саңырауқұлақтар мен жидектерді жинайды, 95% спортпен айналысады, ал жартысынан көбі қашықтан жұмыс істейді.
Басқа елдер ше?
Екінші орынға жайғасқан Дания да экономика және түрлі басқа сала жағынан өте дамыған мемлекет. Елде әдемі сәулет, заманауи нарықтық экономика, жоғары әлеуметтік стандарттар, сапалы денсаулық сақтау жүйесі және қылмыс деңгейі төмен. Данияда жалақы орташа есеппен айына 5 мың еуродан асады. Даниялық компаниялардың қызметкерлері, әдетте, еңбек жағдайына қанағаттанғанады.
Үшінші орындағы Швейцарияда өмір сүру қаржылық жағынан өте қымбат болса да, бұл ел Женевада, Цюрихте және басқа да көптеген қалаларда бизнес ашуға немесе жұмыс іздеуге ұмтылатын көптеген шетелдік кәсіпкерлер мен еңбек мигранттарын тартады. Ең әдемі таулар, таза көлдер, сапалы сағаттар мен керемет дәмді швейцариялық шоколад бүкіл әлемге белгілі. Мемлекеттің инфрақұрылымы идеал деңгейде және медицинасы өте жақсы дамыған.
Төртінші-бесінші орындағы Нидерланды мен Исландия туралы да осыны айтуға болады. Дәстүр бойынша, нидерландықтардың басты артықшылығы – басқаларға сенім, қайырымдылық. Бұл елде сыбайлас жемқорлық өте төмен деңгейде.
Исландия - бар болғаны 360 мыңға жуық адам тұратын шағын мемлекет. Көптеген азаматтар бір-бірін жақсы біледі, сондықтан кетерде үйдің есігін құлыптамайды да, балаларын кафе немесе дүкен кіреберісінде қараусыз қалдыра береді. Бұл елде ұрлық деңгейі өте төмен. Орталық жылу жүйесі, білім беру тегін. Темекі шегетіндер мен алкоголь ішетіндер жоқтың қасы. Бұл елде адам құқығы бірінші орында. Жеке медициналық клиника жоқ, барлығы тегін. Исландияның орташа жылдық жалақысы – 40 000 доллар. Тұтастай алғанда мемлекет жынысына, жасына және біліміне қарамастан, тең мүмкіндіктер береді.
Қазақстан нешінші орында?
149 ел кірген рейтингте Қазақстан 36-шы орында. Жалпы бұрынғы КСРО елдерінің ішінде Эстония мен Литваның нәтижелері жақсы. Бұл елдер – 28 және 29 орынды иеленген. Ал көршілерімізден – Қырғызстан - 33, Латвия - 34, Өзбекстан - 42, Молдова - 49, Ресей - 60, Тәжікстан - 62 , Украина - 69, Грузия - 73 орында.
Айта кету керек, Қазақстан кейінгі 3 жыл қатарынан (2017-219 жылдар) 60-орынды иеленген болатын. Тек, былтыр 50-орынға жоғарылады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, биылғы "ең бақытсыз" елдер - Зимбабве (рейтингте соңғы) және Танзания.
Т. Раушанұлы