- Негізгі бет
- Әлемтану
- Әлемде ең жылдам...
Әлемде ең жылдам дамып жатқан мемлекет белгілі болды
ХХ ғасырдың басынан бері Қытай табысы жағынан АҚШ-ты басып озып, әлемдегі ең бай мемлекетке айналды. Мұндай деректер McKinsey консалтингтік компаниясының есебінде келтірілген.
Кейінгі 20 жылда әлемдегі жалпы байлық үш есе өсті. Сарапшылар әлемдік табыстың мұндай күрт өсуін тұрғын үй бағасының өсуімен байланыстырады.
McKinsey дүние жүзіндегі жалпы кірістің 60 пайызын құрайтын 10 елдің активтерін, яғни жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға тиесілі барлық активтердің құнын зерттеді. Нәтижеге сәйкес, 2020 жылы әлемнің жалпы байлығы 514 триллион долларға жеткен. Ғасырлар тоғысында бұл көрсеткіш 156 триллион долларды құрады. Бұл өсімнің үштен бірі Қытайға тиесілі.
Елдің жалпы байлығы 2000 жылы 7 триллион доллардан 2020 жылы 120 триллион долларға дейін өсті. АҚШ-та бұл көрсеткіш екі есе артып, 90 триллион долларға жетті. Екі елде де барлық активтердің үштен екісінен астамы халықтың 10 пайызына ғана тиесілі.
Сонымен қатар, әлемдегі жалпы активтердің 68 пайызы жылжымайтын мүлік болып табылады. McKinsey сарапшыларының пікірінше, кейінгі 20 жылда жаһандық активтер құнының күрт өсуі төмен пайыздық мөлшерлемеге байланысты жылжымайтын мүлік бағасының өсуімен байланысты.
Зерттеулер көрсеткендей, әлемде жылжымайтын мүлік табыстың өсуінен тезірек қымбаттап жатыр. Бұл баспана алуға мүмкіндігі бар адамдар санының азаюына әкеледі. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік бағасының тез өсуі АҚШ-тағы 2008 жылғы қаржылық дағдарысқа ұқсас дағдарыс қаупін арттырады.
Т. Раушанұлы