- Негізгі бет
- Әлемтану
- 2021 жылы табылған...
2021 жылы табылған ерекше археологиялық 7 қазба
Жүкті мумия, Египеттегі жоғалған қала, 4000 жылдық табыт және Викингтердің Америкаға баруы – бұл ғалымдар 2021 жылы ашқан археологиялық жаңалықтардың әсерлі тізімінің бір бөлігі ғана. Бүгін біз олар туралы егжей-тегжейлі баяндаймыз.
Египеттегі жоғалған қала
2021 жылдың көктемінде археологтар Мысырдың оңтүстігіндегі Луксор провинциясында Ніл өзенінің батыс жағалауында шамамен 3500 жыл бұрын жоғалған қаланы тапты. Қала ежелгі Египеттің алтын дәуірінде – 18-ші әулеттен шыққан перғауын Аменхотеп III кезінде құрылған. Мамандар наубайхана, шеберхана, қабырғасы 3 метрге жететін бейіттері бар қыш кірпіштен салынған ғимараттарды қазып алды.
Фото: Zahi Hawass/Facebook
Кейбір археологтар бұл олжаны 1922 жылы Патшалар алқабында Тутанхамонның қабірі табылғалы бері ең маңызды деп атайды. Оны ашқан археологтардың айтуынша, бұл бір кездері фараондар империясының ірі әкімшілік орталығы болған, бірақ кейін ол ыдырап, қараусыз қалып, құм басқан.
Бұл жерде қазба жұмыстары 2020 жылы басталған. Zahi Hawass бастаған археологтар шикі кірпіштен тұрғызылған үйлердің тозған қабырғаларын тапты – олардың кейбіреулері биіктігі 3 метрге дейін жетеді. Сондай-ақ көптеген артефактілер – қыш ыдыстар, зергерлік бұйымдар, скараб бойтұмарлары, түрлі-түсті қыш бұйымдар, иіруге және тоқуға арналған құралдар, сондай-ақ үй жануарларының қаңқалары табылды. Кейбір саз кірпіштерде перғауын Аменхотеп III мөрі сақталған. Елді мекеннің солтүстігінде үлкен қорым, жартасқа қашалған бейіттер бар.
Бірақ кейбір египтологтар қаланың ашылуы туралы айту әлі ерте деп санайды, бұл тек тұрғындары перғауындардың зәулім сарай кешеніне қызмет еткен елді мекен болуы мүмкін екенін атап өтті.
Зерттеушілер бұл қала перғауын Аменхотепа-III тұсында салынып, перғауын Тутанхамонның билігіне дейін 30 жыл бойы гүлденген деп санайды.
Ондаған жылдар бойы іздестіру жұмыстарын жүргізген еуропалық экспедициялар ежелгі Египет "мегаполисінің" бар екенін бұрыннан білетін. Қазба жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Аляскадана табылған венециялық моншақтар
2021 жылдың ақпан айында ғалымдар қызықты жаңалық туралы айтты. Олар Колумб Жаңа әлемді ашқанға дейін 500 жылдан бұрын барған венециялық моншақтарды Аляскадан тапты. Еуропалықтар үшін әлі күнге дейін Американы 1492 жылы испандар ашқан деген пікір бар.
Фото: M. L. Kunz et al., 2021/American Antiquity
Зерттеушілер венециандық моншақтар Еуразия және Беринг бұғазы арқылы Италиядан Аляскаға 1397-1488 жылдары, яғни Христофор Колумбтың саяхатынан ондаған жылдар бұрын әкелінген деп болжайды.
Ұлыбританиядағы айқышқа шегеленген адамның қалдықтары
Айқышқа шегелу Рим дәуіріндегі өлім жазасының негізгі түрі болды. Бірінші мыңжылдықтың басында өлімнің бұл түрі кең таралған деп есептелсе де, зерттеушілер остеологиялық дәлелдемелерді өте сирек тапқан.
Фото: Albion Archaeology/ Сүйектегі темір шеге
Қазіргі заманғы археологияның бүкіл тарихында ғалымдарға айқышқа шегелеудің тек үш жағдайы ғана белгілі, бірақ жақында олар жаңалық ашты. Британдық Кембриджден алыс емес жерде археологтар жарақат іздері бар адамның мүрдесін тапты, оның аяғының сүйегіне шеге қағылған, ал денесінің жанында 12 шеге мен ағаш қалдықтары жатыр. Адамның қалдықтарын зерттеген ғалымдар оны айқышқа шегелеу арқылы өлтірілген деген қорытындыға келді. Бұл Англияда бірінші рет тіркелді.
Алғашқы жүкті мумия
Еркек діни қызметкерге тиесілі деп есептелген көне мысырлық мумияны зерттеу барысында ғалымдар оның шын мәнінде жүкті әйелдің мумияланған денесі екенін анықтады. Рентген және компьютерлік томография оның құрсағында сәбидің бар екенін көрсетті, ол белгісіз себептермен мумиялау алдында құрсақтан алынбаған.
Фото: Courtesy Warsaw Mummy Project
Зерттеу кезінде жүкті мумия шамамен 2000 жыл бұрын өмір сүргені, ол 20-30 жас аралығында қайтқаны және жүктіліктің 26-30 аптасында болғаны анықталды. Бұл тарихта бірінші кездескен жағдай.
Ғалымдар Америкаға Викингтердің қашан келгенін анықтады
Хронологияның (датировка) жаңа әдісінің көмегімен нидерланд ғалымдары викингтердің Америкаға қашан келгенін дәл анықтады. Ғалымдар бұрыннан бері викингтерді Солтүстік Америкаға жеткен бірінші еуропалықтар деп есептеді, бірақ бұл туралы нақты дәлелдер болмады.
Фото: Glenn Nagel Photography/ Ньюфаундленд аралындағы Викингтер қонысын қалпына келтіру
Ғалымдар Канаданың Ньюфаундленд аралының солтүстік бөлігіндегі ағаштардың қалдықтарын зерттеп олардан викингтер үйлер құрған деген қорытындыға келген. Скандинавиялықтардың қонысы Колумб экспедициясына дейін 500 жыл бұрын пайда болғанын анықтады. 993 жылы күшті магниттік дауыл ағаштарға сақиналар түрінде із қалдырған. Осы ағаш сақиналарын зерттей отырып ғалымдар ағаштардың кесілген жылы 1021 жыл екенін анықтады.
Адамның ең көне қабірі
Мамыр айында Кенияда ғалымдар 78 000 жыл бұрын қайтыс болған адамның қаңқасы көмілген қабірді тапты. Зерттеушілер анықтағандай, қалдықтар 2,5 жастан 3 жасқа дейінгі балаға тиесілі, бұл жерлеу рәсімі болуы мүмкін. Баланың денесі қабірде бүгілген, тізелері кеудеге қысылған күйде жатыр. Сүйектер мен оның айналасындағы топырақты талдау баланы қабірге салғаннан кейін оның тез көмілгенін растады, бұл денені тез шіріп кетуден қорғаған.
Фото: Fernando Fueyo/ Кенияда табылған жерлеуді қалпына келтіру
Зерттеушілер бұл Африкадағы ғалымдарға белгілі ең көне адам жерлеуі деп есептейді.
Гольф алаңындағы қола дәуіріндегі табыт
Англияда гольф алаңының жиегін жөндеу кезінде сарапшылар ерте қола дәуіріне тиесілі, 4000 жыл бұрынғы қатты емен табытты тапты. Табыттың ішінде адам сүйегі мен жақсы сақталған сәулетті балта болған. Балтаның сабы ағаштан жасалған. Әдетте мұндай сап шіріп кетеді, бірақ шымтезек оның мумиядай ұзақ сақталуына жағдай жасаған.
Фото: YORK ARCHEOLOGICAL TRUST / Ғалымдар 4000 жыл сақталған табыттан тапқан балта
Көптеген мәдениеттерде балта қуатты бейнелейді, табылған қаруды зерттей келе, ғалымдар оны ерте қола дәуіріндегі қоғамда жоғары лауазымды атқарған адамға тиесілі деген қорытындыға келген.
Т. Раушанұлы