Простатитке массаж қолдану дұрыс па? – Уролог жауабы

Простатитке массаж қолдану дұрыс па? – Уролог жауабы
Фото: nugabestbel.by

Урологтар простата массажын науқасқа қолдану маңызды деп санайды. Бірақ бұл емдеу әдісінің айтарлықтай кемшіліктері де бар, адамға психологиялық жағынан кері әсер етеді. Қазақстандық уролог-андролог Құрманбеков Тұрар қуық асты безіне массажды қашан және қандай жағдайларда жасауға болатынын айтты.

Урологтың айтуынша, қазіргі медицинада шетелде простатитке массаж қолданбайды екен.

"Қуық асты безіне массаж қолдану деген шетелде, АҚШ-та емдеу тәсілінен алынып тасталған. Оны қолданатын ТМД елдері. Егер неге алып тастады дейтін болсаңыз, массаждың қызметі қуық асты безіне механикалық түрде әсер етіп, оның ісінуін азайту, кетіру саналады. Шетелде мұны адамдық этикаға жат деп есептейді. Шетелде массажды алмастыратын құрылғылар өте көп. Физиоемдеу құрылғылары –  ультра дыбыс, магниттік вибротерапия арқылы безді емдейді. Бізде ондай емдеу тәсіліне қолжетімсіз боп тұр", - дейді ол.

Уролог-андролог Құрманбеков Тұрар

Дәрігер келген пациенттерге бірден массаж қолданбайтынын айтады. Қуық асты безінің қабыну түрлеріне қарап, оған қолдануға болатынын немесе болмайтынын уролог шешеді.

"Мысалы, мен простатамен ауырып келген пациентке бірден массаж қолданбаймын. Оның өз нұсқаулығы бар. Өткір простатит, жедел простатит, қуық асты безінің абсцессі, аденома, қуық асты безінің қатерлі ісігі кезінде болмайды. Тек бактериалды простатит  кезінде қолданамыз", - дейді Құрманбеков Тұрар.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық уролог ерлерде инфекция бар екенін қалай білуге болатынын айтқан болатын.

Т. Раушанұлы