Шоқыну мерекесінде суға түсу рәсімі не білдіреді?

Шоқыну мерекесінде суға түсу рәсімі не білдіреді?
Фото: pravmir.ru

Қыстың аязды күндері мұздай суға шомылатын шоқыну мерекесі жайлы не білу керек? Бұл рәсім нені білдіреді? Аязда суға түсудің пайдасы қандай және кімдерге мұндай суға түсуге болмайды?

Шоқыну мерекесі дәстүрлі түрде 19 қаңтардан бастап тойланады. Шоқыну мерекесінде суқоймалардағы су емдік қасеитке ие болады деп саналады, сондықтан оны қасиетті санап, оған суға түседі. 

Шоқыну мерекесінің тағы бір атауы бар: Иордан. Бұл күні Иордан өзенінде Иса Мәсіх шоқынған делінеді. Бұл рәсім кезінде Иордан өзенінің суы Иса кіресімен қасиетті болып, өзін емдік су арқылы тазарту үшін ойыққа немесе кез келген суқоймасына кіріп, суға түсу дәстүрі пайда болған. Бұл дәстүр бойынша, шоқыну мерекесінде суға түсу күнәларды "жуады" және ағзаны шынықтырады. Әдетте, арнайы жерлерде суға түседі: алдын ала ойылған жерлерде (жиі мұзды кірес түрінде ояды) және қауіпсіз суқоймаларда.

Аязда суға түсудің пайдасы қандай?

Шынығу. Біздің елде көпшілік сауығу мақсатында шомылады. Мұздай суға шомылу иммунитетті нығайтады. Алайда салқын суға түсуге біртіндеп ағзаны дайындау керек. 

Қан тамырлардың қатаюы. Кенеттен келген суық қанның теріге жылдам құйылуына ықпал етеді. Сәйкесінше, суға бату кезінде капиллярлар, күретамырлар және көктамырлар еселеп жұмыс істейді. Ол қан айналымын жақсартады.

Көңіл күйдің жақсаруы. Көпшілік мұздай суға түскеннен кейін көңіл күйлерінің бірден көтерілгенін байқайды. Себебі ағза бұл кезде эндорфиндер бөледі.

Калория жағу. Салқын суға кіру кезінде ағза барлық күшін жылуды сақтауға жібереді. Оған бұл үшін көп күш қажет. Ол оны әдетте май қабатынан алады.

Аязда суға түсуге қандай қарсыкөрсетілім бар?

ШЖҚ "Отбасылық медицина орталығының" жалпы тәжірибелік дәрігері Сейтмағұлова Ақбота аязда кімдерге суға түсуге болмайтынын айтты:

"Мұздай суға тек сау адамдар ғана түсе алады. Жүрек-қан тамырлар аурулары, жүйке жүйесі бұзылысы, жұқпалы аурулар, гинекологиялық қабынулар, созылмалы аурулар, қант диабеті, семіздік, несеп-жыныстық жүйесі аурулары бар адамдарға суық суға түсу тыйым салынады. Сондай-ақ біз жүкті әйелдерге, балаларға және қарттарға мұндай суға түсуді ұсынбаймыз. Суға түсерде ішімдік ішпеңіз", - деп ескертті Ақбота Сейтмағұлова.

Өзіңізге зақым келмес үшін суға қалай дұрыс түсу керек?

Суға түсуге бір сағат қалғанда тамақ жеп алыңыз. Сол кезде ағзада энегрия қоры болады. Суға кірмес бұрын кішкене жаттығу жасап алыңыз. Мысалы, бірнеше рет отырып-тұрыңыз. Бұл қанайналымды күшейтіп, денені қыздырады. "Көз қорқақ, қол батыр" демекші суға кірерде ұзақ ойланып тұрмаңыз. Егер бірінші рет мұздай суға түсіп жатсаңыз, суда 15-20 секундтан артық тұрмаңыз. Судан шыққан соң денені құрғатып сүртіп, киініп алып, жылы шай ішіңіз. Аязда қауіпсіз жерлерде ғана суға түсуге болады. 

А. Жапатова