- Негізгі бет
- Жаднама
- Күн тимес үшін......
Күн тимес үшін...
Күн тию — біз дене қызып кеткенде шалдығатын жағдай. Ыстық кезде ұзақ физикалық белсенділіктің немесе жоғары температуралар әсерінен адамға ыстық өтеді. Сізге немесе жақыныңызға ыстық өткенін қалай білуге болады және ол кезде не істеу керек?
Көп жағдайда күн өткенін физикалық шаршау білдіреді. Бұл жағдайдың басқа белгілеріне мыналар жатады:
- Дене температурасының көтерілуі. Кейде ол 40 градусқа дейін жетеді;
- Сананың шатасуы, түсініксіз сөйлеу, ашуланшақтық және басқа да мінез-құлық өзгерістері;
- Бас ауыруы;
- Тершеңдік, терінің бозаруы және жабысқақтың сезімі;
- Аяқ, қол және іш құрысуы;
- Жиіленген тыныс алу мен тамыр соғуы;
- Жүрек айну мен құсу;
- Су ішкісі келе беру.
Кез келген адамға ыстық өтуі мүмкін. Бірақ қауіп-қатер тобына сәбилер, кішкентай балалар және 65 жастан асқан егде адамдар жатады. Сондай-ақ бұл жағдайға жүрек аурулары бар және қан қысымы жоғары адамдар жиі шалдығады.
Күн тиюге әкелетін көптеген факторлар бар. Олардың біріншісі — сусыздану. Біздің ағзамызға қолайлы температураны ұстап тұру үшін жеткілікті су мөлшері қажет. Дене тер бөліну себебінен салқындайды. Егер адам сусызданса, тер бөліну азаяды, ал дене температурасы, керісінше, жоғарылайды. Ыстық күнде белсенді физикалық жүктемелер кезінде, іш өту және құсудан кейін, алкоголь және кей дәрілерді (мысалы, несеп айдатқыштар) көп ішкенде сусыздану болуы мүмкін.
Сондай-ақ, желдетілмейтін бөлмеде өте ұзақ отырсаңыз немесе күннің астында, әсіресе, 11:00-15:00 арасында жүріп қалсаңыз, ыстық өтуі мүмкін.
Күн тиюдің алдын алу үшін не істеу керек?
Су көп ішіңіз. Су ағзаға тер бөліну және салқындауға қажет тепе-теңдікті ұстап тұруға көмектеседі. Бірақ асқазан түйілуіне шалдықпас үшін мұзы бар сусындарға жоламаған жөн. Әсіресе, жазда жаттыққанда, жағажайға барғанда немесе күннің астында ұзақ жүргенде суды көп ішу маңызды.
Белсенділікті алдын ала жоспарлаңыз. Жазда жаттығудан және басқа да сүйікті істеріңізден бас тартқыңыз келмейді. Ендеше, оларды жоғарыда ескерткен күннің көзі белсенді болатын сағаттардан бұрын немесе кейінге жоспарлаңыз. Жиі көлеңкеде жүруге тырысыңыз және арасында демалып тұруды ұмытпаңыз.
Бөлме ішінде ауа айналымы болуын қадағалаңыз. Егер кондиционер болса, жаздың аптап ыстық күндерінде қолайлы температураны жасау жеңілірек. Егер ол болмаса, бөлмеге күн түспес үшін жапқышты жауып қойыңыз және ауаны ылғалдандырып тұрыңыз. Ол үшін 1-2 сағатта бір рет бөлмеге су шашуға болады.
Дұрыс киім таңдаңыз. Дене қызып кетпес үшін табиғи матадан тігілген ашық түсті киімдер таңдаңыз. Мысалы, жазға зығыр мен мақта матадан тігілген киімдер жақсы келеді. Денеде бос тұратын киім болғаны жақсы. Үйден шығарда бас киім мен күннен қорғайтын көзілдірік алуды ұмытпаңыз.
Дұрыс тамақтаныңыз және темекі мен алкогольден бас тартыңыз. Ыстық күндері көбірек көкөністер мен жемістер жеуге тырысыңыз. Ал қуырылған және майлы тамақтан аулақ болған жөн. Сондай-ақ тәтті газдалған сусындарды ішпеңіз. Жүрек-қан тамырлар жүйесіне түсетін күшті азайту үшін ыстық күндері темекі мен алкогольден бас тартқан дұрыс.
Күн тисе, не істеу керек?
Күн тиген болса, ең алдымен жедел жәрдем шақыру керек немесе айналаңыздағы адамдардан оны шақыруын сұраңыз. Содан соң салқындау жер табу керек. Ол жақын жердегі сауда үйі немесе көлеңке жер болуы мүмкін.
Егер жеңі ұзын жейде немесе аяққа жабысып тұратын шалбар киіп алған болсаңыз, мүмкін болса тез суу үшін оларды шешіңіз. Егер ондай мүмкіндік болмаса, шалбардың балағы мен жейденің жеңін барынша қайырыңыз. Егер қол астында сүлгі, мұз және басқа салқын заттар болса, оларды бетке, маңдайға, мойынға және қолтық тұсына қойыңыз.
Дәрігерлер келгенше, су ішуге асықпаңыз. Себебі күн өткен кей адамдарда жұту проблемасы болады.
А. Жапатова