Тойып тамақтансаңыз да, тәтті жегіңіз келе бере ме?

Тойып тамақтансаңыз да, тәтті жегіңіз келе бере ме?
Фото: unsplash.com

Дәмді әрі тойымды тамақ жеп алсаңыз да, тағы бірдеңе жегіңіз келіп тұрғандай сезім болады ма? Оған қоса, ол салат емес, тәтті десерт болғанын қалайсыз ба? Неліктен түскі және кешкі астан соң тәтті жегіңіз келеді? Оның 5 себебін ұсынамыз.

Рационның дұрыс болмауы

Тамақ ащы болса, ағза тепе-теңдікке келу үшін тәтті дәм іздейді. Су аз ішсеңіз де, тәтті десерт жегіңіз келеді. Сондай-ақ майлар, ақуыздар және жасұнықтар жеткіліксіз болса да, тамақтан соң тәтті іздей бастайсыз. Сондықтан мәзірдің үйлесімді болуы маңызды.

Аштық сезімі тікелей қандағы глюкоза деңгейіне тәуелді. Қандағы қант концентрациясы төмендеп кетсе, қарныңыз ашады. Құнарлы тамақ жеп алсаңыз, қант деңгейі біртіндеп артады және энергияны қарапайым көмірсулар арқылы жылдам алғыңыз келмеу керек. Егер адам қатаң диета немесе қандай да бір ерекше тамақтану жоспарын ұстанса, оның рационында ақуыздар, майлар және көмірсулардың дұрыс тепе-теңдігі болмауы мүмкін. Ең дұрысы, күніне ең болмағанда 3 рет тамақтану рационында ақуыздар, майлар және көмірсулар болуы керек. Мысалы: таңғы ас — омлет және көкөністі салат, түскі ас — күріш пен майлы теңіз балығы, кешкі ас — тауық пен көкөністі рагу.

Тәттіге тәуелділік

Тәттіге тәуелділікті әдетте есірткіге әуестікпен салыстырады: қаншалықты көп жесеңіз, соншалықты жиі қалайсыз. Біз тәтті жеген кезде дәм сезу аппаратының жүйке жасушалары опиоидтар мен эндорфиндер түзілуі жайлы белгі береді. Бас миында түзілетін бұл химиялық қосылыстар адамға рахат сыйлайды. Оған қоса, олар уақытша ауырсынуды және күйзелісті басуға көмектеседі. Тәтті тағам тәбетті ашады, сондықтан адам артық тамақтанып қояды. Сезімдерін тәтті бірдеңе жеу арқылы басып тастайтын адамдар жиі тәттіге тәуелді келеді. Бұл проблемадан арылу үшін тамақтану тәртібін ретке келтіріңіз және күйзелісті басқа жолмен түсіруді үйреніңіз.

Микроэлементтердің жетіспеуі

Тәтті жей бергіңіз келу ағзаға дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспейтінін білдіруі мүмкін. Мысалы: хром, магний және ванадий. Олар жасушаларға глюкоза тасымалдауға жауап береді. Әйтпесе, ол қанда қалып қояды да, сізді тәтті жеуге итермелейді. Егер тойымды тамақ жесеңіз де, тәтті бірдеңе іздей берсеңіз, қан анализін тапсырыңыз. 

Ішектер ауруы

Ішектер жағдайы тәбетке және тағам таңдауға әсер етеді. Мысалы, микробиотаның бұзылуы, соның ішінде ішекте Кандида секілді саңырауқұлақтардың көбеюі тәттіге құштарлықты арттырады. Бұл саңырауқұлақтар ерекше заттар бөле отырып, тәтті тағамды «талап етеді». Сондықтан егер тәтті жеуді бақылауда ұстай алмасаңыз, маманға қаралып, асқорыту жүйесі органдарын тексерту керек.

Дәм сезу  рецепторларының сезімталдықты жоғалтуы

Егер рационыңызда құрамында консерванттар, дәм күшейткіштер және бояғыштары бар өнімдер көп болса, дәм сезу рецепторларыңыз сезімталдығын жоғалтады. Алайда бұл проблеманы 21 күнде шешуге болады.

Көптеген өнімдердің табиғи тәтті дәмі бар. Мысалы: жемістер, көкөністер, сүтті өнімдер және т.б. Тәтті қажеттілігін табиғи тамақтан ала алмасаңыз, олардың дәмін сезбейсіз деген сөз. Рецепторлардың сезімталдығын қалыпқа келтіру үшін рационнан барлық химиялық өнімдерді алып тастау керек және үш апта бойы қант жеуді барынша азайту қажет.

А. Жапатова