Қазақстанда қару ұстау тәртібі қандай?

Қазақстанда қару ұстау тәртібі қандай?
Фото: yandex.ru

Елімізде қару сатып алу мен үйде сақтаудың заңдық нормалары бар. Оған қалай рұқсат алу қажет, қалай ұстап, қалай қолдану керек және жоғалтып алған жағдайда не істеу керек – бұл сауалдарға заңгер Ермек Тілеукеев жауап берді.

1. Азаматтардың қару сатып алуына қандай жағдайда рұқсат беріледі?

Қазақстанда азаматтық қаруға адамдар өзін-өзі қорғау, спортпен шұғылдану және аң аулау мақсатында пайдаланатын қару жатады.

Кәмелет жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы қару алуға қызығушылық білдірсе, нақты құжаттар арқылы қаруды сатып ала алады.

Ал 16 жасқа толған азаматтарға лақтырылатын (садақ пен арбалет) қаруды спорттық мақсатта иемденіп алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға рұқсат беріледі.

Белгі беру қаруы, механикалық тозаңдатқыш, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақталған аэрозолды және басқа да құрылғылар, үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан аспайтынын және калибрі 4,5 миллиметрге дейінгісін қосқанда пневматика қаруы тіркеудің керегі жоқ. Азаматтар бұл қаруды рұқсат алмай-ақ, жеткізіп берушілерден - заңды тұлғалардан иемденіп алуға құқығы бар.

Тегіс те ұзын ұңғылы аңшылық атыс қаруы аңшы куәлігі бар азаматтарға беріледі.

Ал тегіс әрі ұзын ұңғылы атыс қаруын аңшы куәлігі болмаса да, азаматтар тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарының рұқсаты бойынша өзін қорғау мақсатында иемденіп алуға құқығы бар.

2. Бір адамға қанша қару ұстауға рұқсат?

Бір азаматқа аңшылық үшін жалпы төрт қару ұстауға рұқсат беріледі. Оның екеуі тегіс ұңғылы, екеуі ойық ұңғылы.

Ал спорттық қаруды бір адам бес данаға дейін ұстай алады.

Сонымен қатар өзін қорғауға арналған қарудың әр түрін алғанда екі данадан аспауға тиіс.

Ұзын ұңғылы атыс қаруы, аңшылық пневматикалық қару, газ пистолеті мен револьвері иемденіп сатып алынған күннен бастап бір апта мерзімде тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарында тіркелуге тиіс.

Қаруға рұқсат алу үшін азамат тұратын жеріндегі ішкі істер органына өтініш, көру қабілетінің бұзылуына, психикалық ауруға, маскүнемдікке немесе нашақорлыққа байланысты қару ұстауға кедергі жоқ екені туралы медицина анықтамасын және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат тапсыруға міндетті.

Егер азамат заңсыз қару алып жүрсе, ол Қылмыстық кодекстің 287-бабына сай жауапкершілікке тартылады.

3. Адам қаруды қандай жағдайда пайдалана алады?

Азаматтық қаруды адам тек аңшылық және спорт үшін пайдалана алады. Себебі қарудың өзі де тек осы мақсатта беріледі. Ал өзін қорғау мәселесі қиынырақ. Адам бұл қаруды тек өте шарасыз кезде, төтенше жағдайда қолдануына болады.

Азаматтар өмірін, денсаулығын және меншікті қорғау үшін аса қажет жағдайда және қылмыс жасаған адамды ұстау кезінде қаруды қолдана алады.

Ерекше міндеттері бар ұйымдардың қызметкерлері қаруды табиғатты, табиғи ресурстарды, меншікті күзету, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөнінде өзіне заңдарда жүктелген міндеттерді орындау кезінде және өзін қорғау үшін қолдана алады.

4. Қарудағы әр оқ үшін азамат жауап бере ме?

Қарудың әр оғы үшін азамат тек үйіне барып, сұрастырған кезде ғана жауап береді. Басқа кезде әр оқ үшін есеп бермейді. Жалпы патрон саны бір адамда 100 данадан аспауы керек. 50 ойық ұңғылы, 50 тегіс ұңғылы оқ болуына ғана рұқсат.

5. Үйде қаруды қалай сақтау қажет? Балалардан қалай жасыру керек?

Қару міндетті түрде сейфте тұруы керек. Ал сейф қабырғаға немесе жерге бекітілген, қағылған болуы қажет. Бұл жерде сейфтің қалыңдығы да заңға сай болуға тиіс. Заң бойынша сейфтің қалыңдығы 3 миллиметрден кем болмауы қажет. Ал қаруды балалардан алыс ұстау тәртібі әркімнің өзіне байланысты.

6. Қаруды жақынына, отбасы мүшелеріне беруге бола ма?

Азамат өзі алған қаруды басқа адамға, отбасы мүшесіне беруіне тыйым салынады.

Сонымен қатар қару иесінің мына әрекеттерді болмайды:

- азаматтардың митингіге, шеруге, демонстрацияға, пикеттер мен басқа да көпшілік-бұқаралық іс-шараларға қатысушылардың қару алып жүруіне;

- қаруды қоғамдық орындарда ашық (қабына салынбаған күйде) алып жүруіне;

- қаруды ұлттық киімге жабдық ретінде рұқсатсыз тағынуына тыйым салынады.

7. Азамат қаруын жоғалтса, не істейді?

Егер қару жоғалса немесе ұрланса, бұл туралы Ішкі істер органына хабарлануы керек. Ал қаруды жоғалтқан адамға Қазақстан Әкімшілік кодексінің 486-бабының 1-бөлімі, 3-бөлігіне сай хаттама толтырылады.

Азамат қаруды иеленген соң оны тіркеуге, сақтауға, алып жүруге рұқсат алуы керек. Рұқсаты бар болып, алып жүру мерзімін ұзартқысы келсе, Ішкі істер органына барып, қаруы мен құжаттарын көрсетуі керек.

Егер азамат тұрғылықты мекенжайын ауыстырса, қаруды сол жерге есепке қоюы керек. Ол үшін Ішкі істер органдарына өтініш білдіреді.

Заңды тұлғаның қаруды ұстауына берілген рұқсат мерзімі аяқталса, сонымен қатар оны ішкі істер органымен келіспестен басқа филиалға берсе, органдарға тіркеу мерзімі бұзылса, айыппұл төлейді. Дәлірек айтқанда, жеке тұлғаларға 15 АЕК, шағын кәсіп субъектілері немесе коммерция емес ұйымдарға 20 АЕК, орта кәсіп субъектілеріне 30 АЕК, ірі кәсіп субъектілеріне 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Әкімшілік жазадан соң азамат тағы да рұқсат мерзімін бұзса, ішкі істер органдарымен келіспей, қаруды басқа филиалға берсе және тағы басқа заң бұзу қайталанса, айыппұл мөлшері де көбейеді. Қайталанған әрекет үшін азамат 20 АЕК, шағын кәсіп субъектісі немесе коммерция емес ұйым 30 АЕК, орта кәсіп субъектісі 40 АЕК, ірі кәсіп субъектісі 70 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі керек.

8. Адам қаруды және оның патронын тапсырудан жалтарса, қандай жаза бар?

Азаматтық қаруды, оның патронын сақтауға және алып жүруге рұқсаттың күші жойылғанда азаматтар қаруды өткізуі керек, бірақ азамат осы тұста қаруды тапсырудан жалтарса, оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

9. Қару иесі қайтыс болғанда не істеу керек?

Қару иесі қайтыс болған жағдайда оны қайта тіркейді немесе қару арнайы комиссияға тапсырылады.

Қару иесі қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелері осы қаруды бір ай мерзімде қайта тіркетуге немесе комиссиялық саудаға өткізуге міндетті.

10. Қаруды қолданбас бұрын нені ескеру керек?

Қару қолданбас бұрын қарсы қолданылатын адамға бұл жайында нақты ескерту жасалуға тиіс.

Әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға, жас шамасы белгілі немесе кәмелетке толмағандар қарулы немесе топтасып шабуыл (зорлық- зомбылық) жасаған жағдайдан басқа кезде оларға қарсы қару қолдануға тыйым салынады.

Қару қолданудың барлық жағдайында маңайдағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, зардап шеккендерге шұғыл медицина көмегін беру қажет. Сонымен қатар болған жайды тез арада ішкі істер органы мен прокуратураға хабарлау қажет.

Baribar.kz

Қ. Слямбек