Суретші болмасаң да, күнде сурет салудың 3 пайдасы

Суретші болмасаң да, күнде сурет салудың 3 пайдасы

Сурет салу кез келген хобби секілді адамға жағымды әсер етеді. Өз сезімдерін бояулар арқылы шығару адам психикасына позитивті әсер етіп, оның өмірге құштарлығын оятады. Бұл сұрақпен айналысатын ғалымдар адамға кез келген жаста сурет салу пайдалы екенін айтады.

1. Күйзеліс деңгейін түсіреді
Шығармашылық — күйзелісті денсаулыққа зиянын тигізбей түсірудің бір әдісі. Жүйелі сурет салу процесіне еніп кеткен кезде барлық уайымыңызды артқа қалдыратыныңызды байқаған боларсыз. Мысалы, жиналыста әріптесіңіздің немесе бастығыңыздың наразы сөздерін тыңдап отқанда автоматты түрде блокнотты қаламмен шимайлап отырасыз. Немесе қандай да бір жағымсыз жағдайды бастан өткерген соң антистресс-бояғышты алып, суретті боясаңыз, тек қандай түстерді таңдарыңызды ғана ойлайсыз.
Біздің миымыз өзімізді артық уайымнан қорғайтындай жасалған. Адам әңгіме барысында әрлі-бері жүре алады немесе терезеге қарап отырады. Жұмыс бастан асып жатқанда аяғын дірілдетеді немесе алға-артқа тербеліп отырады. Мұның барлығы денені тыныштандырады. Мазасыз адамдар үшін сурет салу керемет шешім: ол жағымсыз эмоциялардан арылуға және бойына жиналып қалған жүктемені түсіруге көмектеседі.

2. Өзіңді түсінуге көмектеседі
Мысалы, балалар қолына қарындаш пен ақ парақ алса, бірден ойдан сурет салып кетеді. Себебі кейде ойыңызды сөзбен жеткізгеннен гөрі сурет арқылы жеткізу оңайға түседі. Сондықтан психологияда адам жағдайын суретпен анықтайтын әдіс бар. Бұл әдісті тек бала кезде емес, есейген кезде де қолдануға болады. Оған қоса, ауызша айтылғанға қарағанда көз алдындағы ақпарат жеңіл қабылданады. Оған дәлел ретінде көшедегі жол белгілерін немесе мақаладағы инфографикаларды алсақ болады.
Кез келген шығармашылық өзіңіздің ішіңізге қарауға көмектеседі. Сурет салу арқылы уайымыңызды немесе, керісінше, армандарыңызды, жағымды естеліктеріңізді көрсете аласыз. Мысалы, болашаққа қойған мақсаттарыңыздан тұратын коллаж жасауға немесе жеке күнделікке дайын суреттерді жабыстыруға болады. Ол үшін суретті күшті сала білу қажет емес.

3. Жағымсыз жағдайдан алаңдатып, маңызды нәрсеге зейін қоюға көмектеседі
Адам шығармашылықпен айналысқан кезде логика мен рационалдылыққа жауап беретін мидың сол жақ жартышары өшіп қалады да, бізді шектемейді. Бұл уақытта ерекше ойлауға ықпал ететін мидың оң жағы іске қосылады. Екі жартышардың ортақ жұмысы жағдайды дұрыс бағалауға, яғни оның негізінде аса қорқынышты емес екенін түсінуге көмектеседі. Кейде сурет салу мазалап жүрген сұрақтарға жауап береді.