Қартаюды жақындататын 5 әдет

Қартаюды жақындататын 5 әдет
Фото: unsplash.com

Адамзат қашан да жастығын сақтап қалудың амалын іздеп келді. Қартаю үдерісін толық тоқтатуға қауқары жетпесе де, оны сәл баяулатудың жолдарын тапты. Сол секілді бұл үдерісті тездететін әдеттер де жоқ емес. Сергектігін шама келгенше ұзағырақ сақтағысы келетін кез келген адам мұндай жағдайлардан хабардар болуы керек. Адамды ерте қартайтатын темекі тарту, алкоголь ішу және фаст-фудқа бейімдік сияқты айқын белгілерден бөлек, өзіміз байқай бермейтін әдеттер де бар. Төменде көрсетілген әдеттерден арылсаңыз, қартаю процесін баяулата аласыз және денсаулығыңызды жақсартасыз.

Түзу жүрмеу

Түзу жүру — бала кезден бастап қалыптасатын әдет. Егер баланың түзу жүруін, үйде дастарханда және мектепте партада тіке отыруын ата-анасы мен мұғалімі қадағаламаса, оның салдары ересек өмірде жағымсыз нәтиже әкеледі. Қисық немесе бүкірейіп жүру омыртқаны қисайтады, соның салдарынан арқа, иық және бел ауырады. Омыртқа проблемасы мен оған үздіксіз күш түсіру сондай-ақ бас ауыруына және жақтардың қысылып қалуына ықпал етуі мүмкін.

Бұл проблеманы болдырмас үшін немесе оны қалпына келтіру үшін мына кеңестерге көз жүгіртіңіз:

- Егер ауыр көтеру керек болса, салмақты екі қолға тең бөліп, арқаны барынша тіке ұстауға тырысыңыз;
- Биік өкшелі аяқ киім сирек киіңіз: ол омыртқаға түсетін күшті арттырады;
- Белсенді өмір салтын ұстаныңыз: ол арқаның бұлшықетін қатайтады;
- Тығыз матрасқа мән беріңіз және жұмсақ әрі үлкен жастықтардан бас тартыңыз; 

Сколиозды тек дәрігер ғана анықтай алады. Сондықтан егер арқаңыз ауырса, міндетті түрде кәсіби маманға қаралыңыз.

Жағына таянып отыру

Бұл әдет мектеп жылдарында қалыптасады және бет терісі жағдайына жағымсыз әсер етеді. Бетті алақанмен көп ұстау әжімдердің ерте пайда болуына әсер етіп қана қоймай, бүкіл дененің қисаюына ықпал етуі мүмкін. Күні бойы ондаған ластанған микроорганизмдері бар заттарды ұстайсыз. Олар теріге түскен кезде қабынулар мен безеулердің пайда болуына ықпал етеді.

Сезіміңізді сыртқа шығармау

Эмоцияларыңызды, соның ішінде негатив сезімдерді сыртқа шығармай, басып тастау ағза үшін қауіпті. Ішке жиналған энергия денсаулыққа қатысты түрлі проблемалардың туындауына себепші болады. Оған қоса, басып тастаған негатив эмоциялар түпсанада ұзақ сақталады, сондықтан көңіл күйдің өзгеруіне, қайғыруға және жеңіл депрессияға әкеледі. Мәселені жоққа шығару немесе оған мән бермеу оны шешпейді, керісінше, ұлғайта береді.

Негатив эмоциялардың салдарларын азайту үшін мына қарапайым әдістерді қолданып көріңіз:

- Тыныс алу гимнастикасын меңгеріңіз;
- Күнде спортпен және йогамен айналысуға уақыт бөліңіз;
- Қажет кезде өзіңізге ренжуге, ашулануға немесе жылауға мүмкіндік беріңіз;
- Күніне бірнеше минут медитацияға уақыт бөліңіз;

Өз сезімдеріңіз бен уайымдарыңызды жасырмаңыз. Егер сезімдеріңізді білдіруге қиналсаңыз, маман көмегіне жүгінуден қорықпаңыз.

Аяқты бір-бірінің үстіне қойып отыру

Мұндай күйде дене салмағы мен омыртқаның төменгі бөлігіндегі жүк қайта бөлінеді. Шаршаған бұлшықеттер босаңсиды да, арқадағы ыңғайсыздық уақытша азаяды. Алайда «бір аяқты екіншісінің үстіне қойып отыру» күйі буындарға, сіңірлерге және бұлшықеттерге қатты күш түсіреді: ол сколиоз бен варикоздың ұлғаюына әкеледі және омыртқааралық дисктер жарығының пайда болу мүмкіндігін арттырады.

Бұл мүмкін салдарлардың алдын алу үшін мына қиын емес ережелерді сақтаңыз:

- Жұмыс креслосының биіктігін реттеңіз: тізе кем дегенде 90 градусқа бүгілу керек;
- Аяқ астына биік емес тіреуіш қойыңыз. Ол аяқтағы қанайналымды жақсартады;
- Компьютер мониторын алдыңызға тіке және көз деңгейінде тұратындай етіп қойыңыз.

Аз қозғалу

Өміріңізде физикалық жүктеме жеткіліксіз болса, ол созылмалы аурулардың пайда болуына ықпал етеді: жүрек ауруы, атеросклероз, қант диабеті және тіпті, қатерлі ісік. Аз қозғалысты өмір салты метаболизмнің бұзылуын шақырып, қандағы қант деңгейін арттырады және бас миы қызметіне жағымсыз әсер етеді. Сондықтан кейде жұмыстан соң бас ауырып, қатты шаршап тұруыңыз мүмкін.

Егер спортзалға баратын немесе таңертең жүгіретін мүмкіндік болмаса, ағза жұмысын қалыпқа келтіруге мыналар да көмектеседі:

- Жылдам серуендеу;
- Велосипед тебу;
- Үй жинау;
- Күнде 5-минуттық жаттығу жасау.

Егер белсенді өмір салтын ұстануды қолға алсаңыз, алғашқы күндері күш көп болмау керегін ескеріңіз: ағзаға жаңа қарқынға үйренуге уақыт беріңіз. Жүгіруге немесе ұзақ жүріске ыңғайлы кроссовка сатып алыңыз, дұрыс тамақтануға көшіңіз және көбірек су ішіңіз.

А. Жапатова