- Негізгі бет
- Жаднама
- Қаржылық сауаттылық: Ақша...
Қаржылық сауаттылық: Ақша жинауға қатысты лайфхактар
Жалақысы жоғары бола тұра, ешқандай жинағы жоқ, ал азғантай жалақы ала тұра, ақшаны жақсы жинай алатын адамдар бар. Бұл адамның ақша жинай алу қабілеті де әркімнің өз икеміне байланысты екенін көрсетеді. Ендеше, көпшілік адамның ақша жинай алмауына не әсер ететінін қарастырайық.
Мақсаттың болмауы
Әдетте адам ақшаны «қара күнге» деп жинайды. Сол үшін басында ақшаны сақтап қойса да, кейін өзін маңызды емес шығындардан шектемейді. Сондықтан қолындағы қаражат жылдам бітеді де, ол алып қойған ақшасынан ала бастайды.
Сол үшін алдыңызға нақты мақсат қойыңыз. Ол жаңа ноутбук сатып алу, көлік жүргізуді үйренетін курсқа бару, үй жөндеу немесе шетелге саяхаттау болуы мүмкін. Ақшаны жинау оңай болу үшін алдымен тез орындалатын мақсатты таңдаңыз. Яғни, алға қойған мақсатыңызды жүзеге асыру үшін оған керек қаражатты бір жыл ішінде жинай алатындай болу керек. Кірістің 10-15%-ын алып қойып көріңіз, сол кезде қалтаңызда күнделікті шығындарға қажетті қаражат қалады.
Аса қажет емес заттар сатып ала беру
Жоғарыда айтылғандай мақсаттың болмауынан күтпеген жерден аса қажеті жоқ заттар сатып ала беруіңіз мүмкін. Бұл әдетте адамның соңғы кездердегі жай-күйіне байланысты да болады. Яғни, психологиялық күйіңіздің ықпалы артады. Көп жағдайда уайым-қайғыдан, жалғыздықтан арылғысы келетіндер қажеті жоқ заттар сатып алуға бейім келеді. Бірақ жаңа зат жан-дүниеңізді аз уақытқа тыныштандырғанмен, жабырқауыңыздың негізгі себебі ешқайда кетпейді.
Жағымды, бірақ аса қажет емес заттарды сатып ала беруге тәуелді адамдарды шопоголиктер деп атайды. Мұндай адамдар күтпеген жерден сауда жасайды. Бұл әрекеттен арылу үшін адам өз-өзімен, өз сезімдерімен жұмыс істеуі керек. Бірдеңе сатып аларда өзіңізден сұраңыз: сол заттың шынымен де керегі бар ма әлде сезімдеріңіз сізді басқарып тұр ма?
Заттарды сайттан онлайн сатып алатын адамдарға «кәрзеңке» бөлімі көмектеседі. Олар сайттан ұнаған заттарын «кәрзеңкеге» сала береді. Адамда өзін жаңа затпен қуанту сезімі қалады, бірақ ақшасы жұмсалмайды және үй «қоқыспен» толмайды. Сондай-ақ сайттағы «кәрзеңкеңізді» біраз уақыт бойы күнде қарап, бір-екі аса қажет емес заттан өшіре беріңіз. Нәтижесінде, өте қажет бір зат қана қалуы мүмкін.
«Артық» ақшаны жұмсап тастағысы келу
Бұл әдет бұрын қолына ақша ұстап көрмеген адамдарда жиі кездеседі. Егер ата-анасы балаға аз болса да, ақша беріп тұрмаса, оны дұрыс жұмсай білуді үйретпесе және қонақтар сыйлаған ақшаны алып алатын болса, бала қолына түскен қаражатты біреу алып алғанша жылдам жұмсап тастауды ойлайды. Оның сол әдеті ол өскен кезде де қалып қоюы әбден мүмкін.
Мұндай адамдар пәтер жалдау немесе азық-түлік сатып алу секілді тек басты қажеттіліктер үшін ғана жұмыс істейді де, қалған «артық» ақшаны тез жұмсап тастайды. Бұл «артық» ақша қажет немесе қажет емес заттарға жұмсалуы мүмкін. Мұндай адамдардың проблемасы — ақшаны қайда жұмсауында емес, ол оны өте жылдам жұмсап тастауында.
Алған жалақыны алғашқы күндері-ақ жұмсап тастамас үшін алдымен жоспар құрыңыз. Өзіңізге бірдеңе сатып алуға бірден тыйым қоймаңыз. Алдымен ақшаны бірден жұмсап тастамауды үйреніңіз. Ол үшін қай күні не сатып алатыңызды жазыңыз және сол жоспармен жүріңіз. Содан кейін ғана алдыңызға мақсат қойып, соған ақша жинаңыз.
«Мүмкіндігіне» сай өмір сүргісі келмеу
Егер жалақыңыз жақсы, оның үстіне ойламаған жерден ештеңе сатып алмайтын болсаңыз, бірақ сонда да жинаққа салатын қаражат қалмаса, барлық шығыныңызды жазыңыз. Сол кезде қаражатыңыздың көп бөлігі не нәрсеге жұмсалып тұрғанын көре аласыз. Себебі кейде адамдар қымбат пәтер жалдап тұрады, көлікті кредитке алады немесе күнде тамақты үйде пісірудің орнына тапсырыспен сырттан алдыртады. Ары қарай сізде екі жол бар: көбірек ақша табу немесе кей шығындарды шектеу.
Бірінші әдіс бойынша, ақшаны көбейту жолын тапсаңыз, сіз бұрынғы өмір сүру деңгейіңізден бас тартпайсыз. Бірақ өз-өзіңізбен жұмыс істемесеңіз, қанша көп тапсаңыз да, жинаққа ақша қалдырмауыңыз мүмкін. Екінші әдіс бойынша, бұрынғыдай «жайлы» өмір сүрмейсіз, бірақ қалтаңыз босап қалмайды. Осы жерде үшінші әдісті шығаруға болады: бұрынғы шығындардан уақытша бас тарту, көбірек ақша табуға тырысу және ақшаға деген қатынасыңызды өзгерту. Ол көп күшті қажет етеді, алайда нәтижесінде өмір сапасы жақсарады.
Ал әзірге қызмет көрсетуі көп ақшаны қажет ететін көлік аса қажет пе әлде қала ішінде таксимен жүре тұрған тиімді ме? Егер үйде көп уақыт болмасаңыз, қаланың қақ ортасында тұрған қымбат пәтерді жалға алған дұрыс па әлде шет жақтан қараған жөн бе? Мүмкін үнемі мейрамханадан тамақ тапсырыс бергеннен гөрі көбіне үйден дайындап жеген тиімді болар?!
Біз адам өміріндегі жайлылықтан бас тартуы керек демейміз, жай тепе-теңдік жайлы ұмытпауға кеңес береміз. Барлық жалақыны күнделікті қажеттіліктерге жұмсап, бірақ ешқандай жинақтың болмауы да қауіпті.
А. Жапатова