Түр-түстердің психологиялық әсері мен ерекшеліктері

Түр-түстердің психологиялық әсері мен ерекшеліктері
Фото: wallpaper-mania.com

Әр адамның түр-түсті қабылдау ерекшелігі әртүрлі. Бұл қасиет адам мінезіне, жасына, көңіл-күйіне және басқа да жайларға байланысты. Сондай-ақ түр-түстер адам ағзасына тікелей әсер етеді, адамды ерекше күйге бөлейді.

Түр-түсті біз бір-бірімен салыстыра отырып ажыратамыз. Олардың біреулері адамға "жылы" көрінсе, енді біреулері "суық" болып көрінеді. Осыған орай түстерді "жылы" және "суық" (немесе "салқын") деп бөледі. Өйткені адам ыстық оттың жалыны қызыл, қызғылт екенін, суық мұздың түсі көкшіл, жасыл, қара көк екенін бала күнінен біледі. Сонымен бірге түр-түстерді бір-бірінен ашығырақ, қанығырақ, суығырақ, жылырақ немесе күңгірттеу деп бөлеміз. Қазақ тіліндегі түсі суық, өңі жылы деген тіркестердің төркіні осы түске барып саяды. Мәселен, таза қызыл түс әдетте күш-қайратты бейнелейді, көтеріңкі, салтанатты сезім туғызады. Ал ол алқызыл түске ауысып, күлгінге жақындаған сайын сезімге солғын, бәсең әсер етеді, салқындай түседі. Сары түсті Гете "ашық түстердің ішіндегі ең мықтысы" деген екен. Сары түс адам бойын сергітеді, көңілдендіреді, ол көк түске қосылып жасыл реңге ауысқанда шалғын шөпті, жасыл орманды, салқын саяны, табиғаттың жанға жайлы тыныштығын елестетеді.

Ақ түс ежелден кіршіксіз тазалықтың белгісі болып саналған, сонымен қатар халқымыз оны адалдық пен берекенің белгісі деп есептейді. Біздің салт-санамызда, әдет-ғұрыптарымызда ақ түске байланысты көптеген қоғамдық символика бар.

Белгілі жағдайларда түр-түстер көз алдымызда өзгеріп, әртүрлі құбылуы мүмкін. Мысалы, ақ қағаздың бетіндегі қызғылт сары түсті дөңгелекке көз алмай біраз қарап тұрсақ, оның айналасынан көк жасыл алау шығып тұрғандай сезінеміз. Ал көзімізді сол дөңгелектен тез тайдырып, ақ қағаздың таза бөлігіне айдара қойсақ, қызғылт сары дөңгелек көк жасыл болып шыға келеді. Дөңгелекті таза қызылға бояп, жаңағыдай ұзақ қарасақ жасыл түсті көреміз. Керісінше, жасыл түске көз алмай біраз қарап тұрсақ, айналасы қызыл сәуле шашып тұрғандай көрінеді. Бұл құбылыс көздің үш түсті ажырататын анализаторларының қызметіне байланысты. Қызыл түске ұзақ қараған кезде көзіміздің бұл түсті ажырататын анализаторлық қасиеті біртіндеп жойылады да, оның орнына жасыл, көк түстерді көру бөлшектері күштірек қызмет атқара бастайды. Осыдан барып біз жасыл түстің орнына қызыл, қызылдың орнына жасыл түсті көреміз. Сөйтіп біз әрбір түске ұзақ қарайтын болсақ, онда олар бізге қарама-қарсы реңктерге ауысқандай әсер етеді екен.

Адамға көк немесе көк жасыл түске боялған бөлменің температурасы қызғылт түске боялған бөлмеден 3-4 градус суықтау болып көрінеді.

Түр-түстердің ашықтығы (жарықтығы) мен қараңғылығы (күңгірттігі) да адамға әртүрлі әсер етеді. Бұл заңдылық, тіпті табиғатта да ескерілген сияқты. Мәселен, қараңғы, күңгірт, қою реңкті заттар (тау-тас, орман-тоғай, топырақ, т.с.с.) жерде болса, жеңіл де жарық заттардың бәрі (күн, ауа, бұлт, т.б.) аспанда, яғни жоғарыда. Бұл заңдылық үйіміздің ішкі бояу нақыштарынан да байқалады. Бөлменің төбесі ақ, қабырғалары жарық реңкті түстерге боялса, сыртқы іргетасы, едені, әдетте, қоңыр, күңгірттеу түстерге боялады. Үйдің ішкі төбесі еш уақытта қоңыр түске боялмайды, ал бояла қалса, ол өте аласа болып көрінеді. Сондықтан да біздің тұрғын үйлеріміздің ашық түске боялуы кездейсоқтық емес. Олар адамның көңіл-күйіне, психологиясына, эстетикалық талғамына сай болуы керек.

Н. Үсенова