- Негізгі бет
- Жаднама
- Жалқаулықты жеңудің 5...
Жалқаулықты жеңудің 5 әдісі
Жалқаулық кез келген адамның өмірінде кенеттен пайда болады. Жалқаулықты жеңу, әдетте, оның пайда болу себебін анықтау арқылы жүзеге асады. Жалқаулықты жеңудің қандай әдістері бар?
1. Мотивация әдістерін игеру
Адамдардың қандай да бір істі бастап кете алмауының себебі – оны орындағаннан ләззат алмауы немесе оның нәтижесінің аса ынталандырмауы. Кейде жұмыс көлемінің көп болғаны соншалық неден бастап кететінін білмейді. Бұл жағдайда жалқаулықты жеңу үшін өзіңізге мотивация бере білуіңіз керек. Мотивацияның түрлі әдістері бар:
Швейцариялық ірімшік әдісі
Ол көлемді тапсырманы орындауға кірісе алмай жүрген кезде пайдалы. Оны, тіпті, жалқаулық сезімі емес, неден бастарын білмеушілік деуге болады. Ірімшіктің үлкен бөлігін жеуге тырысқан тышқанның әрекетін елестетіңіз. Алдымен ол үлкен бөлікті жей алмайды. Ол ірімшіктің әр жерін тістей бастайды. Содан соң ірімшік кішірейе бастайды, нәтижесінде тышқан оның қалғанын бір жұта салады. Үлкен тапсырманы да кішкентай тапсырмаларға бөліп алу керек. Содан соң рет-ретімен оларды орындауға кірісіңіз. Сол кезде тапсырманың жалпы көлемі қолайлы мөлшерге дейін қысқарады.
Зәкір
Бұл жалқаулықты жеңуге көмектесетін қулы әдіс. Әр адам арасында өзін еркелетіп тұрады. Оны нақты бір істі орындағаны үшін сыйлық ретінде қолдануға болады. Мысалы: Таңертеңнен бастап 10 клиентке телефон шалып шықсам, ұялы телефонымнан 15 минут ойын ойнаймын немесе инстаграмда отырамын.
Таңғы асқа "бақа" жеу
"Бақа" – үнемі кейінге ысырып жүретін маңызды іс (немесе тапсырма). Бұл ең жағымсыз істі таңертең орындап тастау керек екенін білдіреді. Сол кезде күні бойы қалған жағдайларды қуана-қуана қабылдайсыз.
Табыс журналы
Табыс журналын бастау – жалқаулықты жеңумен қатар өз-өзіңізді бағалау деңгейіңізді арттыруға көмектеседі. Бұл журналға күнделікті жетістіктеріңізді, орындаған тапсырмаларыңызды жазып жүріңіз. Жалқаулық орын алған кезде осы журналды ашып, өз істеріңізден мотивация алыңыз.
2. Спортпен айналысу
Адамның өмірлік ұстанымы оның қозғалыс белсенділігімен тікелей байланысты. Физикалық жаттығулар қанда ынталандырушы заттардың өңделуіне ықпал етеді. Сондықтан спортзалдан шыққаннан кейін немесе таңертең жүгіріп келгеннен кейін барлық ойларыңыз айқындала түсіп, бірдеңе істеуге ынтаңыз болады. Оның үстіне спортпен айналысу адамды тәртіпке үйретеді.
3. Дұрыс демалу
Адам қалпына келіп үлгермесе, бірдеңе істеуге деген құлшынысы азаяды. Егер демалыс пен белсенділікті дұрыс кезектестіріп үйренсеңіз, жұмысқа қажетті энергияны сақтап тұра аласыз.
4. Әдетке айналдыру
Бізді бала кезімізден тіс жуу, жуыну, таңғы ас ішу немесе таңертең жаттығу жасауға үйретеді. Яғни, бұл міндеттер біздің күнделікті әдетімізге айналып кеткен. Мысалы, өзіңізді дамытуды (кітап оқу, спортзалға бару) әдетке айналдырыңыз. Сол кезде оны да автоматты түрде орындайсыз.
5. Екпінді адамдармен араласу
Жалқаулықты жеңудің тағы бір әдісі – оны жеңген адамдармен араласу. Себебі адамның өз ортасына қарай бейімделіп кететіні өтірік емес. Белсенді адамдардың ортасында жүріп, сіз де белсендірек әрі мақсатты бола түсесіз.
А. Жапатова