Сағыздың негізгі міндеті қандай?

Сағыздың негізгі міндеті қандай?
Фото: med-heal.ru

Сағызды ересектер де, балалар да шайнайды. Жарнамадан сағыз тынысты балғын ететінін, тісті ағартатынын және тісжегі дамуының алдын алатынын көрсетіп жатады. Ал сағыздың негізгі міндеті қандай?

Сағыз алғаш рет шамамен 5 мың жыл бұрын ежелгі Грекияда пайда болған. Олар түрлі шайырлар мен балауыздар түрінде болды. Бізде де бастапқыда қарағай шайырынан дайындалған "сағыз" шайнаған. Ол тамақ қалдығын кетіретін және тынысты балғын ететін: оның құрамында ешқандай зиянды заттар болған жоқ. Қазір де табиғи шайырды қолданып, сағыз дайындайтын өндірушілер бар. Алайда заманауи сағыз жиі "резеңке" негізден (әдетте, ол мұнайдан алынатын изопренді каучук), түрлі хош иістендіргіштерден, дәмдік қосымшалардан, консерванттардан және қант алмастырғыштардан тұрады.

Сағыз тісті ағартпайды. Тісті ағартуға тіс дәрігерінің кәсіби көмегі қажет.

Сағыз ауыздағы жағымсыз иісті кетірмейді. Жағымсыз иіс ауыз қуысы немесе асқазан-ішек жолы аурулары салдарынан пайда болады. Бұл белгі – дәрігерге қаралуға себеп. Кейде жағымсыз иісті дәл қазір кетіру керек кездер болады. Ол үшін арнайы спрей алыңыз. Егер сонда да бұл мақсатта сағызды қолдануды жөн көрсеңіз, оның қылқанды ағаштар шайыры негізінде жасалған түрін таңдаңыз.

Сағыздың негізгі міндеті – гигиеналық тазалық. Тамақ жеген кезде міндетті түрде тіс арасына оның қалдықтары қалып қояды. Ал сағыз шайнаған кезде ол тамақ қалдықтарын алып шығады. Сағыздың бұдан басқа пайдалы қасиеті жоқ. Сондықтан оны тамақ ішіп болған соң 2-3 минут қана (одан артық емес) шайнау керек. Сағыздың орнына тіс жібін қолдануға болады. Сағыз, әдетте, үйден тыс жерде тамақ жегеннен кейін көмектеседі. Мысалы, тамақ ішкен соң тіс жууға немесе аузыңызды дұрыстап шаюға мүмкіндік болмаған жағдайда бірнеше минут сағыз шайнаңыз.

Сағызды ұзақ шайнаудың қандай зияны бар? Біріншіден, шайнау кезінде өзіндік вакуумдық әсер пайда болады. Сондықтан пломба, коронка, имплант және кейде, тіпті, тістің өзі сынып кетуі мүмкін. Екіншіден, шайнау рефлексті түрде сілекейдің бөлінуін шақырады және ас қорыту бездерін іске қосады. Егер ұзақ сағыз шайнаған соң тамақ жемесеңіз, нәтижесінде гастрит немесе басқа да асқазан-ішек жолы бұзылулары орын алады.

А. Жапатова