Дыбысхат vs мәтін. Қалай орынды қолдану керек?

Дыбысхат vs мәтін. Қалай орынды қолдану керек?
Фото: massaget.kz

Мессенджерлерде дыбысхат пайда болғалы бері біраз адамның жұмысы жеңілдеді. Бірақ дыбысхаттың ыңғайсыз, орынсыз тұстары да бар. Massaget порталы қолданушылар қандай жағдайда мәтін немесе дыбысхат қолданатынын анықтап көрді.

Нұрлан Жанай, прожект менеджер

Хаттың көбіне мәтін болып жіберілгенін қалаймын. Бірақ егер көп әңгіме болса, дыбысхат жіберу керек. Өзім дыбысхатты тек жақын араласатын достарым мен серіктестеріме жіберемін.

Мұрат Данияр, блогер

Маған күніне біршама хат келеді. Солардың ішінен мәтіндерді ғана оқимын, ал дыбысхатты тыңдамаймын десем де болады. Әсіресе, танымайтын адам жіберсе. Саған алғаш жазып тұрған біреу неге бірден дыбысхаттан бастауы керек?

Маған хабарламаны мәтін ретінде оқыған ыңғайлы, себебі оқи салу жеңілірек. Мысалы үш сөйлемді тыңдау үшін 20 секундың кетсе, оны оқуға 2-3 секунд қана жұмсайсың. Ал өзім үшін біреуге хатты дыбысхат ретінде жіберген тиімді. Сәйкесінше бұл маған ыңғайлы, ойымды әріптеп теріп отырмай, уақыт үнемдеймін, үнемдемек тұрмақ ерінемін. Жалпы қазіргі уақытта ақпараттың көптігінен біраз нәрсеге ерінетін болдық.

Абылай Юсупов, маркетолог

Маған мәтін оқыған ыңғайлы, бірақ егер жазып отырған адамға дыбысхат қолайлы болса, солай жібере бергенін сұраймын.

Дыбысхатпен жағдайды солай ауызша жеткізген ыңғайлы болып тұрса ғана жіберу керек деп ойлаймын. Ал ұзақ әрі еш қисынсыз дыбысхаттардың еш жөні жоқ. 

Мен тек ең жақын адамдарыммен және жұмыста көп араласатын адамдарға ғана дыбысхат жіберемін.

Ғазиза Ұзақ, журналист, PR маманы 

Қазіргі таңда хат-хабар алмасудың түрлі жолы бар. Қайсысын қолданамын десең, таңдау өзіңде. Тек әр нәрсенің өз жолы мен әдебі бар. Дыбысхат – ақпарат алмасудың өте қолайлы амалы. Оны дұрыс не бұрыс деп айтуға келмес. Себебі, дыбысхат жіберу бір қажеттіктен туады немесе кей жағдайда амалсыздан қолданасың. Мысалы, көлік жүргізіп келе жатырсыз немесе бір жаққа асығыс кетіп барасыз, уақыт тапшы, шұғыл түрде жауап беру керек, осы кезде амалсыз дыбысхат жібересіз. Және оны кімге жіберіп жатқаныңызға мән беру керек. Егер жұмыс бабымен болса, онда әрине, уақыт тауып дыбысхат емес, кәдімгі мәтінмен жауап бересің. Бір байқағаным, дыбысхат жіберген кезде адам баласы не айтып, не қойғанын өзі түсінбей қалады. Мәтінмен жібергенде ойы тиянақты, сөзі түсінікті келеді, артық сөздер айтылмайды.

Мен үшін дыбысхат немесе жазылған мәтінмен хабар алу аса маңызды емес. Әртүрлі жағдай болуы мүмкін ғой. Дыбысхатпен келген хабарламаны бірден тыңдай алмайтын жағдайда болсам, асықпай біраздан соң тыңдап, жауап беремін. Жұмыс бабымен болса, мәтін алған дұрыс. Себебі, ол – қажет ақпарат, кез келген уақытта іздеп тауып аласың, одан қалса, сақтаулы тұрады (дыбысхаттар кей жағдайда өшіп қалады).

Бір кездері мен көзілдірігін жоғалтып алған, орта жастағы бір туысқаныммен хабарластым. Ол кісі мәтін терейін десе көзі дұрыс көрмейді. Амалсыз дыбысхат жіберіп жатты. Сондықтан да дыбысхат жіберілген кезде оны түсіністікпен қабылдауға тырысамын.

Асығыс кетіп бара жатқанда, мәтін теруге уақыт тапшы болғанда амалсыз дыбысхат жіберуге тура келеді. Оның өзінде жиі хабарласатын жақындарым мен достарыма ғана жолдаймын. Сондай-ақ, шетелде тұратын туысқандарым мен достарым бар. Арамызда біраз уақыт айырмашылығы бар ғой. Бір-бірімізге телефон шалып, дұрыс сөйлесе алмай жатамыз. Сол кезде оларға қал-жағдайларын сұрап, ауылдың жаңалығын айтып, қысқасы, барлық жаңалықты жиып дыбысхат жіберемін. Жұмыс бабымен болса, телефон шаламын немесе мәтін жолдаймын.

Руслан Мералиев, әлеуметтік ғылымдар магистрі

Дыбысхаттың артықшылығы – адресатқа интонация арқылы эмоцияңызды, көңіл-күйіңізді жеткізе аласыз. Жазбаша хатта мұндай мүмкіндік жоқ. Жазғаныңызды оқығандар кейде өзі болжаған интонацияда оқып, сіздің шын экспрессияңызды біле алмай қалуы мүмкін. Мұндайда дыбысхат керек-ақ.

Ал кемшілігі – көп қолданушы 10 секундта айтып тастауға болатын сөздерді 30-40 секундқа созып жібереді. Оның өзін кез келген уақытта тыңдай алмаймыз. "Мәтін қылып жазшы, қазір дыбыс тыңдай алмаймын" немесе "Қайта жазшы, дауысың дұрыс естілмейді" деген ситуациялар бәрімізде болды деп ойлаймын.

Тағы бір үлкен кемшілігі – дыбысхат мессенджердің іздеу жүйесне өте ыңғайсыз. Кейде ұзын-сонар диалог ішінен керек сөзді іздеп табу керек болғанда мәтіннен табу оңай болады, ал дыбысхатты тыңдап отыру керек.

Дыбысхат бізге ыңғайлы шығар, бірақ адресатқа ыңғайсыз. Біреудің уақытын құрметтеу керек. Таныс емес немесе көп араласпайтын адамға дыбысхат жіберерде кем дегенде диалог этикасына сай, мәтінмен "Дыбысхат жіберсем бола ма? Ұзын мәтін жазатын уақытым болмай тұр" деп рұқсат сұрау керек. 

Massaget.kz