Эко-өмірге 5 қадам

Эко-өмірге 5 қадам
Фото: ru.freepik.com

Біз тауарлар мен қызметтердің молшылық кезінде өмір сүріп жатырмыз. Оның артықшылығымен қатар кемшіліктері де бар: ағаштардың саны азаюда, қоқыстың мөлшері артуда, өмір сүру ортасының сапасы төмендеуде және т.б. Сондықтан әр адамның қолынан келетін қарапайым эко-әдеттерді ұсынамыз.

1. Эко-сөмке

Мүмкіндігінше дүкеннен полиэтилен пакет алмаңыз. Оның орнына бір-екі эко-сөмке алыңыз. Ол үнемді әрі ұстауға өте ыңғайлы. Оның иыққа асатын ұзындау бауы болады және өте берік матадан жасалады. Экосөмкені әркез ауыстырып, лақтырудың қажеті жоқ. Ол сізге ұзақ қызмет етеді. Оны полиэтилен пакет секілді әркез қоқысқа лақтырмайсыз және экологияға зияныңызды тигізбейсіз. Сондықтан эко-сөмкені әркез өзіңізбен салып жүруді, дүкенде полиэтилен пакет бергенде бас тартып, өз сөмкеңізге салып алуды әдетке айналдырыңыз.

2. Суды өшіріп жүру

Әсіресе, тіс жуғанда суды ағызып қоймаңыз. Ол кезде 10 литрдей су кетеді. Оның орнына стақан қойып қойыңыз. Егер бұл әрекетті әдетіңізге айналдырсаңыз, сізге қарап балаларыңызда солай жасайтын болады. Суды ыдыс-аяқ жуғанда да үнемдеуге тырысыңыз.

3. Қоқыс жинау

Отбасыңызбен арасында саябаққа немесе табиғатқа барып қоқыс жинауды әдетке айналдырыңыз. Балаңызды табиғатпен "дос болуға", оны құрметтеуге шақырыңыз. Сол секілді көкке шыққанда демалып болған соң артыңызды қоқыстан жақсылап тазалап кетіңіз. Тек өзіңіздің емес, оған қоса басқалардың тастап кеткендерін де жинай салыңыз.

4. Химиялық тұрмыстық құралдардан бас тарту

Әрине, химиялық тұрмыстық құралдардан толықтай бас тарту қиын. Дүкен сөрелерінде әр құрылғыға арналған түрлі тұрмыстық тазалағыш құралдар толып тұр. Әрқайсысына жеке-жеке алудың қажеті жоқ. Кір сабын, ас содасы, сірке суы секілді өнімдермен жасалатын түрлі лайфхактар бар. Үйде балалар сабынын қолданыңыз. Бұл әрекетіңізбен айналаңызды химиялық компоненттер қалдығынан қорғай аласыз.

5. Зарядтау құрылғысын тоқтан суыру

Құрылғыны зарядтап болған соң міндетті түрде тоқтан суырып тастаңыз. Розеткада қалып қойған зарядтау құрылғысы энергияны 40 пайызға дейін алады. Ұйықтар алдында барлық құрылғыны (мысалы, ноутбук, теледидар және т.б) тоқтан суырып тастаған жөн. Бөлмеден шыққанда жарықты сөндіріп жүріңіз.

Бұл әрекеттер әдетке айналу үшін оларды 21 күн қатарынан қайталау керек. Содан соң олар өміріңіздің қалыпты әдетіне айналады.

А. Жапатова