- Негізгі бет
- Жаднама
- Математик сияқты ойлан...
Математик сияқты ойлан
"Математика тек аса дарындылардың ісі" деген шала ұғым бар. Барбара Оакли бұл оймен келіспейді. Ол өзінің "Есепке керек ақыл" кітабында математика мен жаратылыстану ғылымдарына кез келген адамның қабілеті бар екенін айтады. Осы және өзге де пайымдарды автор көпке түсінікті тілмен жеткізген. Кітап математикалық білімді насихаттағанымен, ондағы кеңестерді өзге салалар призмасында да қолдануға болады. Назарыңызға кітаптағы астын сызып, қойын дәптерге түртіп аларлық ойларды ұсынамыз.
***
Бір пәнге деген махаббат оны жақсы оқу кезінде ғана пайда болады. Математиканы нашар білгендіктен оны жақсы көріп кете алмаймын дейтіндер қатты қателеседі.
***
Адамды жетістікке қарағанда сәтсіздіктер шыңдайды, себебі әр сәтсіз қадам мәселеге жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді.
***
Жаңа білімді игеру уақытты талап етеді. Басында жаңа білім сізге мүлдем түсініксіз болып, өзіңізді артта қалып кеткендей сезінуіңіз мүмкін. Бұл – табиғи құбылыс, яғни жаңа ақпарат сана түбінде қорытылуға дайын. Дәл осындай жағымсыз сезімдерден кейін сіз өзіңіздің қалай шыңдалып қалғаныңызды байқайсыз.
***
Математиканы немесе өзге жаратылыстану ғылымдарын оқу кезіндегі ең басты қателік – жүзуді үйренбей жатып суға секіру.
***
Ұйқы – күрделі есептерді шешуге көмектесетін ең пәрменді процесс.
***
Сабақтағы бағалар – сіздің түбегейлі сипатыңыз емес. Баға тек тайм-менеджмент пен үлгерімнің ғана көрсеткіші.
***
Бір уақытта бірнеше жұмысты істеу энергияны шығындайды. Зейініңізге бірнеше шаруаны артып қойсаңыз, шаршауға бейім боласыз. Нәтижесінде шамадан тыс энергия құртылады. Одан қалды сіз материалды дұрыс игермейсіз. Қарабайыр мысал: үй жұмысын орындағанда бірнеше жұмысты қатар істейтін оқушылар нашар баға алады.
***
Математика және жаратылыстану пәндерінің тапсырмаларын шешу фортепианолық пьесаны орындауға ұқсайды. Қаншалықты көп жаттықсаңыз, менталды паттерндер соншалықты анық, сенімді, мығым болады.
***
Ілмек сөздерді, маңызды сөйлемдердің астын мұқият, асқан зейінмен сызып отыру керек. Себебі сөйлемді оқып бола салысымен астын сызып отыру санаға сызғанды құйып алдым деген жалған сенім орнатады. Сондықтан мәтінді тұтас оқып алып барып керек тұстарын сызыңыз.
***
Асылында математика мен жаратылыстану ғылымдарына деген қабілет пен түйсік кез келген адамда бар. Бастысы терминология мен ғылым мәдениетіне икемделу керек.
***
Материалды түсінбей, тығырыққа тірелу – білім алудың стандартты және ең қажетті бөлігі. Оқу деген – түсінбеген нәрсені еңсеру. Сұрақты дұрыс қою мәселенің 80%-ын орындайды.
***
Оқу кейінге қала берсе, сіз оған түптің түбінде үстіртін қарайтын боласыз.
***
Ойлау тәсілін өзгерту арқылы біз миымызды да елеулі түрде өзгерте аламыз.
***
Прокрастинация (кешеуілдету) жетістікті тұншықтырады.
***
Әдет – күшімізді үнемдейтін құрал.
***
Интерливинг – түрлі мәселені түрлі стратегиямен шешетін іс.
***
Математика мен жаратылыстану пәндерін оқу кезіндегі маңызды іс – абстрактілі идеяларды ояту.
***
Көзді жыпылықтату – өмірдегі маңызды әрекет. Көзді жиі ашып-жұму арқылы ситуацияға жаңа қырынан қарауға болады.
***
Қателік істеп оны түйсінген сайын қуаныңыз, себебі ол сізді дамытады. Эдисонның өзі айтқан: "Мен қателескен жоқпын. Мен тек іске аспайтын он мың тәсілді меңгердім".
***
Көбі мәселені шешудің бір ғана жолы бар деп ойлайды. Алайда мәселенің шешімін түрлі жолмен табуға болады. Сізге оны тек көре білу керек.
***
Дымын қалдырмай жауаптарын жаттап алып емтиханды тапсырып шығу – жетістік емес.
Massaget.kz