Онлайн ортаның заңдары

Онлайн ортаның заңдары

Оффлайн өмірдің бір бөлігін онлайн орта алмастырғаннан кейін, адам ойы интернетте бедерлене бастады. Әр адамның пікірі көпшілікке тарайтын деңгейге жетіп, тұрмыстағы коммуникация әлеуметтік желілер арқылы баланс орнатқалы қашан?! Ал сол баланс кей жағдайда бұзылып жатады. 

Әлеуметтік желілердегі әр постқа пікір қалдырып отыру – бүгінгі күннің тенденцияларының бірі. Кей адамның жаңа күні әлеуметтік желідегі лентаны ақтарудан басталатыны да жасырын емес. Даулы мәселе талқыланып жатқан мыңдаған пікір білдірушілер ішінде жалған ақпарат таратып, жала жауып жататын қолданушылар көпшілік алдында жазылған пікірдің салмағы мен салдарын біле бермейді. Себебі, 2017 жылдың басында өзгеріске ұшыраған әлеуметтік желідегі пікірлерге қатысты Қылмыстық кодекс заңдарының қоғамдағы бәсі биік емес. Заң күшіне енгеннен кейін әлеуметтік желілердегі пікірлері үшін Қазақстанда 30-дан астам азамат жауапқа тартылған. Онлайн ортада қандай пікірлер мен сөздер үшін қылмыстық іс қозғалады?

1) Қылмыстық кодекстің 130-бабы. Жала жабу

Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату – екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан шектеуге әлде сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2) Қылмыстық кодекстің 131-бабы. Қорлау

Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту – екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.

3) Қылмыстық кодекстің 147-бабы. Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу

Бұқаралық ақпарат құралдарында немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмiрi туралы мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз тарату не өзге де дербес деректердi заңсыз жинау және (немесе) өңдеу нәтижесiнде адамның құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiру бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4) Қылмыстық кодекстің 161-бабы. Басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргiзу немесе жария түрде шақыру

Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып басқыншылық соғысты жария түрде шақыру – үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

5) Қылмыстық кодекстің 274-бабы. Көрінеу жалған ақпарат тарату

Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Заманбек Меңдіғалиев, заңгер: 

Әлеуметтік желілер қоғамның пікір алмасу алаңы болғандықтан, заң күші бұған да тең дәрежеде енеді. Яғни, әдепкі формадағы қылмыстық іс пен интернеттегі заң бұзушылықтар жазасы көп жағдайда бірдей болуы мүмкін. Интернеттегі пікірлердің қылмыстық дәрежесіне қарай азамат түзету жұмыстарын орындауға, айыппұл төлеуге, бас бостандығынан айырылуға мәжбүр.

Заңдардың сөз бостандығын шектеу мәселесіне келер болсақ, заң нормалары қылмыстық, әкімшілік, азаматтық кодекстегі заңнан аттамаған барлық пікірді шектемейді. 

Оффлайн-онлайн өмірдегі шалыс басқан әр қадамның заң алдындағы жауапкершілігі мол. Сондықтан заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Әлем халықтарының ұлттық музыкасы жиналған сайт
Әлем халықтарының ұлттық музыкасы жиналған сайт
Тест: Ағылшынша сленгті қаншалықты жақсы білесіз?
Тест: Ағылшынша сленгті қаншалықты жақсы білесіз?
Артем Резников азулы ресейлік файтерді жеңді
Артем Резников азулы ресейлік файтерді жеңді
Әлемдегі ең қауіпті елдер
Әлемдегі ең қауіпті елдер
2020 жылғы "Болашақ" стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды
2020 жылғы "Болашақ" стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды
НАСА тіршілік іздерін іздеу мақсатында Шолпан планетасына зонд жібермек
НАСА тіршілік іздерін іздеу мақсатында Шолпан планетасына зонд жібермек