- Негізгі бет
- Жаднама
- Бүгінгі күн өміріңіздегі...
Бүгінгі күн өміріңіздегі ең жақсы күн
Орыстың атақты рок әншісі Виктор Цойдың мынадай сөзі бар: «Өлмейтіндей арманда, бірақ бүгін өлетіндей өмір сүр». Расында, адам баласына Құдай тарапынан зор мүмкіндіктер берілген. Оны игеру өзіңіздің ғана құзырыңызда.
Болашақ бүгіннен басталады. Ертең істеуіңіз керек нәрсені – бүгін істеңіз, түстен кейін істеуіңіз керек нәрсені – түске дейін істеңіз.
Бүгінгі күн сәтті күн бола ма, естелігі жоқ мағынасыз күн бола ма, маңызды емес. Маңыздысы – бұл күн сіздің өміріңізде бір-ақ рет болатыны, ешқашан қайтып келмейтіні.
Мынадай бір қызық тәмсіл бар. Қажет болса, түртіп алыңыз.
Бірде үш ойшыл адамзат үшін өткен шақ, осы шақ немесе болашақтың қайсысы маңыздырақ деп өзара айтыса бастайды.
– Менің өткен өмірім менің болмысымды жасайды. Менің қазір қолымнан келетіні тек өткен шақта оқып үйренгенім ғана. Маған бұрыннан араласып жүрген жақсы адамдармен араласу ұнайды,– деді біріншісі.
– Келісесіздер ме,– деді екіншісі, – адамды адам ететін болашағы ғой. Менің дәл қазір нені білетінім, нені істей алатыным маңызды емес. Маған болашақта не керек болады, мен соны оқып үйренемін. Менің қазіргі әрбір іс-қимылым менің болашақта неге ұмтылып, кім болуыма байланысты. Маған болашақта пайдалы адамдармен араласу ұнайды.
– Сендер бір нәрсені естен шығарып алдыңдар,– деп әңгімеге араласты үшіншісі, – өткен шақ пен болашақ – тек біздің ойымызда ғана. Өткен нәрсе өтті, кетті, қазір жоқ. Болашақ әлі келген жоқ. Өткенді еске алып жатсың ба әлде болашақты армандап отырсың ба, қалай болғанда да сен осы шақта әрекет етіп отырсың ғой,– деп жауап берген екен.
Бүгін – ертеңгі күніңіздің бастауы. Ертеңіңнің қандай болатыны бүгініңізге тікелей байланысты. Сондықтан ертең, ертең деп жүріп бәрінен құр қалып қоймаңыз.
Бүгін барлығы керемет болмауы мүмкін. Бірақ оны керемет ету сіздің ғана қолыңызда. Ешкімнен ештеңе күтпеген кезде нағыз өмір басталады.
Ешқашан ертеңмен өмір сүрмеңіз. Бүгін өмір сүріңіз. Себебі, кешегі күніңіз келмеске кетті, ал ертеңгі күннің болар-болмасы беймәлім. Барлығына бүгін кірісіңіз.
Бүгін қандай болсаңыз, ертең де дәл сондайсыз. Өзгеру қажет болса, бүгін өзгеріңіз. Өміріңізге түбегейлі өзгеріс жасағыңыз келсе, ертеңді күтпей бүгін әрекет жасаңыз.
Бүгінгі күннің сіздің өміріңіздегі ең жақсы күн екенін ұмытпаңыз...
Ж. Жұмағұлов