- Негізгі бет
- Жаднама
- Әлеуметтік желідегі сезімнің...
Әлеуметтік желідегі сезімнің құны қандай?
Ата-анаңыздан, ата-әжеңізден сұрасаңыз, олар: «Біздің кезде махаббат деген керемет еді ғой. Әжеңді кездесуге шақыру үшін жеңгесіне барамыз. Ысқырып шақыратынбыз. Құшақтау түгілі, қолын әрең ұстайын едік» деп ағынан жарылады. Бұл ешқандай аңыз не ертегі емес, шынайы сөздер. Ал қазір ше?
Әлеуметтік желідегі желіккен сезімнің құрбаны болып жүрген жастарға қарап ойланасыз. Себебі олар сенеді. Олар пернетақтамен жазылған сөздерге, еркелеткен смстерге, суреттерге үмітпен қарайды. Ендеше көзге көрінбейтін, экранның ар жағындағы сезімнің құны жоғары болып тұрғаны ма?!
Ең алдымен әлеуметтік желіде достық қатарына қабылдау ережесі бойынша романтиканың бірінші сатысы жүзеге асады. Ол жердегі басты ерекшелік суретке үңілу. Егер әдемі болмаса оны қабылдамайсыз, ал әдемі әрі ерекше болса бірден қабылдап, диалогқа түсіп кетесіз.
Екінші сатысы күнде жазып тұру, суреттер алмасып қайда жүргендері жайында бір-біріне есеп берумен негізделеді. Арада уақыт өте келе қызғаныш пайда болады? Ол қандай қызғаныш деп ойлайсыз ғой, сырттан бөтен бір жігітті не қызды қабылдаса, суреттеріне «ұнады» деп баға берсе артық ой мазалайды. Ал ең соңғы және сенімді саты бұл әлеуметтік желідегі парақшаңыздың құпия сөзін беру, сол арқылы бір-бірінікімен отырып тексеру жүргізу.
Міне, бұл қазіргі махаббат. Қашықтан басқарылатын, ешбір романтика не сезім жоқ робот махаббат. Ең қызығы бірнеше ай бойы тек жазумен суреттеп келген махаббатын кездестіре қалған күні бұрыннан кездесіп, сөз байласып жүрген адамдай құшақтап, қолынан ұстайды. Арадағы мінез, қасиет, тәрбие ескерілмейді. Себебі виртуалды өмірде қандай мінез болсын, қандай тәрбие не мән болсын. Бәрін бетпе-бет көрмеген соң бірдеңе деу қиын ғой. Ал жастардың бұл махаббатпен ауырғаны сонша, қазір түрлі парақшалар бар: «танысайық», «махаббат алаңы», «танысу парақшасы» деген сынды түрлі топтар бар. Онда бір-бірімен нөмір алысып, сөйлесіп, танысып жатады.
Әлеуметтік желіде қыздың нөмірін алу жігіт үшін оның жауабын алғанмен бірдей. Себебі сөйлесуге көнген қыздың, ол жігітпен әрі қарай махаббат хикаясын бастап кетері анық. Тек бір сұрақ бар: ол нөмірін қанша жігітке берді екен?
М. Ақан