Отбасылық бюджет: шығыстардың жоспарын құру

Отбасылық бюджет: шығыстардың жоспарын құру
Фото: http://bagiraclub.ru

Отбасылық бюджетті қалыпқа келтіру бұл шағын мемлекеттің экономикалық жағдайын реттеумен тең. Сізде де кіріс бар, шығыс бар. Бірақ, сол шығыстардың барлығын есептеп, жазып жүрсе, шыққан шығыннан арылудың жолы оңай болар еді.

Ол үшін не істеу керек?

• Алдымен ай сайынғы табысыңызды анықтап алыңыз (жалақыдан салықты алып тастаңыз).

• Ай сайынғы жұмсайтын шығысыңызды анықтаңыз. Оларда аздаған өзгешелік болуы мүмкін. Бірақ, көп жағдайда өзгеріс болмайды:

– Ипотека төлемі;

– Несие;

– Коммуналдық қызметтер;

– Жалдамалы пәтер ақысы;

– Тамақ;

– Тұрмыстық заттар;

– Көлікке кететін шығындар;

– Ғаламтор;

– Ұялы телефонның байланыс құрылғыларына;

– Киім;

– Мектеп пен балабақшаға жұмсалатын ақша.

Ай сайын қандай заттарға ақшаңызды жұмсайтыныңызды анықтаған бойда, сізде артық ақша қалуы мүмкін. Оны кейінге қалдыруыңызға болады немесе еркіңізге қарай жұмсайсыз.

Шығыстардың жоспарын жасақтау сізге не береді?

1. Қандай шығыстардан қашып құтыла алмайтыныңызды білесіз. Ал, кейбіреуін кейінге қалдыруға болатынын ұғасыз.

2. Айдың басында шығыс жоспарына өзгеріс енгізе аласыз: мысалы тұрмыстық зат алдыңыз. Сол уақытта бар қаржыдан соның бағасын алып тастап, қалған ақшаны басқаларына бөлуіңізге болады.

3. Бұндай жоспар құрып, сіз айына қанша ақша жұмсайтыныңызды білесіз. Алғашқы рет есеп жасаған сәтіңізде, жоятын ақшаның мөлшері сіздің жалақыңыздан көп екенін көріп, қорқып қалуыңыз да мүмкін. Яғни, сіз ақшаны тиімді пайдалана алмайсыз.

Шығыс жоспарын жасап отырып, артық қалатын шығынның мөлшерін көбейту үшін жұмыстана бастайсыз:

– Табыс көзін ұлғайтасыз.

– Шығыстарды азайтасыз.

Шығыс жоспарын құру – ақшаны дұрыс басқаруға мүмкіндік беретін алғашқы қадам. Бастап көріңіз, кейін өзіңіз қадағалаумен жүріп жатқан бюджетіңізге қарап рахаттанасыз. Іске сәт!

Т. Есқали