Өмір мен өлімнің ортасында өмір бар

Өмір мен өлімнің ортасында өмір бар
Фото: Yabuka.ru

Тақырыпты оқығаннан кейін іштей «өмір мен өлімнің ортасында ол қандай өмір?» деген сұрақ туған болар.  Бірақ ол бар. Өмір мен өлімнің ортасындағы өмір – махаббат.

Өмір мен өлім бір-біріне қарама-қарсы ұғым деп қарауға болмайды. Себебі өмір тіршіліктің басы емес, соңы. Өлім соңы емес, қайта басы болуы да ғажап емес. Екеуіне егіз ұғым деп қараған жөн. Адам өмірге келеді. Бұл дүниеге келуі. Уақыты жеткен кезде бұ дүниеден кетеді. Бірақ кеткен жағы қараңғы түнек не мәңгілік әлем. Бұл жағы ешкімге анық емес, жұмбақ әрі үрей.

Өмір мен өлім арасында адамзат үшін тағы бір өмір бар. Ол махаббат деп атап өттік. Ақиқатында бұл солай. Абайдың «махаббатсыз дүние бос» дегенін еске түсіріңіз. Не үшін махаббат? Неге махаббат болмаса өмірдің мәні болмайды, дүние неге бос кеңістік болып қалады?

Махаббат – нағыз тіршіліктің бастауы. Махаббат болмаса адам дүниеге келмес еді. Махаббат болмаса жер бетінде зұлымдық патшасы мәңгілік билігін жүргізер еді. Махаббат бар болған соң, дүние өз тепе-теңдігін сақтап тұр. Ал «Махаббат» деген сөздің бір жақты ғана мағынасы бар десеңіз, қателесесіз... Себебі махаббат тіршіліктегі кез келген жаратылыстың жан дүниесінде сәулеленген құбылыс. Ол – жүректе. Ол – санада. Ол – қасыңда.

Махаббат – мәңгі жастықтың кепілі. Егер адам өмір сүру үшін ғана жаралған десек, тағы да басқа жолға түсіп кетеміз. Себебі адам өмірге махаббатты іздеп келді. Ол жеті түйсікке бағынбайтын сегізінші ерекшелікті іздеп келді. Бұл – сезім. Бұл – махаббат. Дәл осы құбылыс арқылы адам өмір мен өлім арасында ең бақытты, ең тәтті күндерін өткізеді. Ал ол әлемнен шығып кеткендер жарығы жоқ түнекпен арпалысып өтеді.

Ананың баласына, баланың анасына, қос ғашықтың бір-біріне деген сезімі, жан-жануарға деген, тіршілікке деген, табиғатқа, айналаға, адамға, ең ақыры жаны жоқ сұлу мүсінге де махаббат бар. Адам әр нәрсеге махаббатпен қарай білсе, ол өмір сүріп жүр. Ол өмір мен өлім ортасындағы өмірді сүріп жүр.

Өмірдің өзін ғана сүру соқпағы көп жолға түсу. Өлімді ойлай беру түңілу. Ал сонда екі кеңістіктің ортасында жаралған адам баласының бақыты үшін кім күреспек? Оның жақсы өмір сүруге құқы бар. Дәл осы құбылыстарды ойлай келіп, адам үшін ең керек өмір – махаббат деген тоқтамға келеміз. Сіз махаббат арқылы бәріне қол жеткізе аласыз. «Сүю, сүйіспеншілік, адалдық, пәктік, жақсы көру, ұнату, бауыр басу, сезіну, романтикалық шегініс жасау, лириканың шарабына мас болу, құшақтау, аялау...» қараңызшы, қандай жағымды әрі тәтті сөздер. Бұл сөздер, бұл әрекеттер адамды өмірге келіп, өліп кеткенге дейінгі аралықтағы бақытты өмірінің негізі.

Сөздің соңын Оралхан Бөкейдің мына бір сөзімен аяқтауды жөн көрдім: "Махаббат – зор саналылықтың, білгір-білімділіктің, асқан ақыл-ойдың жемісі емес, ол – тек жерде ғана өмір сүретін, бірте-бірте архаизмге айналатын, тууы бар, өсіп-өнуі жоқ көзге көрінбей мәңгі жасайтын бейнесі белгісіз Дара ұғым". 

М. Ақан