- Негізгі бет
- Жаднама
- Естен кетпес демалыс...
Естен кетпес демалыс болсын десеңіз...
Маусым айының ортасы да келді. Ал сіз жазғы демалысқа шықтыңыз немесе еңбек демалысына аттанып барасыз. Бірақ жазғы демалысты қалай әрі қызық өткіземін дейтін сұраққа жауап таба алмай жүрсіз. Себебі сіз дайын емессіз. Қажығансыз, шаршадыңыз. Демалу оңай. Бірақ естен кетпестей болу үшін, жаңаша бір ерекше дүние қалайтыныңыз анық. Осы дүниелерді ескере келіп сізге түрлі әдіс ұсынамыз. Аталған әдістер сіздің естен кетпес демалысыңыздың кепілі бола алады.
Имидж өзгертіңіз
Шаш үлгісі, дене күтімі, үй, айналаңыз, киім-кию үлгіңіз бәрі-бәрін өзгертіңіз. Тым боламаса шашыңызды тақырлап алып тастап көріңіз. Он екі айдың үш айындағы өзгеріс, сіздің жаңа жұмыс күндеріне сергек келуіңізге көмектеседі. Үйдің ішін өзгертіңіз. Көз алдыңызда жаттанды болып кеткен заттардан арылып, өзіңізге не керек, нені қалап тұрсыз соны жасаңыз.
Тізім жасаңыз
Жұмыс уақытында жасап үлгермеген, істеп, үйреніп үлгермеген дүниелеріңіздің тізімін жасаңыз. Осы жаз сіздің ең керемет уақытыңыз болмақ. Сондықтан бәріне үлгеріп қалуға тырысу үшін алдымен тізім жасаңыз. Бірінші неден бастау керек, соңын немен аяқтау керек бәрін алдын-ала есептеп қойыңыз.
Кездесуге барыңыз
Бойдақ болсаңыз жаңа кездесулерге барыңыз. Оңашада романтикалық кеш жасаңыз. Еш себепсіз кофе ішуге сүйікті адамыңызды не ұнатып жүрген адамыңызды шақырыңыз. Екеу болып әңгіме-дүкен құрыңыздар. Әр сәтті пайдаланыңыз.
Бір жаққа барыңыз
Оның Түркия немесе Дубай болуы маңызды емес. Бастысы өзіңізге таныс емес, таңсық мекенге жол алыңыз. Барып көрмеген, естіп көрмеген далаға тартыңыз. Жаңа жер, жаңа адамдар, жаңа қоныс сіздің көңілізді сергітіп қана қоймайды. Ойыңызды өзгертеді.
Жаңа дүние үйреніңіз
Күнделікті істеп жүрген, білетін біліміңізді үйде қалдырыңыз. Сізге жаңа дүниені игеру керек, үйрену керек. Ұмтылыңыз! Ең қарапайым түрі сүйікті ісіңізден нәтиже шығарыңыз. Мәселен, гитара тартып, домбыра тартып немесе ән салып үйреніңіз. Актерлік шеберлікті сынап көріңіз.
Демалыс сәтті өтсін!
М. Ақан