«Мен» және «Біз»

«Мен» және «Біз»
Фото: Top-Desktop.ru

Адам болып дүниеге келген соң «Мен» деген жеке тұлғалық қасиетті, мінезді қалыптастырасыз. Өйткені сіз біреусіз және қайталанбайсыз. Ес білгенше сіздің «Меніңіз» сізбен бірге болады. Тіпті өміріңіздің соңына дейін «Менсіз». Бірақ «Менге» қарсы ұғым бар ол «Біз». Екеуінің айырмасы қандай, пайдасы қайсы, зияны қайсы?


«Мен» – бұл ең алдымен өзімшілдік 

«Мен» деген сөздің түбірі арқылы «Менмендік», «Мендік» дейтін түрлі жеке бас паңдығын көрсететін сөздер шығады. Бұлар тек сөз емес, жеке қасиет ретінде де белгілі бір күшке ие. Өзіңізден басқа ешкімді көрмейсіз. О бастан солай. Сіз өзіңізді ғана биік әрі тұлға деп санайсыз. Өзгелерге бағынбайсыз, өзгені дұрыс деп танымайсыз. 

«Мен» – сенімділік 

«Мен» болудың да жақсы жағы бар. Ол адамның өзіне деген сенімділігі. «Мен» деп сөз бастайтын адам істі де тындырады. Жаугершілік заманда, сөз дауында «Мен» деп қол бастайтын, сөз бастайтын батырлар мен шешендер санаулы болған. Себебі «Мен» сөзінің жауапкершілігі ауыр. 

«Мен» – жалғыздық 

Өзіңізбен-өзіңіз қалған жақсы. Бірақ ұзаққа созылған жалғыздық «Мен» дейтін категорияға келеді. Яғни жалғыз қаласыз. Айналаңыздағы «Мендерге» қарап өзіңізді ғана көре бастайсыз. Оларды мойындаудан бас тартасыз. Тіпті махаббат хикаясын да ұмытасыз. Өйткені іштегі «Мен» сіздің бақытты біреумен бөлісуіңізге кедергі болады. 

Қоғам болған соң, адамзат баласы болғаннан кейін «Мен» деп өмір сүру – ақымақтық. Себебі айналаңыздағы адамдар бір-бірі үшін жаралған. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Тек оны сезіне білу керек. Ал оны сезіндіретін сөз – «Біз». 

«Біз» – отбасы 

«Мен» деген сөзді «Біз» деп алмастырып көріңіз. Сіз жалғыз емес екеніңізді сезінесіз. Тіпті қарапайым сөзді іштей қайталап айтсаңыз да, сыртқа шығарсаңыз да бұл сөзден жылулық күтесіз. Өйткені «Біз» дегеніңіз – отбасыңыз. 

«Біз» – үлкен күш 

Жалғыздың шаңы да, үні де шықпайды. Бұл қазақ танымында бар дүние. Сондықтан «Көппен көрген ұлы той» дейді. «Біздің» күші «Меніңізді» оп-оңай жеңеді. Ол жерде қаншама ой, қаншама күш жатыр. 

«Біз» – махаббатты сақтаушы 

«Мен» деп қашанғы өмір сүресіз. Сізге серік керек. Ол достық махаббат, сүйіктіңізге деген махаббат арқылы орындалады. Ал «Біз» нағыз махаббатты сақтаушы күш. Себебі қандай іс жасасаңыз да «Біз» деп жасасаңыз, екеу болып арманға ұмтылсаңыздар одан асқан бақыт жоқ. 

«Мен» бе әлде «Біз» бе: сіздің таңдауыз.

М. Ақан