Әлемдегі ең сұлу адам болғыңыз келе ме?!

Әлемдегі ең сұлу адам болғыңыз келе ме?!
Фото: zhambylnews.kz

Қазақ тілінде «әдемі», «көрікті», «көркем», «әсем», «сүйкімді», «сұлу» деген секілді синонимдес, бір-біріне жақын сөздер көп. Бұлардың барлығы адам баласының келбетіне, шырайына, жүріс-тұрысына, қылығына қарай айтылатын теңеулер. Дегенмен осылардың ішінде шоқтығы биік сөз «сұлу». Себебі сұлулық тек тәннің теңеуі емес, ол жанның да теңеуі.

Әлемдегі ең сұлу адам болғыңыз келсе, мына кеңестерге назар ауадырыңыз.

Сұлу болу үшін көрікті немесе айдай жүзді ару болудың қажеті жоқ. Сұлу болу үшін жүзіңіз жарық, маңдайыңыз ашық, мінезіңіз жұмсақ, көңіліңіз ала жаздай жадырап тұрса жеткілікті.

Сұлу болу үшін әдемі, келіскен келбетті жігіт болудың қажеті жоқ. Сұлу болу үшін мінезіңіз салмақты, қолыңыз ашық жомарт адам болсаңыз, адал әрі қылығыңыз жұрт сүйсіндердей болса жеткілікті.

Адамды тәніне қарап бағалау, оған тән сұлулығы арқылы қызығушылық таныту – заңдылық. Дегенмен оның сұлу келбеті жан дүниенің сұлулығын көрсете алмаса оны сұлу деуге бола ма?! Адам анадан қалай туса, солай өмір сүреді. Оған күмән келтіріп, риза болмау – қателік. Себебі сіз жаратылдыңыз, барсыз. Осының өзі сіздің сұлулығыңыз. Ал сол сұлулықты сақтап қалу үшін, адамдар сізді сүю үшін сүйкімді боламын деп, әр нәрседен үлгі ала берудің қажеті жоқ. Жаныңыздың тазалығы – арыңыздың тазалығы.

Әлемдегі ең сұлу адамның белгісі:

–   Көркем мінез;

–   Жадыраңқы көңіл-күй;

–   Адамдарға деген сүйіспеншілік;

–   Ішкі жан дүниенің байлығын қалыптастырушы;

–   Сыйластық;

–   Өзіндік ойдың иесі;

–   Жауапкершілікті сезіне білу;

–   Күліп жүру;

Бұл белгілердің бәрін бір бойыңызға қалыптастырсаңыз, жер бетінде сізден асқан сұлу адам жоқ.

М. Ақан