Үміт – шексіздік белгісі

Үміт – шексіздік белгісі
Фото: regnum.ru

Үміт – шексіздік белгісі 
Үміттің қасиетін арттырмастан бұрын, салыстырмалы түрде табиғи қасиеттерге тоқталып өтсек. 

Сезім 
Сезім – ұлы қасиет. Ол адамдар арасындағы дәнекер. Қос ғашық арасындағы тұнық әрі мөлдір құбылыс. Бірақ сезім суиды, ол өледі. Қайта туады. Бірақ қайта туған кезде сезім алғашқы аңсаған сәтіне оралмайды. Жаңа дүниеге қарай қадам басып, жаңа серік іздейді. 

Сенім 
Сенім – жан тыныштығын сақтайтын қасиет. Сенім серігіңіз болса, сіз оған сенесіз. Себебі ол сізді алдамайтындай көрінеді. Өкініштісі ол кейде алдайды. Себеппен, тіпті себепсіз алдайды. Себебі сенім тұрақты бола бермейді. Оған себеп сенімге селкеу түскеннен. Ал сенім жоғалса, сезім секілді қайта туа бермейді. Мүлде өледі. Оның қайта жаралу үшін көп тер төгу керек. Ал мың күнгі тер төгудің арты тағы да сенімсіз дүниеге алып келер болса, адам қорқынышпен өмір сүреді, сенімнен айырылады. 

Арман 
Арман – қиялдың шарықтау шегі. «Армансыз адам – бұлбұлсыз орман» дейтін жақсы сөз бар. Иә, адам баласы әр күнін армандаумен өткізеді. Себебі арманның орындалатын қасиетіне сенеді. Бірақ сенімді де сан соқтырып кететіні тағы бар. Арман әрдайым орындала бермейді. Орындалу үшін шыдамдылық керек, сабырлық керек. Ал бір қасиеттің нәтижесіне жету үшін сан түрлі қасиетті бойыңызға ұялату деген екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан арманға да сенім жоқ. 

Сабырлық 
Сабырлық – көркем мінездің бір түрі. Сабырлы адамның өмір сүру жасы ұзақ. Себебі әр нәрсеге күйгелектенбей, сабырлық таныта отырып шешімін табу жақсы қасиет. Дегенмен сабырлықтың шегі бар. Түбі ол да жанартау секілді жарылады. Ал сабырлылық қашқан кезде, адам бойында қатыгездік, ашу, ыза, салғырттық, бәріне бірден қол жеткізу секілді қасиеттер пайда болады. Бұлар жақсы қасиеттің екінші беті. Аталған қасиеттердің соңы ешқашан жақсылыққа бастаған емес. 

Үміт 
Үміт – шексіздік белгісі. Иә, үміт өлмейді. Ол өлген күннің өзінде соңғы болып барып жеңіледі. Бірақ оның өзі тіршілік жойылып кеткен жағдайда. Себебі қандай жағдай болмасын, жүрек түбінен қылтиып тұратын үміт сізді өзіңізге таңсық болса да бір жолға бастайды. Үміттендіреді. Ол үміттендіруден шаршамайды. Үміт жаманның құлы емес. Жақсының жаршысы. Сезім солып, сенім өліп, арман таусылып, сабырлылық қашқан кезде бәрінің соңында сізді қайта сабырға шақырып, арманға жетелеуге көмектесетін, селкеу түскен сенімді қайта тұрғызуға, сезімді қайта оятуға күш беретін – үміт. 
Адам әр күні үміттеніп тұрады, үміттеніп ұйықтайды. Үмітпен тыныстайды. Үмітпен алға жылжиды. Себебі үміттің табиғаттағы, тіршіліктегі басты тапсырмасы – ең соңғы дем қалғанша күресе беру. Үміттің күші, жігері шексіз, таусылмайды. Адам таусылып біткен күннің өзінде, үміт талаптанып тұрады. 

Қандай жағдай болмасын, қандай істе болмасын, үмітіңізді үзбеңіз! 

М. Ақан