Жыл атауларына жорамал

Жыл атауларына жорамал
Фото: Sistema de Museos Virtuales

Қазақ халқының жыл санауында біз біле бермейтін болжам мен жорамал өте көп. Халқымыздың есебі бойынша 12 жыл бар. Әр жылдың атауынан, неге олай аталғанынан бастауыш сыныптан хабарымыз бар. Ендеше, сіздерге одан бөлек те әр жылға тың ақпарат бергеніміз жөн болар. Жылдың ерекшеліктеріне зер салайық.

Тышқан жылы – береке мен ырыстың, татулық пен тыныштықтың жылы. Табиғи белгісі – су. Бұл жылы туғандар мінезі тік, алғыр, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін мол жауапкершілікке ие болады. Жаман қасиеттері: қызғаншақ, сатқын, кейде шыдамсыз, қырсықтау болып келеді.

Сиыр жылы – дау-жанжалдарға толы, тарихта ауыртпалық пен қиындықтар сиыр жылында көп болған. Сиыр жылы сәтсіздікке толы дейтін тіркес те жиі айтылып жатады. Ырым-нанымдарға сүйенер болсақ, сиыр жылы туғандар сол жылы сиыр малын бауыздамайды. Табиғи белгісі – су. Бұл жылы өмірге келгендер тұрақты, сабырлы, көшбасшылық қабілетке ие, еңбекқор болып келеді. Жаман қасиеті: талапшыл, қатал, қырсық, ашуланшақ болып келеді.

Барыс жылы – қиындығы мен қуанышы аралас жүретін жыл. Табиғи белгісі – ағаш. барыс жылғылар өте мықты, қажырлы, шынайы, жомарт болып келеді. Жаман қасиеті: тынымсыз, өз басын ойлап қалған өзімшілдеу.

Қоян жылы – қазақ халқында қоян жылы көбіне аштық, жұт, бейнетпен есте қалған. Стихиясы – ағаш. Адамдары өте мейірімді, кешірімді, адал болып келеді. Кемшілігі: тым ерке, жалқаулау болып келеді.

Ұлу жылы – өте жайлы, жұмсақ жыл болып есептеледі. Стихиялық белгісі – ағаш. Бейбіт өмірді сүйетін, жайлы, тыныштықты жаны қалайтын, ақылды да зерек адамдар осы жылы туады деседі. Кемшілігі: тез ренжігіш, қырсықтау келеді.

Жылан жылы – Қазақта жылан жылы жылыс болды дейтін мәтел бар. Демек, жайлы жыл болса керек-ті. Табиғи белгісі – от. Терең ойшыл, дана, тұрақты, сенімді адамдар өмірге келеді екен. Кемшілігі: өте күмәншіл, суық, адамдардан тыс жүргенді жақсы көреді, жалғыздықты жаны сүйеді.

Қой жылы – қой жылында той көп болады деседі көреген халқымыз. Молшылық жылы саналады. Табиғи белгісі – от. Өте әділ, ұялшақ адамдар өмірге келеді екен. Кемшілігі: Тынымсыз, түңілгіш, аса сезімтал, еріксіз болып келеді.

Мешін жылы – халқымыздың пайымдауынша жайсыз жыл болып есептеледі. Стихиясы – металл. Аңғарымпаз, икемді, бәсекеге қабілетті,сыпайы адамдар осы жылы туылады екен. Кемшілігі: тым тәкаппар, өзінің қамын ойлайтын, күмәншіл адамдар болады.

Тауық жылы – бұл жыл да ауыр жылдардың қатарына жатады екен. Халқымыздың басынан тауық жылында көптеген келеңсіздіктер өткен. Белгісі – металл. Өте жинақы, жүйрік, мұқият, жауапкершілігі  зор адамдар дүние есігін ашады екен. Кемшілігі: өте қызғаншақ, өзіне ғана сенетін болады.

Ит жылы – ит жылы ауыртпалықты артқа тастайтын болған. Өте жеңіл және сәтті жылдардың қатарына кіреді. Стихиясы – металл. Қарапайым, адал, сезімтал да салмақты адамдар өмірге келеді екен. Кемшілігі: еріншек, суық, дөрекі болып келеді.

Доңыз жылы – өте жайлы жыл болады екен. Стихиясы – су. Өте адал, шынайы, салмақты да ақылды болып келеді. Кемшілігі: біреуге тәуелді, аңғал, сенгіштік қасиеті басымырақ.

Ә. Жутаева