Өзіңізді тануға арналған сұрақтар

Өзіңізді тануға арналған сұрақтар
Фото: amur.kz

Адам өз-өзіне көп көңіл бөлмейді. Бұл үсті-басына күтім жасау дегеннен бөлек, тұлғасына, ойына, білім көкжиегіне, адамгершілігіне қатысты күтім. Мінезімен күресіп, өзін-өзі жеңе алған адам ғана «мен өзгердім» деп айта алады. Өйткені, ол біз айтқан құндылықтарға күтім жасап жүр. Егер сіз де рухани құндылықтарға мән беріп, өз-өзіңізге көңіл бөлгіңіз келсе, мына сұрақтарға жауап іздеп көріңіз.

1. Сіз кімсіз?

Не деп жауап береріңізді білмей тұрсыз ба? Жалпылама қойылған сұраққа «мен – механикпін» немесе «мен – әйелмін», болмаса «мен – оптимистпін», «мен – адаммын» деп жауап беруіңіз мүмкін. Шындығында адам өз-өзіне деген анықтаманы бере алмайды. Өз-өзін тану үшін әдетте психологиялық айна көмектеседі. Тыныш жерде отырып, бір кезек өткен өміріңізге көз жүгіртіңіз. Қолыңызға парақ пен қалам алып, өзіңіз туралы жазып көріңіз. Алдымен, өзіңіздің суретіңізді салып көріңіз. Екінші параққа адами жән өзіңізге ұнамайтын қасиеттеріңізді тізіп жазыңыз. Үшінші параққа осы уақытқа дейін жақындарыңыз мақтанатындай не істеп үлгердіңіз, соны жазыңыз, жанына ел ұялатындай оқиға басыңыздан өтті ме, оны да жазыңыз. Төртінші бетке кемшіліктеріңіз бен қабілеттеріңізді тізіңіз. Қажет деп тапсаңыз, жыл өткен сайын тізімдерді толықтырсаңыз болады. Өзіңізді өзіңізден артық ешкім тани алмасы анық.

2. Өмірдің маңызы неде? Махаббат деген не?

Өмір әркімде әртүрлі суреттеледі. Бірі – отбасымен бақытты болу десе, енді бірі ақша жинау дейді, ал енді бірі рухани бай болудың өзін «өмір» деп есептейді. Ал шындығында, адам отбасында, мансапта, қоғамда кім екенін білмей жатып, бұл сұрақтарға жауап бере ала ма? Махаббаттың өзі біреуге – шаттық, біреуге – мұң. Сіз осы екі топтың қайсысындасыз?

3. Балалық шағыңызда қандай болдыңыз?

Біздің қазіргі күйіміз – бала шақта жасап алған үлгі. Яғни, кішкентайыңызда осындай болғаныңызда қаладыңыз. Бұл материалдық тұрғыда айтылған пікір емес, бұл – мінез-құлық, қабілет-қарым тұрғысында айтылған. Адамның ересек шағы кішкентай кезінде қандай болғанына тура байланысты. Әдетте, үлкендер баланың қателігін «кішкентай ғой әлі» деп жылы жауып қоя салады. Бұл әдет – ересек адамның қалыптасуындағы ірі апатпен тең. Бала кішкентай кезінде қырсық, қыңыр, жалқау, тентек, сотқар болып өссе, өскенде біреудің бағын байлайды. Міне, педагогика мен бала тәрбиесі – оңай шаруа емес. Сұраққа оралсақ, балалық шағыңызды есіңізге түсіріңіз, қазір қандайсыз? Салыстырып көріңіз.

4. Суретте не бейнеленген?

Суретте көрсетілген бейнелерден ең алғаш не көрдіңіз?  Егер ковбой көрсеңіз, бойында күш-қуаты арындаған, жігері мықты, тың идеяға бай адамсыз. Ал егер қартты көрсеңіз, сізге аталған сипаттамаларға қарама-қарсы белгілер тән.

5. Мына сөйлемдерді жалғастырыңыз

Жігіттердің ішкі жан дүниесінде... 
Қыздарды жақсы танысаңыз, олар...

Ойланбастан жауап беру мүмкін емес секілді. Бірақ, ең бірінші айтқан пікіріңіз сіздің гендерлік көзқарасыңызды айқындап береді. Ал біраз ойланып, жігіт болсаңыз, анаңыздың мейірімін, қарындасыңыздың қылықтарын, сүйіктіңіздің еркелігін, дәрігер апайдың қаттылығын, мұғалімнің талапшылдығын еске алып, бәрін саралай түсеріңіз анық. Ал нәзік жанды қатарынан болсаңыз, әкеңіздің құшағын, ағаңыздың қамқорлығын, ғашығыңыздың ерлігін, полиция қызметкерінің қабағын елестетіп кетесіз. 1-2 секундта екінші мысалдағыдай етіп жауап бере алуыңыз мүмкін бе?

Жалғасы бар...

Г. Берік