Сізге айтпайтын қонақ үй ережелері

Сізге айтпайтын қонақ үй ережелері
Фото: massaget.kz

Демалыс маусымы жақындады. Көпшілік саяхат кітабының парағын ашады. Сол парақтарды ашпас бұрын қауіпсіздік шараларын білген абзал. Жолға жиналу, билет алу, шетелде жүру ережелерін есте ұстау керек. Бұл жолы біз қонақ үйде сіз біліп жүру керек ережелер туралы кеңес береміз.

Келмес бұрын

1. Бөлмені жалдамас үшін қонақ үйдің орналасуына мән беріңіз. Орталықта ма, шетте ме, әлде жанында қандай ғимараттар бар деген секілді сауалдардың жауабын табыңыз. Жергілікті адамдар бұл аймақты қалай бағалайды? Ұрлық-қарлық көп кездесе ме?  Жеке қауіпсіздігіңізді алдын ала жоспарлап, сенімді болыңыз.

2. Қонақ үйге келгенде тіркеу қызметкері 24 сағат жұмыс жасайтынына көз жеткізіңіз. Бөлмелердің есігі картамен әлде кілтпен құлыптана ма екен, соны біліңіз. Қонақ үйге тұрақтаған қонақтар барлық жерде емін-еркін жүре алатынына сенімді болыңыз.

Тіркеу кезінде және орналасып болған соң

3. Қонақ үйді таңдап, тіркеу қағазын толтырып жатқанда, тіркеушіге бөлмені бірінші қабаттан бермеуін өтініңіз. Бөлмені жоғарғы қабаттан алған сенімдірек. Себебі, арам пиғылмен жүрген қылмыскерлер бірінші қабатқа оңай ене алады.

4. Бөлмеге келген соң, міндетті түрде есікті құлыптап жүріңіз. Тіпті, «барамын да келемін» деген асығыстықпен есікті ашық тастамаңыз. Бұл уақытта бір адамдар «аламын да шығамын» деп затыңызды меншіктеп алуы ықтимал.

5. Егер бейтаныс біреу есік қақса және ол өзін қонақ үй қызметкерімен деп таныстырса, қонақжайлыққа асықпаңыз. Әуелі, тіркеу қызметкеріне қоңырау шалып, сізге біреуді жіберген-жібермегеніне көз жеткізіңіз. Есік ашпас бұрын есіктің көзінен қарап біліп алыңыз. Бөлмеге кірген әр қызметкердің төс белгісіне назар аударыңыз.

6. Құжат, құнды қағаз, бағалы бұйым, ақшаны өзіңізбен бірге ала жүріңіз. Қонақ үй қызметіне жүз пайыз сенімді болсаңыз, қонақтардың арнайы сейфіне салып қойыңыз. Ал егер сенімсіздік туса, бірінші амалмен жүріңіз.

7. Қонақ үйге жалғыз не отбасыңызбен жайғассаңыз да, мына кеңесті естен шығармаңыз: қай жаққа бара жатсаңыз да, қашан және қайда кеткеніңізді, қашан және қайдан келетініңізді жазып қалдырыңыз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Егер келеңсіз жағдай орын алып жатса, сізді табуға бір мүмкіндік туады.

8. Егер бөлмеге етене таныс емес адамды шақырсаңыз, бағалы заттарыңыздың сенімді жерде тұрғанын қадағалаңыз. Адам байқай бермейтін жерлерге жасырыңыз. Әрине, қауіпсіздік үшін ешкімді шақырмағаныңыз абзал.

Бөлмеден шығып бара жатқанда...

9. Бөлмеден шығып бара жатып, теледидарды не радионы қосып кетіңіз. Есіктің тұтқасына «Мазаламаңыз» деген жазу қалдырсаңыз болады. Егер қызметкерлер есігіңізге «бөлмеңізді жинаңыз» деген жазу қалдырса, мән бермей кетіп қалмаңыз. Дереу алып тастаңыз. Бұл жазу сіздің кетіп қалғаныңыздан хабар береді.

Қосымша кеңестер

10. Егер бөлменің кілтін жоғалтып алсаңыз, қонақ үй қызметкерлері сізге сол кілттің көшірмесін жасап береді. Бірақ, сіз есіктің құлпын ауыстырып, кілтті қайта жасап беруін сұраңыз. Егер біреу-міреу сіздің алдыңғы кілтті жоғалтқаныңызды білсе, өкініп қаласыз.

11. Бөлме есіктері мен терезелері мұқият жабылатынына көз жеткізіңіз. Тіпті, бөлмеңіз жоғарғы қабатта болса да, қарақшылар көрші бөлмеден де енуі мүмкін.  

12. Бөлмеге орналасқан соң, эвакуациялық есіктің қай жақта екенін сұраңыз. Көпшілік бұған мән бермей жатады. Қонақүйдің сызбасына қараңыз. Тосын жағдайларда бұл да көмектеседі.

Қай жерде саяхаттасаңыз да, айналаңызды бақылауда ұстаңыз. Заттарыңызға мұқият болсаңыз, қолды болмайды. Яғни, қарақшылардан да өзіңізді аулақ ұстайсыз.

Г. Берік