- Негізгі бет
- Жаднама
- Домбыра аспабының күтімі...
Домбыра аспабының күтімі
Қолымызға жақсы домбыра түскенде төбеміз көкке жетіп, оның әуезді даусын тамсана тыңдайтынымыз хақ. Алайда оның арнайы күтімді қажет ететін өте нәзік өнер туындысы екендігін ұмытпаңыз. Әрбір саз аспабы күтімсіз көп ұзамай түкке жарамсыз отынға айналады. Сондықтан сүйікті аспабыңыз сізге ұзақ жылдар бойы қызмет етсін десеңіз оның күтіміне ұқыптылықпен қарау керек.
Аспапты сақтау. Ең алдымен домбыраны сырты қатты қаптамаға (футлярға) салып сақтаған абзал. Каптама аспапты шаңнан, ылғалдан, соққыдан, сыртқы температураның күрт өзгерісінен қорғайды. Домбыра қаптамаңыз болмаған жағдайда домбыраның үйде тұратын орнына аса мән беру керек. Мысалы, аспапты батарея, пеш, салындатқыш (кондиционер) сияқты жылыту және суыту құралдарының маңайына ілуге немесе қоюға болмайды. Домбыраның үйдегі орны есік ашылған сайын желдің өтінде қалатындай ауыз үйде де болмауы керек. Сонымен қатар домбыраны кішкене балалардың қолы жетпейтін оңаша жерде сақтаңыз. Бала оған құнды аспап емес, ең алдымен қызықты ойыншық ретінде қарайды. Егер домбыра ұзақ уақыт ойналмайтындай болып жатса, ішектерін босатып тастаңыз, нәтижесінде мойынға және ішекке түсетін салмақты азайтасыз. Аспапты өзге заттармен бірге қапта немесе қорапта сақтауға да болмайды, ол оңаша тұруы керек. Бөгде заттар домбыраның бетін сызып, болмаса бір жеріне батып кетуі мүмкін. Домбыра ілулі болса да, сүйеніп тұрса да, әрдайым орнықты әрі берік тұруы керек. Сәл тиіп кетсе құлап кететіндей бос, еш бекітусіз тұрғаны қауіпті. Домбыраның қалыңдығы 3 мм дейінгі жұқа тақтайшалардан құралып жасалатынын ескеріңіз.
Температура және ылғал. Жалпы домбыраның шанағы толықтай өзара желіммен біріктірілген ағаш бөліктерден құралғанын білеміз. Ауа температурасының және ылғалдылығының күрт өзгерісі сол желімнің беріктік қасиетіне нұқсан келтіреді. Сонымен қатар ауадағы ылғал мөлшері өте жоғары болса, онда домбыраның ағашы өз бойына ылғалды сіңіре бастайды. Өздеріңізге белгілі болғандай ылғал ағаштың акустикалық қасиеттері күрт төмендеп, кепкеннен кейін майысып жарылу қауіпі жоғарылайды және дыбысы да айтарлықтай өзгеріске ұшырауы мүмкін. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін мынадай сақтық шараларын ескергейсіз. Біріншіден – футлярдағы аспапты жылы жерден салқынға немесе керісінше суықтан ыстыққа алып кірген кезде оны футлярдан бірден шығармаңыз. Алдымен оның ішкі температурасының айналадағы температурамен біртіндеп теңесуіне мүмкіндік беріп 15-20 минуттай күте тұрыңыз. Өйткені аспапқа ылғал конденсат болып жабысуы мүмкін. Екіншіден – аспапты күннің көзіне, болмаса аязға ұзақ уақытқа тастауға, ұстауға болмайды. Ондай жағдайлар тіпті жиі кездеседі екен. Мысалы, домбыраны терезеге тіреп немесе іліп қоятындар бар. Терезеден күндіз түскен күн аспапты шамадан тыс қыздырып жібереді. Әрі күннің көзінен аспаптың түсі өңе бастайды. Кейде адамдар аспаптарын әсіресе, жазда немесе қақаған қыста көлігінің ішіне тастап кетіп, көліктегі температураның қандай дәрежеге жетіп жатқанын кәперіне де алмай жататыны бар. Тіпті сорақы жағдай аспапты монша, хауыз сияқты ылғалдылығы жоғары жерге алып кіру.
Лак және бояу қабатының күтімі. Егер аспабыңыздың лак-бояу қабаты қажалып, ағаштың беті ашылып қалғанын байқасаңыз бірден сол жерін саз аспаптарын жөндеуге маманданған шеберге лак жақтырып алыңыз. Себебі қорғаныш болып тұрған лак қабаты кеткеннен кейін ағаш ауадағы ылғалды, қолмен келетін тер мен майды әдеттегісінен тезірек сіңіріп алады.
Тазалық. Домбыраны ойнар алдында қолыңызды жуып алыңыз. Қолдағы кір, тер мен теріден бөлінетін майлар аспаптың бетін былғайды. Ал ойнап болғаннан кейін оның өне бойын толықтай құрғақ шүберекпен сүртіп жүрген абзал. Аспаптың бетіндегі қандай болмасын кірдің дақтарын спирт, еріткіш сияқты химиялық заттармен сүртуге болмайды. Себебі аталған заттар аспаптың бетіндегі лак қабатын ерітіп зақымдайды. Домбыраның бетіне химиялық қоспалардан тұратын бояу, сия, тырнақ бояйтын лак сынды заттармен жазу жазып, сурет салудан аулақ болыңыз. Беттақтайына қаламның ұшын батырып тұрып құттықтауларын, есімдерін жазатын азаматтардың да ісін құптарлық емес. Себебі домбыраның беттақтайы оның дауысына жауап беретін ең басты бөлшегі. Ал оны зақымдаудың салдарынан домбыраның дауысы күрт нашарлайды. Естелік болсын деп жазу жазамын деушілер оны пластикке, болмаса жұқа қаңылтырға ойып жаздыртып, домбыраның шанағына немесе алақанына жапсырса болады.
Дереккөз: zhetigen.kz
О. Сансызбай