Түйіндеме жазу үлгісі

Түйіндеме жазу үлгісі
Фото: lifehacker.ru

Жұмыс іздеу — ересектік өмірге аттар алғашқы қадамдардың бірі. Ал жанға жайлы жұмыс табуда өзіңіз құрған түйіндеменің ролі басым. Түйіндеме деген — сіздің байланыс құралдарыңыз жазылған қағаз не өміріңіз баяндалған повесть емес, жұмыс берушіге сіз туралы ең маңызды ақпарат беретін ресми құжат.

Түйіндеме жазғанда ешқандай өтірік қосудың қажеті жоқ, әңгімелесу кезеңіне барған кезде құйрығы бір тұтам өтірігіңіз келтең ете қалады. Еңбек өтілі жоқ адамның түйіндемесі А4 форматында бір бет болады. Жазып болған соң бірнеше рет оқып шығыңыз, ата-ана, достарыңызға оқытуға да қысылмаңыз. Себебі сіз байқамай кеткен қателікті олар байқауы мүмкін. Түйіндеменің басты қағидаларының бірі — қатесіз, мүлтіксіз жазылуы.

Алғаш жұмысқа орналасарда түйіндемеде көрсететін еңбек тәжірибем жоқ деп қынжылмаңыз. Есесіне бойыңызда лапылдаған жастық жалын, тың идея, жаңашыл бастама, болам деген ұмтылыс бар. Жұмыс беруші жаңа жұмыскер қандай құлшыныспен келетінін жақсы біледі.

Түйіндемеге не жазамыз? Қалай жазамыз?

Тегі, аты, әкесінің аты. Атыңыздың не тегіңіздің алғашқы әрпін ғана жазып, қысқартып жазудың қажеті жоқ. Аты-жөніңіз құжатта қалай жазылған, дәл солай толық көрсетіңіз.

Қызметі. Аты-жөніңізден соң, қандай қызмет қалайтыныңызды нақты көрсетіңіз. Бірнеше қызметті қатарынан жазудың керегі шамалы. Жұмыс беруші нақты қай салаға қызығатыныңызды білуі тиіс. Қарымыңыз жетпейтіндей қызмет болса да, талабыңызға тәнті болуы мүмкін.

Жеке ақпарат және байланыс. Бұл бөлімде отбасылық жағдайыңыз, жасыңыз, тұрғылықты мекен-жайыңыз, телефон және e-mail көрсетіледі. Кадр бөлімі ұсақ-түйектің бәрін жіті тексереді. Сондықтан әр сөзіңізге аса мұқият болыңыз.

Білімі. ЖОО атауы, оқуға түскен және бітіретін жылыңыз жазылады. Мұнда топ басшысы болдым, сынып белсендісі болдым деген секілді ұсақ дүниелер жазсаңыз, ұят болады. Орналасар жұмысыңызға қатысты республикалық не халықаралық олимпиада, жобалардан жүлдеге ие болсаңыз, оны көрсетуге болады.

Жұмыс өтілі. Бірер ай қызмет етіп, дәмін татқан салаңыз болса да, жазуға қысылмаңыз. Жаңадан жұмысқа орналасатын адам үшін мұндай жағдайға ешкім таңғалмайды. ЖОО-да тәжірибеден өткен жеріңізді де көрсетуге болады. Тек сіз ол жерден бірнәрсе үйренгеніңізге сенімді болыңыз.

Икемділік және ептілік. Жұмысқа тұратын қызметке қатысты тіл білуі, кеңселік, компьютерлік бағдарламаларды жетік білуі, әдемі жазу, сурет салу, ән айту, сурет не бейне өңдеу, т.б.

Жеке қасиеттері. Өзіңіз туралы жазғанда тиянақты, жауапты, мақсатты, ұқыпты деген секілді жаттанды сөздерден қашыңыз. Бұл сөздерді жұмыс іздеушілер барлығы дерлік қолданады. Құжатта жазылуы тиіс сөздер секілді болып көрінеді де, қабылдаушы оған көңіл бөлмейді.

Бұрын тұрақты жұмысы болмаған адама түйіндеме жазу — аса жауапты да күрделі іс. Жоғарыдай айтылған кеңестерді қаперге алсаңыз, сәл де болса көмегі тиеді. Іске сәт!

@. @assel_assanova