Шығыстың тазалық ережесі

Шығыстың тазалық ережесі
Фото: Ильяс Мадиев

Шығыстың өмір сүру қағидалары өзгелерге сәйкес келмейді деген пікір қалыптасқан. Алайда олардың тазалық жайлы ережелері әр адамға пайдалы әрі қажетті болары сөзсіз.

Қол тазалығы

Артық нәрсені қолға алмау – ереженің басты қағидасы. Біреудің затын, ақшасын алуға болмайды. Алдаумен, арбаумен тапқан ақша, дүние сізді бақытты ете алмайды, керісінше, бітпейтін мәселелердің бастауы болады.

Құлақ тазалығы

Қорқақ, ашулы, күйгелек, беймаза адамдарды тыңдамаңыз. Боғауыз, ауыр сөздер мен өсек естуден аулақ болыңыз.

Көз тазалығы

Біреудің дүниесін қызғанып, көрсеқызар болудан аулақ болыңыз. Төбелес, ұрыс, опасыздықты көруден сақтаныңыз. Оның орнына балалар мен кәрілердің қуанышын бейнелейтін немесе бақыт, махаббатты насихаттайтын бейнебаян, фильмдерді қарауға болады. Олар адамның ағзасында «бақыт» гормондарының бөлінуіне әсер етіп, көңіл-күйді көтереді.

Ауыз тазалығы

Бейәдеп, боғауыз сөз айтушы болмаңыз. Аузыңызды таза ұстаңыз. "Аз сөз – алтын" екенін жадыңыздан шығармаңыз.

Тән тазалығы

Өзіңіздің сырт келбетіңізге назар аударыңыз. Үнемі таза жүруге тырысыңыз. Киіміңіз бүлініп қалған бойда тазартып, жуыңыз.

Ой тазалығы

Негативті ойлардан дер кезінде арылуға тырысыңыз. Өзіңізге деген аяушылық сезімін талап етуге де болмайды. Оның орнына алдыңызға мәнді мақсаттар қойып, соларды орындаудың амалдарын ойластырыңыз.

Жан тазалығы

Сізде бар ең таза нәрсе – жүрегіңіз. Оны «естіп, тыңдай» біліңіз. Өмір жолында жаныңыздың «көрсететін» бағыттарымен жүретін болсаңыз, міндетті түрде бақыт пен қуанышқа кенелесіз. Ал оны таза ұстау үшін алдыңғы 6 қағиданы бұзбауыңыз керек. Жүрегіңіз сізді ешқашан алдамайды, ең бастысы сіз оны алдамаңыз.

Ф. Абилова