- Негізгі бет
- Жаднама
- Достарыңызбен бірге уақытты...
Достарыңызбен бірге уақытты көңілді өткізгіңіз келсе #2
"Патшалық" ойыны. "Патшалық" ойынында бір жүргізуші болуы керек. Қағаз бөліктеріне әрбір ойыншы бір сөзден жазып шығады. Тақырыпты ойын бастамас бұрын ақылдасып алу керек. Мысалы: жануарлар немесе жұлдыздар. Жүргізуші қағаздарды жинап алып, бір рет немесе екі рет оқып береді. Ал әрбір ойыншы жүргізуші айтып шыққан сөздерді есіне сақтап қалу керек. Себебі, жүргізуші одан кейін қайталап оқымайды. Одан соң жүргізуші бір ойыншыдан айтылған сөздердің ішінен "қай сөзді кім жазды деп ойлайсың?" деп сұрайды. Егер ойыншының айтқаны дұрыс болып шыққан болса, сол адамды өз патшалығы астына алады да, келесіде бірге ойланып табады. Ал егер таппаса, сол айтқан адамы әрі қарай жалғастырады. Осылай бірнеше патшалық құрылуы мүмкін. Егер бір патшалықтың иесінің не жазғанын тауып алсаңыз, сол патшалықтың иесімен қоса астындағы адамдардың бәрі сізге өтеді. Ең соңында жазған сөзін ешкім таба алмаған патшалық ұтады. Себебі көп жағдайда, адамның көптігінен жүргізуші айтып шыққан сөздердің кейбіреуі есінде қалмайды. Бұл ойында досыңызды қаншалықты жақсы танысаңыз, соншалықты табу оңайға тиеді. Себебі, тақырып "жұлдыздар" туралы болса, досыңыз өзіне ұнайтын әншіні жазуы мүмкін.
"Mafia" ойыны. Бұл ойынды кем дегенде 8 адам ойнағаны жөн. Ойын әрбір ойыншыға карта таратудан басталады. Әрбір карта бір кейіпті бейнелейді. Карта болмаған жағдайда қағаз бөліктеріне жазу арқылы пайдалансаңыз да болады. Тұрақты жүргізуші болады. Ойын басталар алдында, әрбір ойыншы карталарына қарап, өзінің ойнайтын рөлін біліп алады. Ойын барысы күн мен түннен құралған. Жүргізушінің айтуымен түн болады. Ол кезде барлық ойыншы ойынға арналған арнайы бетперде киеді немесе бетперде болмаған жағдайда көздерін жұмады. Жүргізушінің айтуымен мафия оянады, яғни мафия рөлін ойнайтын ойыншылар маскасын шешеді немесе көзін ашады. Және бір-бірімен сөзсіз танысып, ойыннан шығаратын адамды таңдайды. Содан соң, жүргізушінің айтуымен мафия рөлін ойнаушылар ұйықтайды. Егер басқа рөлдер болса, соларды оятып, танысып алады. Мысалы: дәрігер, милиция. Жүргізушінің айтуымен таң атады. Ойыншының барлығы бетперделерін шешеді. Жүргізуші түнде қай тұрғынды өлтіріп кеткенін айтады. Сол ойыншы ойыннан шығады. Сол кезде ойыншылар өзара талқылап, кімнің мафия екенін анықтайды. Жүргізушінің айтуы бойынша дауыс беру жүреді. Қай ойыншы көп дауыс жинаса, сол ойыннан шығып, картасын ашады. Яғни, ойынның мақсаты, мафия рөлін сомдаушылар үшін өздерінің мафия екенін білдіртпей, ақталып, рөлге кіру, ал бейбіт тұрғындар үшін дауыс беруден шатаспай, әрбір ойыншының іс-қимылын бақылап, мафияны табу.
Сурет: boombate.com
А. Жапатова