"Халықтың сүйіктісі" ұлттық жүлдесінің қоғамдағы орны

"Халықтың сүйіктісі" ұлттық жүлдесінің қоғамдағы орны

«Халықтың сүйіктісі» ұлттық жүлдесі 2011 жылдан бері қоғамның таңдауы бойынша еліміздегі танымал адамдарды марапаттаумен айналысады.

Бұл жүлдені ұйымдастыру идеясы «Республика-Регион-Развитие» қоғамдық қорының Президенті Ғалым Байтоққа тиесілі. Жүлдені марапаттау салтанаты дәстүр бойынша еліміздің астанасында өтеді. Алғашқы жүлде 2011 жылдың нәтижесі бойынша 9 номинацияда марапатталған еді. Келесі жылы 12, 2013 жылы 15, биыл 17 номинацияда марапатталады. Онымен қоса 6 құрмет жүлдесімен марапаттау рәсімі өтеді. Қазақстанда алғаш рет депутаттарды, мемлекеттік саясаткерлерді, блогшыларды марапаттауды осы жүлденің аясында көрдік. Бұл жүлденің басқаларынан айырмашылығы – номинацияға жүлдегер таңдау фэйсбук желісінде ашық, демократиялы түрде өтеді.

Жүлде иегерлері қатарында Серік Сәпиев («Құрметті жыл спортшысы» 2012), Илья Ильин («Құрметті жыл спортшысы» 2012), Баян Есентаева («Шоу-биз авторитеті», 2012), Артур Платонов («Өткір тілді журналист» 2012), Рүстем Итемиров («Табысты бизнесмен», 2013), Tengrinews («Жалынды интернет басылым», 2013), Әлішер Елікбаев («Блогосфера жетекшісі», 2012) т.б. бар.


Осы жылы үміткерлерді тағайындауда өзгеріс енгізілді. Былтыр бір номинацияға жүз шақты үміткер болған болса (оның тең жартысының номинацияға қатысы болмады), биыл қазылар номинацияға лайық әрі қоғам үшін қызықты деген 10 үміткерді таңдап, тағайындады.

Жүлдені марапаттау рәсімі өте қызықты өтеді. Жобаның қазақ және орыс тілінде өзіндік әнұраны, былтыр халыққа таныстырған «лайк» пішініндегі ерекше мүсіншесі (статуэтка) бар. Әр жыл сайын жүлдені Жаңа жыл қарсаңында марапаттайды. Мұның себебі жүлдегерлердің жыл бойы жинаған табыстары мен жетістіктерінің нәтижесі осы сый ретінде сезілуі қажет. 

Қоғам жүлдегерлерді таңдауға белсене араласып келеді. Бұл жалпы қоғамдық сана өсуінің көрсеткіші деуге болады. 

Редакциядан: Естеріңізге сала кетейік, Massaget.kz «Халықтың сүйіктісі – 2014» жүлдесінде «Жалынды интернет басылым» аталымы бойынша бақ сынауда. Осы аталымда дауыс беру үшін мына сілтемеге өтіп, топқа қосылу керек. Одан кейін мына сілтеме арқылы дауыс беруге болады. Дауыс беру тек топқа қосылған кезде ғана қабылданатынын еске саламыз.

Дайындаған: Фариза Әбілова

Сурет: cvl.kz, lubimec.kz

Ғалым Байтоқпен «Халықтың сүйіктісі» ұлттық жүлдесі жайлы сұхбат

Ф. Абилова