- Негізгі бет
- Жаднама
- Қызға қырық үйден...
Қызға қырық үйден тыйым немесе 100 кеңес
Бүгіннен бастап аптаның әр сәрсенбісінде бойжеткендерге арналған 100 кеңесті жариялаймын. Бұл кеңестер қарым-қатынасқа, демалысқа, стильге, сабаққа қатысты болады. Ал оларды өмірде қолдану немесе қолданбау керектігін тек өзіңіз шешесіз.
1. Әрдайым сабырлы бол. Бұл қасиет ата-анамызбен, достарымызбен, ұстаздарымызбен, туған-туысқандарымызбен, болашақта басшылықпен сөйлескен кезде қажет болады. Нақ осы шыдамдылық - оппонентті тыңдап, онымен дұрыс жауаптасуға көмектесетін ізгі қасиет.
2. Тамақ жасап үйрен. А-дан бастап Я-ға дейін интернеттің, арнайы курстардың, кітаптардың көмегімен үйренуге болады. Ата-анамыздың алдында қуырып жүрген жұмыртқамыз бізді дербес етіп көрсеткенімен, болашақ жарымыздың алдында бұл тағам жақсы мәртебе сыйламайды.
3. Тор колготкі киме. Кез келген жастағы қыз үшін ұсқынсыз көрінеді.
4. Тік жүруіңді әрдайым қадағала. Тік жүру тек әдемілік үшін емес, деннің сау болуын да қамтамасыз етеді.
5. Мүмкін болса, күн сайын бір алма же. Бір алманы бірнеше бөлікке бөліп, таңертең, кешке жақын жеуіңе болады. Таңертең әдемілік үшін, ал кешке жақын денсаулық үшін.
6. Шашыңды күт. Түрлі сусабын мен майды пайдаланып, жатарда жақсылап тарап жатуды ұмытпа.
7. Жігітті толық танымай жатып өзіңе жақындауына рұқсат берме.
8. Ақ колготкіні қошқыл туфлимен немесе керісінше киме. Негізінде ақ туфли ақ колготкімен, қара туфли қара колготкімен жарасады.
9. Барлық ақшаны бірден құртпа. Ай сайын табысыңның 10%-ын сақтап отырсаң, жылдың соңында үлкен затқа құртатындай ақша жиналады.
10. Тұлға бол. Өзіңнің қызығушылығың, өзге затқа қатысты пікірің болсын. Алдымызға қойған мақсат пен жеңіл әзілдеріміз кез келген әлеуметтік ортада тіл табысуға көмектеседі. Және бұған IPhone-ның қатысы жоқ.
11. Алдыңа қойған мақсаттарыңа жет. Менің қалауымның басқа болғанын білетіндердің барлығы не себепті өзім қаламаған мамандықта оқып жатқандығымды сұрайды. Осы кезде мен бастаған істі жарты жолда тастап кетуден оңайы жоқ, алайда оны соңына дейін жеткізу тым қиын. Бар болғаны ерік-жігерімді тәрбиелегім келеді деп жауап беремін.
12. Демалып үйрен. Жылдың әр маусымын қызықты оқиғаларға толтыр.
13. Жаттығу жаса. Тіпті 5 минут болса да, жаттығу жасап тұрған дұрыс.
14. Дауыс көтерме. Аузын ашып, айқайлап жатқан адамнан сорақысы жоқ. Оның орнына 10,20-ға дейін, қажет болса 100-ге дейін санап, қалыпты дауыспен жауап бер.
15. Видео түсір. Телефонға, камераға, фотоаппаратқа. Әсіресе жақын адамдарыңмен бірге болған кезде. Бұл видеоның барлығы артынша өміріңнің мәніне айналады.
16. Хоббиің болсын. Ол сурет салу, ән айту, би билеу, коллекция жинау болуы да мүмкін. Бастысы жанға жайлылық сыйлап, қуантуы керек.
17. Жігіттің жанында билікті өз қолыңа алма. Сені қызықтырып, көңіліңді аулау мәселесін ол ойластырсын.
18. Қыста да, жазда да гигиеналық далапты пайдалан. Бұл қартайған шағыңда үлпілдеген ерніңнің сол қалпында қалуын қамтамасыз етеді.
19. Көбірек оқы. Мақалаларды, уикипедияны, кітаптарды, журналдарды, газетті оқы – мұның барлығы сөздік қорын көбейтіп, интеллект деңгейін көтеруге әсер етеді.
20. Бір нәрсе үйрену мүмкіндігін жіберіп алма. Өмірде қандай қасиеттер керек болатынын ешкім білмейді. Сондықтан кез келген семинарлардан, курстардан бас тартпа.
21. Әуен тыңда. Кейде өзің білмейтін әншілердің әртүрлі жанрдағы әуендерімен таныс. Сал-серілердің әнін тыңда.
22. Кешікпе. Уақытында келу арқылы күтіп тұрған адамға деген құрметіңді көрсетесің. Ал егер кездесуге бара жатсаң, 5 минутқа дейін кешігуге болады.
23. Өзіңді құрметте. Жігіттердің жол беріп, есік ашып беруіне мүмкіндік бер.
24. Үйден тыс түрлі-түсті шұлық киме. Тек ақ, қара, сұр, көк түстер ғана жарасымды көрінеді.
25. Инструкциясын оқы. Сол кезде барлығы да жылдам жүзеге асады.
26. Ұйымдастырушы бол. Сыныбыңмен киноға бар, ұстаздарыңды концерт қоюға мәжбүрле. Бастысы пайдалы әрі қызықты болсын.
27. Анаңмен көбірек уақыт өткіз. Ол – біз үшін ең жақын адам.
28. Қыдырудан кеш келме. 22.00 мен 23.00-де қыз баласы ұйықтап жатуы тиіс.
29. Әдемі боянуды үйрен. Алғашында эксперимент жасау арқылы өзіңе лайық образды таба аласың.
30. Гардеробыңда міндетті түрде бір қара көйлек болсын. Оны туфлимен, стильді клатчпен, қарама-қарсы түстегі пиджакпен толықтыр.
31. Батыл бол.
32. Шет тілін меңгер. Кез келген.
33. Әртүрлі болуды үйрен. Қажет кезде нәзік, тәкаппар, мейірімді, қатал, әзілқой бол. Баратын жеріңе сәйкес түрлі стильде киін.
Өмірдің бізге берер тосын сыйы көп, сондықтан барлығына да алдын ала дайын болған абзал.
Жалғасы бар...
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: Әсем Жамалидің жеке парақшасынан
Қ. Бүйенбай