Мақала жазып үйренейік

Мақала жазып үйренейік

Газетке немесе журналға, тіпті болмаса Massaget.kz сайтына сапалы мақала жазғыңыз келе ме? Ендеше, мағыналы әрі қызықты жазба жазу үшін біздің бірнеше кеңесімізді оқып алыңыз.

  • Мақаланың не туралы жазылатынын, не мақсатта жазылатынын анықтап алыңыз.
  • Аудиторияны анықтап алу керек. Жазудан бұрын кім үшін, қанша жастағы оқырман үшін жазатыныңызды анықтап алыңыз. Мәселен, ғылыми мақала мен балаларға арналған мақаланы шатастырмау керек. Аудиторияға сәйкес, дайындығыңыз да өзгеріп отыруы керек.
  • Оқырманға не керектігін іздеңіз. Оқырмандар не туралы білгісі келеді? Олар іздеген мәліметті беруге сіздің білім қорыңыз жеткілікті ме? Бұл арқылы мақала жазуға сюжет табу оңай болады. Бірақ өз білім қорыңызбен ғана шектелмей, жаңа деректер іздеп, оларды меңгеру арқылы пайдалы мақала жаза аласыз.  
  • Жазатын мақалаңыз еш жерде талқыланбаған, жаңа, өзекті болсын. Ал егер сіз жазғыңыз келген тақырып жауыр болса, оның берілу форматын өзгертіңіз, яғни өзге бір қырынан беруге тырысыңыз. Бар дүниені қайталап жазып шығу емес, ең болмағанда сол ақпаратты толықтыру сіздің мақалаңыздың өзектілігін арттырады. Бұл арқылы оқырманның назарын аударасыз әрі олар әр жазған мақалаңызға қайта оралып оқитындай болады.
  • Жазатын тақырыбыңызды өзге ешкім, ешқашан жазбаған болсын. Мақалаға өзгеше реңк, жаңа тұрпат беріңіз.
  • Тақырыпқа жаңа ойлар қосыңыз. Өз ұсыныстарыңызды немесе өзге авторлардың мақаласында жоқ деректерді қосыңыз. Бұл – оқырманның бүгінгі ақпарат тасқынында дәл сіздің мақалаңызды таңдап оқуға себеп болады.   
  • Қызықтыра жазыңыз. Оқырман ғана емес, жазып жатқан тақырыпқа өзіңіз де аса үлкен мән беретініңізді көрсетіңіз. Сіздің қызығушылығыңызды көрген оқырман да мән бере бастайды. Тіпті оқырманның ой қорытуына, сараптауына мүмкіндік беретіндей етіп жазыңыз.

Таңдалған тақырыпты зерттеңіз

Негіздерін біліңіз. Жазғалы жатқан мақалаңыздың жалпы сипатын ойластырыңыз. Бұл арқылы көп тақырыптың ішінде адаспай, айтқыңыз келген ойды жинақтауға мүмкіндік болады. Әрине, жазғыңыз келген тақырып төңірегінде ақпарат болмауы мүмкін, сондықтан тақырыпты білетін адамдардан, газет-журналдан, интернет басылымдарынан, кітаптардан іздеп, тапқан жағдайда оларға сілтеме беру арқылы қолдана аласыз.

  • Мұнда назар аударарлық бір мәселе – сіз тапқан ақпарат негізсіз, өтірік я толық емес болып шығуы мүмкін. Сондықтан іздеуді жалғастыра түсіңіз.
  • Сенімді ақпарат көздеріне жүгініңіз. Талқыланатын тақырыптың оң да, теріс те көзқарастарын жинақтап, оларды салмақтау арқылы сіз бұл салада маман бола аласыз.
  • Әрине, деректерді интернеттен табу оңай. Десе де, мұнда да көрегендік, тапқырлық қасиеттер керек. Ақпараттардың сілтемесіне өтіп, ғылыми деректер мен қайнарын қарастыруға ерінбеңіз.
  • Ақпаратты түрлі жолдармен беруге болады. Табылған ақпаратты мәтіндік нұсқада емес, кесте, диаграмма, суреттермен де беруге болады. Бастысы, оқырманға ақпараттың түсінікті болуы екенін естен шығармаңыз.

Мақаланы жазыңыз

Көлемін анықтап алыңыз. Жазбаны қай басылымға беретініңізге байланысты сөз санын, қанша парақ жазатыныңызды ойластырып алыңыз. Тақырыпты аша түсу үшін қаншалықты көп жазуыңыз керектігін анықтаңыз. 

Мақаланың жоспары

Жазу алдында оның неден басталып, қалай аяқталатынын, негізгі бөлімде қандай мәселе айтылатынын белгілеп алыңыз. Егер жоспар құратын болсаңыз, мақаланың қай бөлімінде композициялық қате барын, қай бөліміндегі деректі толықтыру керектігін біле алатын боласыз.

  • Жазу стиліне, құрылымына уақыт бөліңіз. Мәселен, мақала мазмұны балалар туралы болса, онда архаизм, термин сөздер қосудың реті жоқ. Ал ғылыми мақалада ақпаратты ауызекі сөзбен жеткізе алмайсыз. Бұл үшін аудиторияның жасы мен көңіл-күйіне назар аударыңыз.
  • Мысалы, газетке шығатын мақала баяндау формасында, тым ғылыми емес болуы керек. Бірақ ауызекі сөздерді пайдаланбау керек. Ғылыми мақала эссе форматында 5 параграфтан тұратын ғылыми тілде жазылады.

©

 

Болатбек Мұхтаров, «Алаш айнасы» газетінің Ақпарат бөлімінің редакторы:

Бүгінгі журналистикада мақала немесе ақпарат деп ешнәрсені бөлудің қажеті жоқ. Шартты түрде болмаса. Жазылатын нәрсенің болған оқиғамен, жағдаймен байланысы бар, мәселенің көтерілетін себебі бар. Дәл осы себеп пен соған қатысты жаңа мәлімет - тақырып. Ал қалай сауатты жазу - бөлек әңгіме.

Ең бастысы, түсінікті, әрі сауатты жазу. Бұдан ақпарат жеткізуші оқырманның сеніміне ие болады. Ақпаратты жазғанда бейтарап болу – қағида. Жеткізуші ғана болуың керек. Ең болмағанда, өз мүддең жасырын тұруы тиіс. Ақпаратты елден ерекше болуға тырысып жазу мақсат емес. Ерекшелігіңді кәсіпқойлар басқа нәрселерден-ақ байқайды.

©

Мақаланы өңдеңіз

Мақаланы жариялаудан бұрын, қайта оқып шығып, өңдеу керек. Егер уақытыңыз болса, бір күннен кейін жаңа деммен оқып, түзеткеніңіз жөн. Осы арқылы мақаланың қалай жазғыңыз келгенін және қалай жазып шыққаныңызды салыстырып, айырмашылығын байқайсыз. Көп жағдайда мақаланы дауыстап оқып көру керек. Сонда кейбір сөз тіркестері мен сөйлем құрылымының қатесін түзей аласыз.

  • Мәтіндегі орфографиялық және грамматикалық қателерді түзетіңіз.
  • Бұдан кейін мақаланың жалпы құрылымы  дұрыс тұрғанына көз жеткізіңіз. Мән-мағына логикалық тізбекте дұрыс орналасқан ба? Ақпаратпен мүлдем таныс емес оқырманға бәрі де түсінікті болсын. Мақалада бір-біріне қайшы келетін пікір мен қате деректердің жоқтығын қадағалаңыз.
  • Егер мақала көңіл көншітпесе, белгілі бір тарауларын я түгелдей жұмысты қайта жазып шығыңыз. Мақала өзіңізге ұнамай жатса, мақалаңызды барынша талап-жігеріңізді аямай қайта бір қарастырып көріңіз.
  • Мақаланы қызықты етіңіз. Мәтінге сурет, диаграмма, видео, аудио материалдар қосыңыз. Осы арқылы мақаланы түсінікті әрі оқуға жеңіл етесіз.

Мақаланы жариялаңыз

Жұмысты аяқтаған соң мақаланы жариялайсыз, бірақ мәселе мұнымен біткен жоқ. Үнемі ілік іздеп отыратын трольдердің пікірін елемеңіз. Сіздің жазған еңбегіңіздің құны көк тиын болып та көруі мүмкін. Мақала бәріне бірдей ұнамайтынын ескеріңіз.

Кеңестер:

  • Белгілі бір шектеулерге ұрынбас үшін жоспарды құрмауға да болады;
  • Сіздің жазушылық репутацияңыз маңызды. Сол үшін қате ақпарат таратумен немесе плагиатпен айналыспаңыз. Дереккөзді көрсетіп, сілтеме бермейтін болсаңыз, оқырманның алдындағы абыройыңызды жоғалтасыз.
  • Егер журналистік кәсіби білігіңіз болмаса, белгілі бір тақырыпта тұжырым айтуға болмайды. Редакторлық мінбер мен қандай да бір салада маман болып пікір білдіруге асықпаңыз. Қарапайым тақырыптардан бастағаныңыз жөн. Мәселен, жаңалық, сән, өнер, саяхат сияқты тақырыптар.
  • Қандай басылым болмасын, сіздің мақалаңызды түгелдей өңдеп тастауы мүмкін. Мұнда салқынқандылық танытып, неліктен өзгеріс пен толықтырулар енгізілгенін анықтаңыз.
  • Мақаланы дер кезінде жазу керек. Өзектілігінен айырылған ақпарат құнды емес.
  • Интернет бетінен мақала жазу турасындағы ақыл-кеңестерді іздестіріп көріңіз.
  • Мақала жазу барысында әрбір сөз, сөйлемге аса мән беретін болсаңыз, кейін қайта бір өңдеп шығуға уақыт жоғалтпайсыз.
  • Мақалаңызды неліктен, қашан, қалай жазғаныңызға жауап іздеңіз.

Ардақ Құлтай

Сурет: өңделген

А. Құлтай