- Негізгі бет
- Жаднама
- Киімді қайдан аламын?...
Киімді қайдан аламын? Базар VS Сауда орталығы
Бұл мақалада базар мен сауда үйлерінің айырмашылықтарын, артықшылықтары мен кемшіліктерін айтатын боламыз. Сіз де киімді қайдан сатып алатыныңызды жазып, тәжірибеңізбен бөлісе отырыңыз.
Жыл өткен сайын сауда үйлері көбейіп, дамыған мемлекеттерде ғана көрсетілетін қызмет түрлері бізге де келе бастады. Тіпті интернет арқылы киім сатып алу мүмкін болды. Бірақ бұл басқа әңгіме. Біздің мақсатымыз – базар мен сауда орталықтарының қайсысында киім сатып алудың жөн екенін анықтау. Дәстүр бойынша базарға барасыз ба, әлде сауда үйлеріне қарай бағыт аласыз ба?
Базарға барып, киім алу үйреншікті жағдай. Онда ашық аспан астында жүрсеңіз де, әйтеуір ұнағанын арзанға алуға болатыны басты пайдасы. Оған қоса саудагерлермен сөйлесіп, киім бағасын мүмкіндігінше түсіруге болады. Тағы бір жақсылығы – базардағы киімдердің түр-түрлісін таңдауға болады. Сонымен, базарларға барып киім сатып алудың оң және теріс жақтарына үңіліп көрейік.
Артықшылықтары:
Арзан. Қай-қай сауда орталығына барсаңыз да, базар бағасындай болмайтыны белгілі.
Құнын түсіруге болады. Саудагермен сөйлесу заңдылықтарын білсеңіз және оның қулықтарын айналып өте алсаңыз көп шығындалмай-ақ қажетті затыңызды алып қайтасыз.
Базарда «іздеген табар» деген сөз қалыптасып қалған. Іздей берсеңіз, барынша арзанын да, мүмкін болғанынша сәндісін де таба аласыз.
Психология. «Базарда қандай психология бар?» дерсіз. Жауабымыз дайын. Сіз базарда киім құнын түсіріп алсаңыз, діттегеніңізге жеткендей, қуанышты бола аласыз. Сауда маркетингімен айналысатын адамдардың түгелдей бір теорияны жасап шыққанын да біле жүріңіз.
Кемшіліктері:
Базар – бұл ашық аспан асты. Күннің жаңбырлы немесе ыстық болуы сізге қолайсыз болуы мүмкін. Тіпті ертесіне ауырып, суық тигізіп алуыңыз да ғажап емес.
Мұнда ешқандай да қызмет түрі жоқ. Иә, сағыз немесе пісте шағып тұрғаныңызда келіп, айыппұл төлететін күзетшілер ғана бар. Яғни, киім таңдауда ешкім де сізге қызметін ұсынбайды. Сатушының өзі де өз пайдасын қарастырып, тіпті сәнге байланысты ешқандай да білімі болмауы мүмкін.
Базарда жүру қауіпті. Көше кезерлер мен тонаушылардың құрбаны болғандар көп. Әрмен қарай жалғастырудың да қажеті шамалы...
Құбылмалы баға. Базарда белгілі бір киім түріне қойылып, белгіленген арнайы баға жоқ. Сізге айтылған сомаға негізгі бағасы екі есе арзан киімді білместіктен сатып алып қоюыңыз да ықтимал.
«Қытайдікі!». Сіз арнайы таңдап алған киім киіс бермейді. Барлық заңсыз киім тігетін жерлердің өнімін біз жаттанды «Қытайдыкі!» деп, «түсіністікпен» қарайтын болдық. Базарлардағы сауданың ең бір тиімсіз жолы – сапасының жақсы-жаман болы шығатынын құмалақшыдай табуыңыздың керектігінде.
«Мен көлегейлеп тұрамын, киініп ал». Базарда осындай сөзді сатушылардан талай мәрте естіген шығарсыз? Яғни, базарда сіз шалбар, жейде сияқты киімдердің өлшемін дұрыс таңдамауыңыз да мүмкін.
Сауда үйлері әзірге тек қалаларда көбейіп жатыр. Қалалардағы сауда үйлерінің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталып өтейік.
Артықшылықтары:
Сапа. Сауда үйлерінде белгілі бір сауда брендтері орналасқан. Ал олар жылдар бойғы жинаған абыройын бір ғана киімнің нашар шығуының себебінен төге салғысы келмейтіні анық. Әрбір зат сапалы әрі көңіліңізге жағымды болады.
Баға. Иә, сауда үйлерінің бағасы ауадай қымбат деген түсініктен арылатын кез жетті. Себебі, сіздің базарда алған жейдеңіздің сапалы түрін дәл сол бағаға сауда үйінде де тауып аласыз. Мұнда бағалар арнайы қойылады және тек нарықтағы шетел курстарына қарай ғана өзгеріп отырады.
Мұнда сервис дамыған. Мұндағы саудамен айналысатындар көбіне тұтынушыға көрсетілер қызметке көңіл бөледі. Байқаған да шығарсыз, әдемі келген қыз сіздің жаныңызға тұрып, бар білгенін айтып, толықтай ақпараттандыра алады. Яғни, уақытыңызды босқа шығындамай, оның тауып берген киімдерін сатып аласыз.
«Арзандатулар!». Сауда үйлері «Жеңілдіктер!» деп бағаны арзандатуы базарлардағы киім құнын түсіріп беретін саудагерлерден түсетін пайдадан да асып түсуі мүмкін. Яғни, арнайы жыл мезгілдерінде жасалатын түрлі жеңілдіктерді қадағалап, байқап жүрсеңіз, сапалы киімді арзанға сатып алу мүмкіндігі бар.
Тоңбайсыз да, ыстықтамайсыз да. Иә, сауда үйінде сіз даладағыдай тоңбайсыз да, ыстықтамайсыз да. Онда арнайы желдеткіштер қойылған. Сауданы демалысқа айналдыруға да болады.
Өлшемін дұрыс таңдайсыз. Әрине, барлық сауда үйлерінде киімді өлшеп көруге арналған бөлмелер болады. Онда айна да, жарық та дұрыс түсіріледі. Яғни, киім түсіне, сапасына, өлшеміне мән бере аласыз.
Сән. Мұнда сіз соңғы сән үлгісі бойынша киіне аласыз. Себебі, базар саудагерлері киімді тек қыстық, жаздық деп жалпылай бөліп шығаратын болса, сауда үйлерінде қыста қандай трендтер, қандай үлгілер сәнге айналатынын да білесіз.
Кемшіліктері:
Иә, біз қанша мақтасақ та, сауда үйлерінің де кемшіліктері жоқ емес екен.
Жарнама. Адам баласы физиологиясынан әдеміге, сұлуға құмар келеді. Осы қасиетті пайдаланатын жарнамашылар сіздің бейсаналы түрде белгілі бір өнімді сатып алуыңызға ықпал жасайды. Сізге мүлдем керек емес киім сатып алынған заттардың арасынан табылып жатса, таңғалмаңыз. Оның үстіне ақшаңызға да жұт келеді десек, артық айтқандық емес, жарқырап тұрған киімдерді көргенде қызығушылығымызды баса алмай қалып жататынымыз бар.
Автор: Ардақ Құлтай
Сурет: өңделген
А. Құлтай