Байлар ақша үшін қызмет жасамайды

Байлар ақша үшін қызмет жасамайды

"Қайткенде баюға болады?". Бұл сұрақ бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адамның басында бар. Кеше назарларыңызға ұсынылған "Екі әкенің ақылы" жазбасының жалғасын оқи отырыңыздар.

- Қайткенде баюға болады? – деп сұрағанымда, әкем қолындағы газетті қойды да:

- Қалайша байығың келе қалды? – деді мойын бұрып.

- Осы аптаның соңында Кимнің шешесі оны су жаңа Кадилак көлігімен теңізге, жағажайға барып, демалыс өткізеді екен. Ким үш досымен бірге барыпты. Мак екеумізді ерткен жоқ, себебі, біздің кедейлігіміз оған мін көрінетін сияқты.

- Олар расында да солай ойлап па? – деді әкем екіұдай кейіпте.

- Иә, дәл солай, солай айтыпты да! – дедім мен.

Әкем үнсіз бас изеп, көзілдірігін көтеріп қойып, түк болмағандай, газетін оқи берді. Мен қозғалмай отырып, әкемнің жауабын күттім...

Бұл дәл 1956 жыл болатын. Ол кезде мен тоғыз жаста едім. Тағдырдың орналастыруымен үкіметтік бір мектепке оқуға түстім. Ондағылардың бәрі байдың балалары еді. Шығын қаладағы тұрғындардың дені шипагер, сауда ісімен айналысатын, банк жүйесінде жұмыс атқаратын түрлі саланың шекпенділері еді. Бай балалары 6 жылдықты бітірген соң, жекелер иелігіндегі мектепке кететін. Менің үйім осы шағын қалада болғандықтан, осы мектепке түсуге мәжбүр болдым. Егер дәл осы қаланың дәл осы көшесінде болмағанымызда, мен өзім тектес қоңырқалта балалармен қатар оқитын едім.

Әкем ақыры газетін қойды. Манадан бері менің сөзіме толғанып отырған сыңайлы:

- Балам, егер байюды ойласаң, міндетті түрде ақша туралы ойлан, ақша табуды үйрен, - деді сосын.

- Ондай болса, ақшаны қалай табамын?

- Миыңды жұмсап табасың да, - деді әкем жай ғана күлімсіреп, бұл әкемнің саған айтарым осы немесе жауап бере алмаймын, мені қинама дегені еді.

***

Ертесі әкемнің сөзін Макқа айттым. Екеуміз бұл мектептегі ең кедей оқушылар едік. Шындығында әке-шешеміз бізге тұрмыстағы керек-жарақтан, азық-түліктен тарықтырмайтын. Біз тек басқа балалармен салыстырғанда,өзімізді кедей санайтынбыз. Өйткені, басқа балалардың гольф доп қолғабы, темір аты, барлық дүниелері су жаңа болатын. Әкемізден ақша сұрасақ, «Алғың келіп тұрса, өзің ақша тауып ал» дейтін. Біз сияқты тоғыз-он жастағы балаға ақша қайдан табылсын.

- Ақшаны қалай табамыз? – деп сұрады Мак менен.

- Түсінбедім, егер мақұл көрсең, екеуміз серіктесейік, - дедім мен.

Сөйтіп әлгі сенбі күні таңертеңнен бастап, Мак менің тұңғыш кәсіптік серігім болды. Түске дейін ақша табудың жолы туралы ойладық. Арасында бір-бірімізге: «Ким, безбүйректердің теңіз жағасында серуендеп жүргені-ай» деп қоямыз. Бұл іс шынында да намысымызға тиді, әрі барыншы құлшынып ақша табуымызға түрткі болды.

Ақыры түстен кейін бір ой сап ете қалды.

Біз көршілердің тіс жуу майының қабын жинап, оны темір шәугімге салып ерітіп, сырын кетірген соң қорғасынын қалыпқа салып, бес тиындық қорғасын ақша жасауды ойладық. Жоспар бойынша екі апта көршілердің тісмай қабын жинадық. Жұмыс бастаған сәтімізде әкем келді.

Әкем досымен бірге қорғасын ертіндісін мұқият қарап жатты.

- Абайла! – деді. Басымды көтеруге де мұршам болмай, тек бас изеп қойдым.

- Не істеп жатырсыңдар? – деді әкем.

- Сөзің бойынша, жұмыс істеп жатырмыз, біз баю жолындамыз! – дедім мен.

- Солай! – деді Мак та басын изей ыржиып, - Екеуміз бірігіп жатырмыз.

- Қалыптың ішіндегі не нәрсе? – деп әкем қызыға сұрады.

- Қараңыз! – Мен мықтап бекітілген қалыпты екіге бөліп ашқанда, бес тиындық қорғасын жерге домалап түсті.

- Оһо, Тәңірім! – әкем дауыстап жіберді, - Сендер қорғасыннан теңге құйып жатыр екенсіңдер ғой...

- Иә, - деді Мак, - Сіз айтқандай, ақша тауып жатырмыз.

Әкемнің досы күліп жіберді. Әкем де күліп басын шайқады. Бір үйінді қоқыр-қоқыстың қасында біз де масайрап күліп тұрдық.

Әкем қолымыздағы дүниелерді тастатқызып, әрі баспалдақта отырып «Жалған ақша жасаудың» мәнін тәптештеп түсіндіріп берді.

Тәтті қиялымыздың күлі көкке ұшты.

- Сізше болғанда, істегеніміз заңға қайшы болды ғой? -  деп сұрады Мак дауысы дірілдеп.

- Оларды айыптай көрме, мен білсем, келешекте олардың талант иесі болу мүмкіндігі бар, - деді әкемнің досы.

- Дұрыс, бұл заңға қайшы, - деді әкем сөзін сабақтап, - Бірақ, үмітсізденбеңдер, мен сендердің жаңалық жарату және дербес ой жүгірту рухтарыңды мақтаныш етемін! – деді.

Мен қоқыс үйінділерін жинастырып жүріп үмітсізденген бейнеде:

- Олардың айтқаны дұрыс, жоқшылық біздің маңдайымызға жазылған екен! - дедім.

Әкем жүрер кезінде:

- Балам, өздеріңді кедейліктен арылмадық деп ойласаңдар, онда нағыз кедейге айналғандарың. Белгілі бір істе жеңіске жету немесе сәтсіздікке ұшырау онша маңызды емес. Маңыздысы – сендер талпындыңдар. Сендердің осы жігерлеріңді мен мақтаныш етемін! – деді.

 

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: picnic.com

M. Auelkhan