- Негізгі бет
- Жаднама
- Әке ақылы ...
Әке ақылы
Жалғыз баласы бар әке, өз ұлын еңбекқор етіп тәрбиелеуге бел буыпты. Күндердің бірінде баласын ертіп, ел көріп, жер көріп, өнеге, есеп үйрену үшін ұзаққа аттанған бір саудагерге қосып жіберіпті. Баласына жүрерде: «Балам, мен үшін асыл бұйым іздеме, саудагердің көргенін көр, істегенін істеме, әліңе бағарсың, көрпеңе қарай көсілерсің, жалғыз-ақ жүрген жеріңде нанның қоқымын тастама, келгенде маған бір дорба нанның қоқымын ала кел!» деп тапсырыпты. Бала әкесінің ақылын есіне берік сақтайды. Көргендерін көңіліне берік түйеді. Шымшымдап-уыстап дегендей нан қоқымын жинайды. Сонымен, қоқымға қалтаны толтырып, еліне қайтады.
Қайтқан жолында саудагердің ат-көлігі арықтапты. Мөлшерлеп алып шыққан азығы таусылыпты. Бәрінің қоқым нанға күні түсіп, ел шетіне аштық тартпай ілініпті.
Бала сөйтіп үйіне қайтыпты. Әкесі баласының жай-күйін ұғып, ісін жақсы орындап келгеніне разы болыпты. Ас-суын беріп жайластырыпты. Содан соң баласы отырып: «Әке, айтқаныңды орындап едім, бірақ, жолда ашығып көбін жеп, азын әкелдім» деп бір табақ нанның қоқымын беріпті. Сонда әкесі: «Е, балам, нансыз емеспіз ғой, маған ол не керек, оны мен өзің үшін айтқан едім. Сондай жағдайлар болып қалуы мүмкін деп ойлаған едім. Ол менің нан қадірін біл дегенім еді, «Ас қадірін білмесең, аш қаласың» деген сөз есіңде болып дегенім еді», депті.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: wallcoo.com
M. Auelkhan