Бүгіннен бастап Enpf-otbasy.kz платформасы арқылы офтальмологиялық қызметтерге өтініш қабылдау тоқтатылады. Зейнетақы жинағын қайда пайдалануға болады? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Неге тыйым салынды?
"Отбасы банк" АҚ мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігі БЖЗҚ-ны емделуге пайдалану ережелеріне енгізген өзгерістерге байланысты өтініш қабылдау тоқтатылып отыр. 3 желтоқсанда тиісті бұйрық жарияланған. Жаңа ережелерге сәйкес зейнетақы қаражатын стоматологияға да, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат берілмейді.
Енді қайда жұмсауға болады?
Бірқатар бағыт тоқтатылғанына қарамастан, азаматтар БЖЗҚ-дағы артық қаражатты маңызды және қымбат ем түрлеріне пайдалана алады:
- орфандық (сирек) ауруларды емдеу;
- реконструктив және қалпына келтіру операциялары;
- радионуклид және радио-йод терапия;
- радиохирургиялық ем;
- протон терапия.
Сондай-ақ, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануға болады:
- Ипотекасыз түпкілікті есеп айырысу: көппәтерлі үйден сатып алу-сату, айырбастау, үлестік қатысу немесе үлесті беру; тұрғын үй немесе жеке құрылысқа, жеке қосалқы шаруашылыққа жер учаскесін сатып алу үшін.
- Ипотекалық тұрғын үй қарызы: бастапқы жарна төлеу, ішінара немесе толық өтеу, қайта қаржыландыру, оның ішінде жөндеу жүргізілген тұрғын үй бойынша да.
- Тұрғын үй құрылысы жинағы: ипотека алу немесе қайта қаржыландыру, жеке үй салу, соның ішінде жер учаскесін сатып алу үшін салымды толықтыру;
- Ислам банкі арқылы қаржыландыру: тұрғын үй сатып алу, қарызды ішінара немесе толық өтеу.
- Сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалдау: тұрғын үй бағдарламалары, дағдарысқа қарсы бағдарламалар, жекешелендіру немесе бөліп сатып алу-сату шеңберінде төлеу.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова