Терезенің алдында не жанында отырып жұмыс істеген адамның ісі өнімді, назары толыққанды болады. Ұлыбританияның ғалымдары кеңседегі жұмысты өнімді етудің тәсілін зерттеп, осындай тұжырымға келді.
Зерттеуді жүргізген – Лондондағы Король колледжінің әлеуметтанушылары.
Ғалымдардың айтуынша, терезе алдында отырған адамның көңіл-күйі жақсы, қуанышы көбірек, жұмысқа деген ынтасы жоғары болады. Зерттеушілер мұндай тұжырымға кеңсе қызметкерлерімен сұхбат, сауалнама жүргізе жүріп көзі жеткен. Қызметкерлер терезенің алдына отырып, айналаны, қоршаған орта мен табиғатты өз көзімен көріп, жұмыс істесе, ісіне шабытпен кірісетінін айтқан екен.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл тәсілді жұмыс берушілердің кеңсені жабдықтау мен жалдау кезінде қолданса құба-құп. Кеңсенің терезесі кең болғаны жөн. Ал орындық пен үстел терезе алдында тұрса тіпті жақсы. Терезе алдында қатармен отырған қызметкерлердің бір-бірімен сөйлесіп, ақпарат алмасуына да ыңғайлы көрінеді.
Қазір Қазақстанда ашық офис немесе open space форматымен жасалған кеңселер көбейгені белгілі. Бұл формат та терезелі кеңсенің бір түрі болса керек.