Заманауи беташар желі қолданушыларының шамына тиді

Қазақстандықтар әлеуметтік желіде жастар стиліндегі беташарды сынға алды. Жастардың үйлену тойын жаңаша өткізуі көптің шамына тиді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желі қолданушылары беташар рәсімін заманауи түрде өткізген тойды талқыға салды. Қалыңдық жариялаған бейнежазба Instagram платформасында 700 мыңнан астам қаралым жинады.

Ума Оспанова есімді желі қолданушысы үйлену тойын жастар форматында өткізуді ұйғарғанын жазып, аталмыш видеоны парақшасында жариялады. 

"Келіннің ортаға шығуы, беташар - бәрі де заманауи форматта. Жастар тойындағы салт-дәстүрдің сізге қалай өткені ұнайтыны туралы пікірлеріңізді бөлісіңіздер", - деп жазды ол.

Пікірлер бөлімі екіге жарылды. Кейбірі жастардың бұл ісін дәстүрді қорлау ретінде қабылдады.

"Креативті қолдаймын, бірақ бұл мазаққа ұқсайды", "Бұл беташар емес, бұл беташар деген сылтаумен жасалған қайыршылық", "Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді бимен қалай бұрмалайсың? Әдет-ғұрыпты құртпаңдар" , "Салт-дәстүрді сақтау керек, тазарту керек", "Мен жаспын, десе де салт-дәстүрді, тамырыңды, ғұрыптарды сақтаған жөн деп санаймын", "Егер заманауи той жасағылары келсе, беташар жасаудың қажеті жоқ еді", - деп жазды пікір білдірушілер. 

Ал кейбір пікір қалдырушылар жастарды қолдады. 

"Заманауи беташар өте керемет! Жастардың батылдығы!", "Бұл олардың үйлену тойы! Олар қалай қаласа, солай тойлайды. Жарайсыңдар!", "Жастар кеші - тамаша идея. Ең бастысы, жас жұбайлардың өздеріне ұнаса болды", - деп жазды желі қолданушылары.

Ума заманауи беташар идеясының қалай пайда болғанын айтып берді.

"Шараны осындай форматта өткізу идеясы жүргізушілермен сценарийді ойластырған бойда келді. Бұл жастарға арналған той кеші болды, онда тілектер де аз болды. Беташардың өзі былай болды: Үй иесі қонақтарды атымен және лақап атымен атап шақырады, төлем QR код арқылы жасалды", - деп бөлісті қалыңдық.

Ума да мұндай даулы реакцияны күтпегенін баса айтты.

"Медиа тұлға ретінде мен барлығын блогымда жарияладым. Бұл менің екінші некем және бәрі менің екінші үйлену тойымды ұзақ күтті, сондықтан біз әр сәтті түсіруді жөн көрдік. Көбіне менің екінші рет тұрмысқа шығып жатсам да, беташар жасайтыным ұнамады. "Бұл қалай болғаны, екінші рет жасау дұрыс емес" деген ойлар да айтылды. Оны желіге шығарғанда да, адамдардың реакциясына дайын болдым. Бірақ видеода назар басқа нәрсеге ауып, жұрттың талқысына салт-дәстүр түсті", - деді ол.

Айта кетейік, беташар - қазақтың үйлену тойында орындалатын дәстүр. Бұл дәстүрде жаңа түскен келіннің жүзі алғаш рет жаңа туыстарына көрсетіледі. 

Өткен жылдың желтоқсан айында қазақтың аталмыш ұлттық дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген еді. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!