Ыстықтың адамдарға әсері: несімен қауіпті және одан қалай қорғанамыз?

Көпшілік адам жазды асыға күтеді. Жаз маусымының артықшылықтары көп. Алайда жазда күн аптап ыстық болып кетеді. Өте жоғары температуралар несімен қаупті және одан қалай қорғану керек? Massaget.kz ыстыққа қатысты негізгі білу керек нәрселерді ұсынады.

Ыстық адам ағзасына қалай әсер етеді?

Дене қызған кезде қан тамырлар кеңейеді. Ол қан қысымының түсуіне әкеледі және жүректі қарқынды жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Бұл жеңіл, бірақ жағымсыз симптомдар - бөртпе немесе аяқтың ісінуін тудыруы мүмкін. 

Ағза температураның жоғарылауына теріге қанның көп құйылуымен әсер береді: жылу дененің бетіне шығады. Алайда тер бөлінеді, ол буға айналып, денені салқындатады. Бірақ тер бөліну сұйықтық пен тұздардың жоғалуына әкеледі. 

Адам ағзасы қыста да, жазда да 37,5°C-тан жоғары емес температураны сақтап тұруға тырысады. Бұл біздің ағзамыз эволюция процесі кезінде бейімделген температура. Ол артық жылуды сыртқа шығару үшін тері бетіне жақын қан тамырларды кеңейтеді. Сондықтан дене терлей бастайды.

Ыстық несімен қауіпті?

  • Жүрек-қан тамырлар проблемалары. Ыстық кейде жүрек талмасы, инсульт және инфаркке әкелуі мүмкін. Себебі ыстықта жүрек-қан тамырлар жүйесіне қосымша күш түседі. Ыстық артериялық қысымның бірден өзгеруіне, жүрек соғысының жиіленуіне, ауа жетпейтін сезімнің пайда болуына, кеуде тұсының қысылуына әкелуі мүмкін. Жүрек қан тамырларының қысылып қалуына тек ыстық емес, жалпы температуралардың бірден өзгеруі әсер етеді. Мысалы, ыстықта суық суға бату да жүрек талмасын тудыруы мүмкін. Сондықтан суға түспес бұрын кішкене көлеңкеде отыра тұрыңыз, суға біртіндеп кіріңіз.
  • Тыныс алу проблемалары. Сондай-ақ ыстықта тыныс алу органдарының ауруларымен (демікпе, пневмония, бронхит) қиналатын адамдардың жағдайы нашарлауы мүмкін. Адам оттек жетіспеуін сезеді. Оған қоса, жазда тамақ аурулары да жиі кездеседі. Себебі адамдар ыстықта мұзы бар сусындарды жиі ішеді.
  • Ыстық өту, күн тию. 
  • Терінің күнге күйіп қалуы.

Күн тиюдің белгілері

Күн тию — біз дене қызып кеткенде шалдығатын жағдай. Ыстық кезде ұзақ физикалық белсенділіктің немесе жоғары температуралар әсерінен адамға ыстық өтеді.

  • Дене температурасының көтерілуі. Кейде ол 40 градусқа дейін жетеді;
  • Сананың шатасуы, түсініксіз сөйлеу, ашуланшақтық және басқа да мінез-құлық өзгерістері;
  • Бас ауыруы;
  • Тершеңдік, терінің бозаруы және жабысқақтың сезімі;
  • Аяқ, қол және іш құрысуы;
  • Жиіленген тыныс алу мен тамыр соғуы;
  • Жүрек айну мен құсу;
  • Су ішкісі келе беру.

Күн тисе не істеу керек?

Күн тиген болса, ең алдымен жедел жәрдем шақыру керек немесе айналаңыздағы адамдардан оны шақыруын сұраңыз. Содан соң салқындау жер табу керек. Ол жақын жердегі сауда үйі немесе көлеңке жер болуы мүмкін.

Егер жеңі ұзын жейде немесе аяққа жабысып тұратын шалбар киіп алған болсаңыз, мүмкін болса тез суу үшін оларды шешіңіз. Егер ондай мүмкіндік болмаса, шалбардың балағы мен жейденің жеңін барынша қайырыңыз. Егер қол астында сүлгі, мұз және басқа салқын заттар болса, оларды бетке, маңдайға, мойынға және қолтық тұсына қойыңыз.

Дәрігерлер келгенше су ішуге асықпаңыз. Себебі күн өткен кей адамдарда жұту проблемасы болады.

Қауіп тобына кімдер жатады?

  • Егде жастағы адамдар;
  • Созылмалы аурулары бар науқастар. Олардың ағзасы ыстықтың ағзаға әсерінен болатын жүктемені көтере алмауы мүмкін;
  • Диабеті бар адамдар. Бұл кезде ағза ылғалды жылдам жоғалтады және бұл аурудың кей асқынулары қан тамырлар жағдайын және тер бөліну қабілетін өзгертуі мүмкін;
  • Балалар.

Ыстықтан адам өліп кетуі мүмкін бе?

Жоғары температура өлім себебі болуы мүмкін. Көп жағдайда бұл инфаркт және инсульт. Алайда ғалымдар адамдар көбіне көктемнің немесе жаз басындағы ыстықтан қайтыс болатынын байқаған. Бұл адамның жазда күнделікті әрекетінің өзгеруімен және ыстыққа үйренуімізбен байланысты болуы мүмкін.

Тері күнге күйіп кетсе не істеу керек?

Егер тері аздап қызарса, үйде өздігіңізден емделуге болады. Алайда егер бала терісі күйіп қалса, ересек адамның күйіп қалған терісі ауырса, қышыса, күлдіреп кетсе және температурасы көтерілсе, ауруханаға бару қажет.

Күнге күйіп қалған кезде не істеуге болмайды?

  • Зақымдалған жерге құрамында спирті бар құралдар жағуға болмайды. Себебі ол теріні құрғатады және ашытып ауыртады;
  • Теріні мұзбен сүртуге болмайды, ол теріні одан сайын зақымдайды және тыртық қалдыруы мүмкін;
  • Күйген теріні сілтілік сабынмен жууға және жөкемен ысқылауға болмайды. Бұл қабыну процесін күшейтіп, тіндерді тітіркендіреді;
  • Көпіршіктерді тесуге болмайды, әйтпесе, жұқпа дамуы мүмкін;
  • Күйген теріге май, вазелин және өсімдік майын жағуға болмайды. Олар тері тесіктерін бітеп тастайды және жасушаларға тыныс алуға кедергі келтіреді. Бұл зақымдалған жердің жазылу процесін баяулатады;
  • Толықтай жазылғанша күннің көзіне шықпаған жөн.

Күнге күйіп қалған кезде не істеу керек?

Бірінші кезекте, күннен қорғанып, салқындау ғимаратқа кіріп, жата тұрған жөн. Егер басыңыз ауырса, жүрегіңіз айныса және қатты әлсіз болсаңыз, жедел жәрдем шақырыңыз. Бұл күн тигеннің немесе қатты күйік алудың белгілері болуы мүмкін.

Егер ағзаның жалпы жағдайы зардап шекпесе және күйік қатты емес екенін көрсеңіз, мына нәрселдерді жасаңыз:

  • Күйіп қалған жерді суық су астында бірнеше минут ұстаңыз. Бұл ауыруды басады және терінің салқындауына ықпал етеді;
  • Зақымдалған жерге зарарсыздандырылған дәке немесе таза матаны қайта-қайта салқын суға сулап қойыңыз. Бұл ыстықты түсіріп, теріні тыныштандыруға және ылғалдандыруға көмектеседі. Егер процедура ауыртпаса, зақым алған адам суы бар ваннаға қол-аяғын салуға немесе салқындау душқа түсуіне болады. Гель мен скраб пайдаланбаңыз;
  • Күнге күйген теріге күйікке арналған құрал жағуға болады. Ол терінің ауыруын және қышуын басады;
  • Су көп ішу керек. Алайда су қатты суық болмауы керек. Алкоголь мүлдем ішуге болмайды. Ал ауруды басатын дәрілерді тек дәрігер жазып беруі керек.


ru.freepik.com

Ыстықтан қорғану жолдары

Далаға абайлап шығыңыз

Далада күн қатты ыстық болса, мүмкіндігінше үйде қалған жөн. Әсіресе, сағат 10:00 мен 16:00 арасында күн қатты қыза бастайды. Егер аптап ыстықта далаға шығу керек болса, қауіпсіздік шараларын сақтаңыз:

  • күннен қорғайтын крем жағыңыз;
  • бас киім киіңіз;
  • арасында салқын ғимаратқа кіріңіз;
  • ауа райына сай киініңіз (ашық және жеңіл материалдардан тігілген киімдерді таңдаңыз).

Белсенділікті алдын ала жоспарлаңыз

Жазда жаттығудан және басқа да сүйікті істеріңізден бас тартқыңыз келмейді. Ендеше, оларды жоғарыда ескерткен күннің көзі белсенді болатын сағаттардан бұрын немесе кейінге жоспарлаңыз. Жиі көлеңкеде жүруге тырысыңыз және арасында демалып тұруды ұмытпаңыз.

Суды көп ішіңіз

Суды көп ішу - ыстықтан құтқаратын ең жақсы құрал. Аптап ыстықта адам ағзасы суды әдеттегіден көбірек жоғалтады. Дәрігерлер ыстықта күніне 3 литрден аз су ішпеуді ұсынады. Ағзаға су жетіспесе, себепсіз шаршаңқылық, бетке қанның құйылуы, мазасыздық, әлсіздік болуы мүмкін.

Алкоголь мен кофеиннен бас тартыңыз

Олар ағзадан судың шығуына ықпал етеді және сусыздануға әкелуі мүмкін. Жазда бұл өнімдерді рационнан алып тастаған дұрыс. 

Салқын душқа түсіңіз

Ыстықта жағдайыңызды жақсарту үшін салқын душқа түсуге болады. Бұл дене температурасын түсірудің және сергек бола түсудің тиімді әрі жылдам әдісі. Сондай-ақ салқын душ тері сапасын жақсартады, қанайналымға жағымды әсер етеді, бұлшықеттердегі ауырсынуды басады. Алайда бұрын бұлай түсіп жүрмеген болсаңыз, бірден қатты салқын судың астында тұруға болмайды. Ағзаңызды біртіндеп үйретіңіз.

Мойныңыз бен білегіңізге салқын басыңыз

Мойныңыз бен білегіңізге салқын басу арқылы салқындауға болады. Бұл мақсатты сулы дәкені пайдалануға болады. 

Төсек-орын жабдығын дұрыс таңдаңыз

Ыстықта түнде ұйықтап кету де қиын. Төсек-орын жабдығы тыныс алатын материалдан болуы керек. Мысалы, зығыр ауаны жақсы өткізеді. Сондықтан ол терлеудің алдын алады. Сондай-ақ ыстық күндері мақта мата, жібек және бамбукты таңдауға болады.

Дұрыс тамақтаныңыз

Ыстық күндері көбірек көкөністер мен жемістер жеуге тырысыңыз. Ал қуырылған және майлы тамақтан аулақ болған жөн. Сондай-ақ тәтті газдалған сусындарды ішпеңіз. Жүрек-қан тамырлар жүйесіне түсетін күшті азайту үшін ыстық күндері темекі мен алкогольден бас тартқан дұрыс.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!