Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде Wildberries қойма инфрақұрылымын дамытуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол Wildberries-тің Қазақстандағы логистикалық инфрақұрылымын дамыту компанияның бұрын жоспарлаған жобаларының бір бөлігі екенін айтты. Оның сөзінше, Алматы мен Астанада ірі қойма кешендерінің құрылысы бірнеше жыл бұрын басталған және кестеге сәйкес жүріп жатыр.
Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Арман Шаққалиев қазір Wildberries Қазақстанда 46 мың шаршы метрге жуық жалдамалы қойма алаңын пайдаланып отырғанын еске салды.
"Келесі жылдың бірінші тоқсанында Алматыда шамамен 170 мың шаршы метр іске қосылады. Компания құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр. Астанада шамамен 100 мың шаршы метр іске қосылады. Бұл - алдын ала жарияланған жоспар. Бұл жұмыс бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді", - деді министр.
Осылайша, екі жаңа логистикалық кешеннің жалпы алаңы 260 мың шаршы метрден асады.
Айта кетейік, кейінгі апталарда Wildberries-тің Ресейдегі бірнеше логистикалық нысанында өрт шықты. Кейінірек Ресейлік БАҚ-та "Wildberries маркетплейсін дамытушы RWB тобы Қазақстаннан бос қойма іздей бастағаны" туралы ақпарат пайда болды.
Онда компания 100 мың шаршы метрге жуық алаңды жалға алу мүмкіндігін қарастырып, нарықтағы қолжетімді ұсыныстарды зерттеп жатқаны айтылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова