Ұйықтар алдында телефоннан бас ала алмай жүрсіз бе? Психолог кеңес берді

Психолог Ксения Герасимова ұйықтар алдында телефон қарау әдетінен қалай арылуға болатынын айтты. Маман KP.RU басылымына берген сұхбатында түнге дейін әлеуметтік желі ақтарып, видео көруді тоқтатудың бірнеше жолын ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Герасимованың айтуынша, ұйықтар алдында телефонды шетке қою үшін алдымен сериалдардың келесі бөлімі өздігінен қосылатын функцияны және экранға шыға беретін хабарламаларды өшіру керек. Ал телефонда ойын ойнайтындарға алдын ала шектеу қойған жөн. Мысалы, бір ғана деңгейді өтіп, ойынды тоқтатуды әдетке айналдыруға болады.

Егер ұйқыға интернет-дүкендерден тауар қарау кедергі келтірсе, психолог сатып алуды 24 немесе 48 сағатқа кейінге қалдыруға кеңес береді. Яғни ұнаған затты бірден сатып алмай, кемінде бір-екі күн күткен дұрыс. Сондай-ақ, интернет-дүкен қосымшаларында сақталған банк картасының деректерін өшіріп тастаған жөн.

Маман кешке телефон қарауға 20–40 минуттан артық уақыт бөлмеуге, ал ұйықтар алдындағы соңғы бір сағатты тыныштықта өткізуге шақырды.

Осы уақытта көркем әдебиет оқуға, жақындарыңызбен әңгімелесуге немесе көп уақыт алмайтын істермен айналысуға болады. Мәселен, жеңіл тамақ әзірлеу, сурет салу немесе пазл құрастыру пайдалы болуы мүмкін.

Сонымен қатар, психолог ұйықтар алдында бойды босаңсыту үшін жылы душ қабылдауға, жеңіл созылу жаттығуларын жасауға немесе тыныс алу жаттығуларымен айналысуға кеңес берді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!