- Негізгі бет
- LifeStyle
- Ұйқысыз түннен соң...
Ұйқысыз түннен соң теріні қалай жылдам қалпына келтіреміз?
Ұйқысыз түннен соң теріңіз шаршаңқы көрінеді және бетіңіз ісіп тұрады. Ісінуді баспас бұрын оны болдырмауға тырысыңыз. Мысалы, күннің екінші жартысында тұзды тамақты көп жемеңіз және ұйқы режимін сақтаңыз. Алайда қандай да бір себеппен толыққанды ұйқыдан бас тартқан болсаңыз, жылдам қалыпқа келуге көмектесетін әдістерді ұсынамыз.
Гуаша құралымен массаж жасау
Гуаша құралымен массаж жасау лимфа айналымын іске қосады. Қан айналым күшейеді, тері реңкі тегістеледі. Тері тартылып, бет пішіні анық бола түседі. Ғаламторда бұл құралды қалай қолдану керегі жайлы ақпарат көп, алайда сіз оны қолыңызға ұстаған кезде интуитивті түрде қалай қозғау керегін өзіңіз-ақ түсініп аласыз. Массажды жасамас бұрын бетіңізге крем немесе май жағып алыңыз. Сондай-ақ бетіңізге салқын мата маска қойып, соның сыртынан осы құралмен массаж жасауға болады. Бұл ісінуді басуға және теріні ылғалдандыруға көмектеседі.
Патчи
Көздің ісуін кетіруге көмектесетін тағы бір күтім құралы – ол патчилер. Ол теріні ылғалдандырады. Ол лимфа айналымын ынталандыруы үшін оны салқын күйінде қолданған жөн. Сондықтан патчиді тоңазытқышта сақтаңыз. Алайда патчиді көзіңіздің астында 15 минуттан артық ұстауға болмайды. Себебі ол теріні ылғалдандырады, бірақ ұзақ тұрса, кебе бастайды да, ылғалды кейін қарай өзіне ала бастайды.
Мұз текшелері
Мұзбен массаж жасау лимфа қозғалысын іске қосады және одан кейін ісінудің кеткенін байқауға болады. Алдын ала түймедақ немесе жалбыз қайнатпасын дайындап, оны мұз текшелері тұратын ыдысқа құйып, мұздатқышқа қатырып қойыңыз. Содан соң көзіңіз іскен күні мұздатқыштағы дайын мұз текшесін алып, онымен көзіңіздің астын жайлап сүртесіз. Мұзды 5 минут қолданғанның өзі жеткілікті. Бастысы, мұз текшелерін теріге ұзақ сүртуге және бір орында ұстап тұруға болмайды.
Оқи отырыңыз: Түнде ұзақ жұмыс істеу несімен қауіпті?
А. Жапатова