Үйден жұмыс істегенде уақытылы тамақтанбау өздігінен қант диабетін тудырмайды. Алайда ағзаның қантты сіңіру қабілетіне кері әсер етуі мүмкін. Бұл туралы "Медицина" АҚ эндокринологы, медицина ғылымдарының кандидаты Наталия Тананакина ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігер "Лента.ру" басылымына берген сұхбатында түскі асты ішпей, кешке тойып тамақтанудың ағзаға әсері күндіз уақытылы тамақтанудан өзгеше болатынын түсіндірді. Оның айтуынша, ұйқының қанбауы да ағзаның инсулинге сезімталдығын төмендетеді.
"Кейбір зерттеулер уақытылы тамақтанбаған жағдайда ағзаға бірдей мөлшердегі асты қорыту үшін көбірек инсулин қажет болатынын көрсетті. Бірақ ашқарындағы қандағы қант деңгейі өзгермеген. Бұл ағзаның инсулинге сезімталдығы төмендегенін білдіруі мүмкін. Дегенмен мұндай өзгеріс міндетті түрде қант диабетіне әкеледі деген сөз емес. Тамақтану тәртібін сақтау маңызды, бірақ дұрыс тамақтануды алмастыра алмайды. Артық салмақ, тұқымқуалаушылық және қимыл-қозғалыстың аздығы да елеулі рөл атқарады", – деді маман.
Эндокринологтың айтуынша, үйден жұмыс істеудің қауіптілігі жұмыс орнында емес, күнделікті әдеттерде жатыр. Ұзақ уақыт тапжылмай отыру, компьютер алдында тамақтану, кешкі асты тым кеш ішу және ұйқының қанбауы денсаулыққа кері әсер етеді.
Мұндай жағдайда адам байқамай шамадан тыс тамақтанып қоюы мүмкін. Алайда қашықтан жұмыс істейтіндердің бәрін қант диабетіне шалдығу қаупі жоғары топқа жатқызу дұрыс емес.
Түскі астан кейін ұйқы қысу, тәттіге құмарлық пен әл-қуаттың бірде артып, бірде төмендеуі инсулинге төзімділіктің нақты белгілері емес. Сондықтан тек осы белгілерге қарап диагноз қоюға болмайды.
Дәрігердің ескертуінше, диабетке дейінгі жағдай көбіне еш белгісіз дамиды. Ал қатты шөлдеу, жиі зәр шығару және себепсіз салмақ жоғалту байқалса, тезірек дәрігерге қаралу қажет.
Маман денсаулықты сақтау үшін тамақты уақытылы ішіп, негізгі асты үнемі түнге қалдырмауға кеңес береді. Дегенмен тамақтану тәртібінің өзі жеткіліксіз. Күнделікті қозғалысты көбейту, жеткілікті ұйықтау және артық салмақ болған жағдайда оны азайту да маңызды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!